Біздің ұлан-байтақ жерімізде туристер түгіл, зерттеуші ғалымдардың табаны тимеген тылсымы мол, қойнауының қалтарысындағы қатпарларының шашауы шықпай, жұмбағын жасырып жатқан жерлер баршылық. Соның бірі – Торғай өңірі. Осыдан бірнеше жыл бұрын ғарыштан түсірілген суреттер Торғай даласында әлемге әйгілі Наска геоглифтерімен пара-пар бірнеше геоглифтер жүйесінің бар екенін әйгіледі. Жаңалықтың өзгешелігі мен мәнінің маңызы соншалық, оған шетелдік ғалымдар тарапынан үлкен қызығушылық туындап, ол Ыстанбұлда өткен Еуропа археологтары қауымдастығының форумында басты сенсацияға айналды. Құлпына кілт табылмаған құпиясы, ақиқаты аңдалып, сырын сыртқа шашпаған Торғай геоглифтері туристерді өзіне тартуда. «Дубай, Дубай дегенше, Торғай жақын десейші» деген торғайлықтар туристерге Торғайға кел дейді. Біздің тілшіміз осы игілікті істі бастап, ішкі туризмді дамытуға өз үлесімді қоссам дейтін азамат – Амандық Әмірхамзинмен әңгімелескен болатын.
– Амандық Қорғанұлы, «Тылсым Торғайға Тур» идеясының тууына не себеп? Әңгімені ең басынан, идеяның өзінен бастасақ қайтеді?
– Былтырғы көктемде Торғайда ақбөкендердің қырылып жатқандығы туралы сан-саққа жүгірген әңгімелер гу-гу етті. Міне, сол уақытта елден хабар алу деген тіпті мүмкін емес еді әрі шынымды айтсам, ол кезде мен басқа салада жұмыс істейтін едім. Содан ауылдас інілерім – Абылай Мауданов, Қайрат Бекболат және өзімнің туған інілерім –Талғат пен Жәнібек бар бәріміз бірігіп, әлеуметтік желі – Фейсбукте «Топжарған» деген топ аштық. Топта хал-қадерімізше бірталай мәселелерді қозғап, 1500-ге тақау адамды тартып, олардың Торғайға қатысты қызығушылығын оята білдік. Кейін осында қозғалған проблемалар біздің келесі сатыға көтерілуімізге – «Тобыл-Торғай» сайтының тууына алып келді. Бұл екеуінің ешқандай да коммерциялық мақсаты жоқ, тек жұртшылықтың рухын арттырып, танымдық тұрғыда Торғайды таныта түссек, сөйтіп Торғайдағы үлкенді-кішілі мәселелерге елдің назарын аударсақ деген ниет болатын. Тәбеттің асты көрген кезде ашылатыны тәрізді, бара-бара туған жерден тыс, Астанада жүріп те елге жәрдеміміз тисе деген ойдың аясы кеңи түсті. Енді ақпараттық, танымдық тұрғыдан гөрі нақты іс жасайық деген ұйғарымға келдік.
Неден, қалай бастаймыз дегенде, кезінде Индустриялар және жаңа технология министрлігінде қызмет еткенім көмекке келді. Сонда жүріп, соңғы үш жылда ішкі туризм жайында біраз зерттеулер жүргізген едік. Осы зерттеулердің маған ашқан жаңалығы аз болмады. Қазақстанның ішкі туризмін дамыту жөнінде шеберлік сыныптары өткізілгенде біраз өлкелердің туризмді дамыту жұмысына қатысқан едім. Сол кезде неліктен бізде, Қостанай облысында ішкі туризмге көңіл бөлінбейді деген ой келгені бар. Енді сол ойды жүзеге асырсақ деп «Тылсым Торғайға Тур» атты жаңа жобаны қолға алу керек деп шештім.
– Ойдың келуі бір басқа, ал оны жүзеге асыру уақытты да, қаражатты да қажет етеді емес пе?
– Әрине, «Топжарған», «Тобыл-Торғайдан» кейінгі «Т» әрпінен басталатын үшінші жобамыз едәуір қаражатты да, уақытты да талап етті. Біз бұрын турист емес, өзіміз білетін жолмен ауылға барып-қайтатын қазақ болсақ, енді турист апаруымыз керек. Ал турист деген қандай жан? Ол – кірпияз, кінәмшіл, ақшамды төледім, маған енді дұрыс жағдай жаса деп талап ететін адамдар. Ең бірінші жолы біз туристердің жартысын машинамен, жартысын пойызбен Арқалық қаласына дейін жеткіздік. Ал дұрысы – шаршатпай пойызбен Арқалыққа дейін жетіп, арғы маршрутты машинамен жалғау екен. Тыңнан түскен жоба болғандықтан, біз алғашқы жолы туған қиындықтардың бәрін ескеріп, қанша дайындалып шықтық дегенмен, екінші жолы да басқа ойласпаған мәселелер туып жатты. Мәселен, барлық қашықтықты артқа тастап, негізгі базамыз – Көкалат ауылына 50 шақырым қалғанда көлігіміз батып қалды. Бірақ, ауылдан техника жетіп, шығарып алды.
Алғашында турды ойлап тапқан кездің өзінде біз белгілі бір тәуекелге бел буған едік. Алайда, бірінші тур жоспардағыдан да сәтті өтті. Бес турист апарып, бес күн қондық. Танысу турының өзінен сұраныстың барын байқадық. Жаппай қызығушылық туады, барлығы бірдей Торғайға ағылады деп айта алмаймын. Себебі, жол мойыны қашық және оның сапасы да сын көтермейді. Есесіне экстремалды тур. Кешенді түрде сұранысты қамти алатындай болдық. Құмкешу құмдарын көрсетіп, туристеріміз ыстық құмды кешіп, суретке түсті. Ол жердің құмы Дубайдан кем емес. Содан ғой «Дубай, Дубай дегенше, Торғай жақын десейші» дейтініміз.
– Жалпы, туристер «Тылсым Торғайға Тур» сапарынан нені көріп, нені біліп қайтады?
– Қостанай облысы аумағының жартысына жуығын Торғай өңірі алып жатыр. Ал әрбір көзі ашық, көкірегі ояу жан Торғайдың халқымыздың тарихындағы орнын біледі. Талай ұлттың ұстындарын берген ғажайып өлкенің табиғаты да сан түрлі, ал мәдени-тарихи құндылықтарын тізбелеп айтып тауысу тіпті мүмкін емес.
Торғай тылсымы таусылмаған, тіпті мұрты бұзылмаған өлке. Мәселен, Торғай геоглифтерін алайық. Олардың қатары 300-ге таяу, дәлірек айтқанда 296 және олар шашыраңқы орналасқан. Бұл жерде туындайтын проблема оларды жерден көрудің қиындығы. Әуеден ап-анық көрінетін геоглифтер жанына келсең төбешіктер ғана тәрізді. Біз оны алғаш рет барып зерттеген ғалым Дмитрий Деймен тұрақты байланыстамыз. Сол кісімен ойласа, ақылдаса келе біз туристерге танысуға «Үштоғай төртбұрышы» ең қолайлы, ыңғайлы болады деп шештік. Ондағы 101 геоглифтерді туристер өз көздерімен көре алады.
Осы бір әлемде сирек кездесетін құбылыс тек біздің елімізде және Перудегі Наскада ғана бар. Бұл – Қостанай облысы үшін ғана емес, Қазақстанға шетелдік туристерді тартатын визитті карта бола алатын жер. Ал оны неге өзгелердің назарына ұсынбаймыз? Сондықтан саяхатшыларымызды «Үштоғай төртбұрышына» апардық. Алған әсеріміз ерекше. Осы араға барғанымызда бір емес, қатарынан бірнеше компастың тілі істемей қалды. Бас-аяғы жарты сағат болғанымызбен, уақыттың ұзаққа созылғаны соншалық, жарты күнімізді сонда өткізгендей әсер алдық. Әйтеуір, әсері ерекше. Кезінде жергілікті тұрғындар сол жерден мүлде тот баспаған қылыш тауып алған екен. Кейін «үш әріптің» адамдары соңына түсіп, ақыры қылышты тапсыртыпты дейді. Шын мәнісінде жұмбағы көп, ерекше аурасы бар, адамды өзіне ерекше баурайтын жер.
– Жалпы, ішкі туризмді дамытудың кілтипаны көп болуы тиіс, жоғарыда өзіңіз айтқандай, туристер қызмет көрсетудің жоғары сапасын күтеді. Ақшасын төлегесін ол заңды да ғой. Ал жергілікті тұрғындардың қызмет көрсету деңгейі қаншалықты?
– Дұрыс айтасыз, кілтипаны көп. Оның үстіне жаңадан бастаған іс болған соң, тәжірибеміз де кемшіндеу. Бірақ, ниет дұрыс, біз бастамасақ кім бастайды? Туристерді апара отырып, елдің хал-ахуалын жақсартайық деген оймен кірісіп кеттік. Ол қалай жүруі тиіс? Мәселен, турға барған турист қосымша қаражат апарады, сәйкесінше ауыл тұрғындары өз табиғи өнімдерін сата алады, айналып келгенде қосымша жұмыс орындары пайда болып, бюджеттің де бір бүйірі толығады.
Тур басталатын Арқалық қаласындағы дала-өлкесі мұражайының экспонаттары мол, өте мазмұнды. Кезінде Өзбекәлі Жәнібековтің үлкен қажыр-қайратының арқасында жинақталған сирек кездесетін экспонаттары көруге тұрарлық және одан бері де тынбай толықтырылған музейдің көрсетері көп үлкен тағылым ордасы. Аманкелдіде – екі, Жанкелдин ауданының орталығы Торғайда алты музей бар. Оның сыртында Көкалатта, Кеңшілік пен Серік туған Ақшығанақта да, Қайнекейдің Шилісінде де музейлер бар. Осының бәрі де көрсетуге тұрарлық. Ахмет, Міржақып, Шақшақ Жәнібек, Құтан әулие сияқты тұлғалар туған өлке сырға тұнып тұр.
Жалпы, Торғай жерінің табиғатының өзі ерекше, әр жиырма шақырымының бір-бірінен айырмашылығы бар. Көктемде дала төсінде қызғалдақтан өрілген кілем қандай, тек Торғайда кездесетін реликт өсімдіктері, аңы мен балығы қандай! Бұл бір жағынан этнотуризм. Салт-дәстүрді көрсетудің өзі бір әңгіме. Кілем тоқу салты басқа жерлерде ұмыт бола бастаса, Торғайда ол әлі бар. Арабы кілем дейтін түрін өз басым Торғайдан басқа жерден көрген жоқпын. Менің өзім кілемнің бір шетін шығарып, тоқып кете аламын.
Мұндай шаруаны атқару бір адамның қолынан келмейтін болған соң, ауылда шаруашылығы бар тетелес екі інімді тарттым. Туристер атқа отырып сейілдеп, қымыз-шұбат ішіп, бұқпа жеп, балық аулайды. Оның үстіне ауылымызда туыс ағайымның дала аңдарын қолға ұстайтын мини-зообағы бар. Туризмнің ендігі бір пайдасы – адамдарды қосымша жұмысқа тарту болса, ауылына сырттан адам келгенінің зияны жоқтығын түсінген ауылдастарым жағалай үйлеріне жөндеу жүргізіп, маңайларын көркейтіп дегендей, туристерге жағдай тудыруға тырысып жатыр. Біздің ауылдағы үйлерде жылы су, суық су, ванна, әжетхана ішіне кіріп тұр.
Негізі шындығын айтқанда, ішкі туризмге өз деңгейінде мән берілмей отыр. Мүмкін қолға алып, шындап кіріссе, дамытуға болар. Қазір біздің жобаға қызығушылық танытып жатқандар бар. Қостанай облыстық кәсіпкерлік басқармасы меморандум жасайық десе, «ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы да хабарласуда. Өз басым жылына бір рет шетелге, екі рет ішкі туризммен шығамын. Біздің туризм мен шет елдің туризмінің айырмасы жер мен көктей. Көбісі бізде инфрақұрылым нашар, жол жаман деп жатады. Негізі туристер үшін мұның бәрі керек емес. Қазір адамдар керісінше экстримге құмар. Мысалы, былтырғы жылы атақты актер Леонардо ди Каприо 90 мың АҚШ долларын төлеп, Моңғолия жерінде демалған еді. Бұл экстрим емей немене?! Ал бізге 5 күнге бір адам 55 мың теңге төлейді. Адам сенбі-жексенбі күндері толық тынығып, күнделікті үйреншікті ортадан толықтай өзгеше жерде демалса, ол бір ай тыныққандай тыңаяды.
Біз ауылда екі күн бойына киіз үйде тынықтырып, бұқпасын беріп, зообақты тамашалатып, балығын аулатып, атпен серуендетіп, арасында қонақжай ауылдастарымыз дастарқандарын жайып қонаққа шақырып, ән айтып, ауылдың алты ауызынан кейін қонақкәде сұрап, туристі әбден басқа ортада тынықтырамыз да, ертеңіне 6 музейі бар тарихи Торғайға апарамыз. Шақшақ Жәнібек, Ахаң мен Жақаң, қоңырауының үнімен сахараны оятқан Ыбырай Алтынсарин музейлерін көрген туристер таң-тамаша болады. Тек бір назар аударатын мәселе – олардың барлығы дерлік жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұр.
Ішкі туризмнің сыртқы туризмге қарағанда бағасы қымбат дейтіндер көп. Неліктен біздің елдегі саяхат бағасы удай қымбат? Себебі, бізде бірізділік жоқ. Екі-үш ай ғана туристерді қабылдайды да, қалған уақытта бос отырады. Сөйтіп, туристер қатынамайтын айлардағы тұрмысын осы кезеңде қамтып қалуды ойлайды. Осыдан барып шарықтаған баға адамдардың аяғын тұсайды. Сол себептен қыс мезгілінде де өзгеше бірдеңе ойлап табуға болады емес пе? Әлемде қаншама адам қарды көрмейді. Олар үшін бізде бар дүние таңсық. Тек ұсына білсек болғаны. Жалпы, турист қай жерге барса да бұрын көрмеген жаңалық іздейді, бұл халықтың өмір сүру дағдысы, тұрмысы, әдет-ғұрпы қалай екен деп елеңдейді. Мәселен, далада өсіп тұрған тобылғыны сап етіп, қайыстан қамшы өру біз үшін түк емес болса, шетелдік үшін экзотика. Ал бұл ретте біздің көрсетеріміз өте көп. Этнотуризмді дамыту дегеніміз, шетелдіктің ақшасын өз үйіңде отырып-ақ қалтаңа басу. Қазақ қалауын тапса қар жанады дегендей, ішкі туризмді дамыту арқылы тәжірибе жинақтап, сырттан туристер шақыратын күнге де жетуге әбден болады.
Осы жобаны бастау үшін ешкімнен ешнәрсе сұраған емеспіз. Әрине, қолдау болып жатса бас тартпас едік. Бізде жол бойында кемпингтер жоқ. Егер оларды салу қымбат десек, киіз үйлер қалашықтары болса. Сондай-ақ, аң, балық шаруашылығын дамыта түсуге қолдау керек. Ресейден келгісі келетіндер бар. Венгрия елінің елшілігі хабарласты. Қызығып отыр. Енді осы ретте алыстан келетін туристер үшін адам аяғы баспаған жерлерді, қызықты дүниелерді көрсеткіміз келеді. Біз үшін күнделікті дүниелер өзгелерге қызық, біреулерге ыстық та болады. Туған жерінен ертеде кетіп, енді есейгенде барып көргісі келетіндер бар. Туыстарымыз жоқ еді, елге барсам дейтіндер аз емес. Осы тұста тағы бір нәрсені айта кеткім келеді. Мысалы, біздің жерімізге Ресейден аңшылар, балықшылар көп келеді. Олар өз беттерімен келе бермей, тіркеліп, қасқыр атса соған лицензиясын алып, заңды түрде белгілі мөлшерде салығын төлесе немесе біздің компаниялар арқылы келіп-кетуін реттесе болар еді. Әйтпесе, емін-еркін жүріп, ерсілі-қарсылы өтіп, аңымызды атып, құсымызды қармап өздерінің қызығымен ғана жүр.
Әңгімелескен
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»