Биылғы «Coca-Cola Былғары Доп» балалар-жасөспірімдер турнирі қазақ футболының отаны саналатын Семей қаласында өтті.
Турнирдің балдырған балаларға арналған ойындары Семейдегі «Турист» және «Цементник» спорттық нысан алаңдарында, ал финалдық жекпе-жек «Спартак» стадионында ұйымдастырылды.
Осы жолы «Coca-Cola Былғары Доп» турнирінің бас жүлдесін Қарағанды және Атырау облыстарының балғын футболшылары финалдық кездесуде өзара сарапқа салды. Тартысты өткен ойынның негізгі уақыты 1:1 есебімен тең аяқталды. Ал кездесуден кейінгі жеңімпазды анықтаған пенальти сериясының нәтижесінде қарағандылық жас футболшылардың бағы жанды. Қорытынды есеп – 6:5.
Жарыстың марапаттау рәсіміне еліміздің танымал футболшысы, өзінің спорттық мансабын Семейдің «Елім-ай» командасында бастаған, Еуропа чемпионатының іріктеу ойындары аясында Қазақстан құрамасының алғашқы голын соққан Андрей Карпович қатысты.
Жалпы бұл турнирге жыл сайын еліміздегі 6200 мектептің 400 мыңнан астам оқушысы қатысады. Өзінің он жылдық тарихында «Coca-Cola Былғары Доп» жарысында жасыл алаң үстінде бір миллионнан аса бала доп теуіпті.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ