Бейсенбі күні Қазақстан Республикасының Грек Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Волков Грек Республикасының Президенті Прокопис Павлопулосқа сенім грамотасын тапсырды. Салтанатты шара Афинадағы Президент сарайында өтті.
Сенім грамотасы тапсырылғаннан кейін Грекия басшысы қазақстандық елшіні қабылдап, өзара сұхбат барысында лауазымға тағайындалуымен құттықтай келіп, Қазақстан-Грекия ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға бағытталатын жұмысына сәттілік тіледі. Прокопис Павлопулос грек тарапы екіжақты қатынастарды жан-жақты дамытуға қызығушылық танытып отырғанына тоқталды.
Ал Қазақстан елшісі Грекия секілді тарих пен мәдени мұраға бай мемлекетте қызмет жасау үлкен мәртебе және зор жауапкершілік екенін атап өтті. Алексей Волков Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ыстық ықыласты сәлемін жеткізді. Екіжақты қатынастарды әрі қарай өрбіту перспективаларын талқылап, шарттық-құқықтық базаны кеңейту, туристік мүмкіндікті жаңа деңгейге көтеру, қазақстандық-грекиялық сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын дамыту мәселелерін атап өтті елші, сондай-ақ, Грекия тарапын 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын қолдағаны үшін алғыс білдіріп, Грек Республикасының ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысу, екі мемлекет арасындағы жоғары деңгейдегі байланыстарды жандандыру жайында сөз қозғады.
Өз кезегінде Грекия Президенті Қазақстанның халықаралық аренадағы жетістіктерін жоғары бағалап, Грекияның Қазақстан Республикасымен саяси және экономикалық байланыстарды нығайтуға мүдделі екендігін тағы да айрықша атап өтті. Кездесу соңында Грекия басшысы елші Алексей Волковтан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жылы сәлемін жеткізуді өтінді.
«Егемен-ақпарат»