Жуықта Женевада жұмыс сапарымен болған Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесулер өткізді, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.
БҰҰ бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры Майкл Мёллермен кездесу барысында халықаралық күн тәртібінің өзекті проблемалары, БҰҰ-ның Қарусыздану жөніндегі конференциясының қызметі бойынша пікір алмасу болды. М.Мёллер Қазақстанды 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануымен құттықтап, елімізге осы жауапты миссияны жүзеге асыруда табыс тіледі.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» манифесінің негізгі ережелеріне әңгімелесушінің назарын аудара отырып, Қ.Тоқаев Қазақстанның бастамасы бойынша 2015 жылғы 7 желтоқсанда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы қабылдаған Ядролық қарудан азат әлем құруға қатысты жалпыға бірдей декларацияны іске асырудың маңыздылығын атап көрсетті. Сенат Төрағасы БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесінің басшысын Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 25 жылдығына байланысты ағымдағы жылғы 29 тамызда Астанада өтетін «Ядролық қарусыз әлем құру» атты халықаралық конференцияға шақырды.
Дүниежүзілік сауда ұйымының Бас директоры Роберто Азеведомен кездесу барысында жаһандық саудадағы негізгі үрдістер, экономикалық реформалар, инвестициялық саясат және экономиканың басым секторларын қолдау шаралары туралы әңгіме болды. Қ.Тоқаев Р.Азеведоға Президент Н.Назарбаевтың сәлемін жеткізе отырып, IX Астана экономикалық форумына нәтижелі қатысқаны үшін алғыс білдірді. Сенат басшысы Р.Азеведоға 2017 жылғы маусымда Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрменің ашылуына арналған іс-шаралар жайлы айтып берді.
Жоғарғы палата Төрағасы қазақстандық депутаттардың үкіметпен және бизнеспен өзара іс-қимыл жасай отырып, еліміздің ДСҰ-ға мүше болуы жағдайындағы ұлттық экономикамыз үшін қатерлерге де, мүмкіндіктерге де тұрақты негізде талдау жүргізетінін атап өтті. Жаңа парламенттік сессияда Парламенттің заң шығару қызметінде бәсекеге қабілеттілікті арттыру басым бағыт болып қала бермек. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық қаржылық рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында бірыңғай салық және кеден кодексі қаралатын болады. Монополияға қарсы сала реформасы да жалғасын таппақ.
Қ.Тоқаев Халықаралық Қызыл Крест комитетінің президенті Петер Маурермен де кездесті. Қазақстан Сенатының Спикері ХҚКК-ның қарулы қақтығыстар жағдайында адамдардың өмірі мен абыройын қорғау, гуманитарлық көмек көрсетуді қамтамасыз ету, сондай-ақ, халықаралық гуманитарлық құқықтың негізгі ережелерін әзірлеу және іске асыру жөніндегі айрықша маңызды қызметін атап көрсетті. Сенат Спикерінің пікірінше, Қазақстанның 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын, сондай-ақ, қазақстандық әскери қызметшілердің халықаралық бітімгершілік миссияларға қатысуы арта түскенін ескере отырып, қазіргі кезеңде Қазақстан мен ХҚКК-ның
өзара іс-қимылы ерекше маңызға ие болуда.
Қ.Тоқаевтың БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының Атқарушы хатшысы Кристиан Фриис Бахпен кездесуінде БҰҰ-ның өңірлік жобалары туралы, атап айтқанда, Орталық Азия экономикалары үшін арнайы бағдарлама (СПЕКА) туралы пікір алмасу болды. Сенат Спикері су ресурстарын басқару, Арал өңірін оңалту, энергетиканы дамыту проблемаларына және басқа да мәселелерге әңгімелесушінің назарын аударды. Қ.Тоқаев оған Қазақстанда еліміздің экономикасы мен қоғамдық
тыныс-тіршілігін жан-жақты жаңғыртуға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының іске асырылып жатқандығы жайлы айтып берді.