Кездесу барысында К.Мәсімов Елбасына ел дамуының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, басты мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы, сондай-ақ, Жер реформасы жөніндегі комиссияның қазіргі қызметі туралы баяндады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы жыл соңына дейін бірқатар маңызды міндеттерді шешуді қамтамасыз ету қажеттілігін атап өтті.
– Біріншіден, экономикалық көрсеткіштердің төмендеуіне жол берілмеуі тиіс, ол үшін барлық жағдай жасалған, қажетті қаражаттар бөлінген, жұмыстың тиісті бағыттары анықталған. Екіншіден, астық жинау мен күзгі-қысқы кезеңге дайындық мәселелеріне назар аудару қажет. Сонымен бірге, ЭКСПО-2017 көрмесі мен 2017 жылғы қысқы Универсиадаға әзірлікті жалғастыру керек, – деді Қазақстан Президенті.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев елдің одан әрі индустриялық-инновациялық дамуын қамтамасыз ету және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру үшін шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ, Елбасы жуық арада Жер реформасы жөніндегі комиссияның жұмыс нәтижелерін ұсынуды тапсырды.
– Тамыз айының соңында біз Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, алдын ала қорытындыларын жасау және әрі қарайғы іс-қимылды айқындау үшін барлық аталған мәселелердің шешімін әзірлеуді сұраймын, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.
Суретті түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ