Үндістанда еріктілер бір тәулікте 50 миллион көшет отырғызды. Елді абаттандыруға арналған акцияға қарапайым халықтан бастап, мемлекеттік шенеуніктерге дейін бас-аяғы 800 мыңнан астам адам атсалысыпты.
2013 жылы Пәкістандағы 850 мыңға тарта ағаш отырғызылған шара Гиннестің рекордтар кітабына енген еді. Үндістандықтар оларды әлденеше есе басып озып, рекордтар кітабын жаңартып отыр.
– Жуырда Парижде өткен халықаралық конференцияда Үндістан 2030 жылға дейін жасыл желекті аймақтардың аумағын 95 миллион гектарға ұлғайту туралы міндеттемені мойнына алды. Осы шара үшін 6,2 миллиард доллар қаражат та бөлінді. Біз бүгінгі шараны өткізу арқылы сол міндеттемемізді орындауға тырыстық,– дейді акцияны үйлестіруші Акхылеш Ядав.
Үндістанның Гвалихор, Аллахабад, Патна, Райпур, Лудхиана және Дели қалалары әлемнің ең лас қалаларының алғашқы ондығына кіретінін айта кету керек.
Нұртөре САМАРҚАН