Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин таяуда өткен «Ақмола облысының өнеркәсіптік әлеуеті» аймақтық форумында журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Астана маңындағы елді мекендердің жер мәселесіне қатысты өз пікірін білдірді.
2014 жылдың қазан-қараша айларында жүргізілген мониторинг аясында уәкілетті мемлекеттік органдар Целиноград ауданының жер қатынастары саласына тексеру жүргізіп, оның қорытындысы бойынша жер заңнамасын бұзу деректері анықталған, деп хабарлайды облыс әкімдігі.
Атап айтқанда, жерге жалған мемлекеттік актілер жасалғандығы белгілі болды (Қоянды, Қосшы, Талапкер, Қажымұқан, Қараөткел ауылдары). Мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардың бұрынғы лауазымды тұлғаларының және Целиноград ауданының ауылдық округтері әкімдерінің ойдан құрастырылған тұлғаларға арнап дайындаған 2005-2007 жылдар аралығындағы жалған өкімдері табылған. Бұл өкімдер арқылы әрі қарай жерге мемлекеттік актілер дайындалып, жер-кадастрлық іс жүргізусіз әділет органдарында заңсыз тіркеліп отырған. Осы сызба бойынша шамамен 200 жер телімі таратылыпты. Бұған қоса, жерге орналастыру жобасын бекіту үшін жалған бұйрықтар жасау жолымен жерді заңсыз иелену деректері де анықталып отыр.
Ақмола облысының әкімі осы деректер бойынша 2014 жылдың 20 желтоқсанында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік атына тиісті тексеру жұмыстарын ұйымдастыру туралы хат жолдаған.
Қазіргі уақытта Бас прокуратура бұл деректер бойынша тергеу жұмыстарын жүргізіп, заңсыз әрекеттердің орын алуына жол берген бірқатар бұрынғы басшылар мен лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық істер қозғады. Ал алаяқтық әрекеттерден жапа шегіп қалған азаматтар өз құқықтарын тек сот тәртібімен ғана қорғай алады.
Сондай-ақ, 2014 жылдан бері Целиноград ауданының Қоянды ауылында мемлекетке тиесілі жерлерді өздігінен иемденіп алу жағдайларын шешу бойынша жүйелі жұмыстардың басталғанын атап өткен жөн.
Жалпы, түсінікті болу үшін айта кетейік, 2007 жылдан бастап Қоянды ауылында 19,5 гектар аумақтағы 195 жер телімін заңсыз иемденіп алу дерегі орын алған, мұның 108 жер телімі мемлекеттік иеліктегі, ал 87 жер телімі жеке тұлғалардың жерлері.
Облыс әкімдігі бұл мәселені шешудің баламалы әдісі ретінде, Қоянды ауылының мемлекеттік жоспарының бөлшекті жобалауына өзгертулер енгізді, яғни салынған тұрғын үйлер мен жобаланған жолдардағы қызыл жолақтар есепке алынған.
Бүгінгі күні жеке тұрғын үй құрылысына арналған мақсатты жер телімдері сараланып, шекара телімдері қайта бөлінді, жер телімдері иелерінің азаматтық-құқықтық мәмілеге келулері үшін мүмкіндік беру мақсатында жерге мемлекеттік актілер дайындалды.
Жерге мемлекеттік құқық бұзушылықты жою үшін ауданның жергілікті атқару органы осыған дейін меншіктеліп алынған мемлекет үлесіндегі жер телімдерін мемлекет қажеттілігі үшін қайтарып алуға жататын жеке тұлғалардың жерлерімен барабар айырбас жасады.
Бүгінде 168 жер телімдері бойынша азаматтық-құқықтық мәмілелер жүзеге асырылған, қызыл жолақтарда орналасқан 6 жер телімі бойынша белгісіз тұлғалардың заңсыз орнатқан іргетастары сүріліп тасталды.
Қалған 21 жер телімі бойынша меншік иелері мен иемденіп алушы субъектілер арасында сатып алу-сату шарттары түзілетін болады.
2014 жылдан бері Астана қаласының маңындағы аймақта, атап айтқанда Қоянды ауылында жер телімін заңсыз иемденіп алудың жаңа дерегі тіркелмеген. Жергілікті атқару органдары құқық қорғау құрылымдарымен бірлесіп елді мекендерге тұрақты мониторинг және осыған ұқсас деректерді болдырмау мақсатында түсінік жұмыстарын жүргізіп отырады.
«Адамдар кінәлі емес, олар адал ниетпен сатып алған және өкінішке қарай, алданып қалған. Мен әу бастан солардың жағында болғанмын. Біз ымыраға келу шешімдерін іздеудеміз және табамыз деген ойдамыз. Адамдарды ренжітуге болмайды, олардың еш кінәсі жоқ», деді әкім.
Өңір басшысы сөзінің соңында тиісті қызметтерге бұл мәселені толық зерделеуді тапсырып, заңдық тұрғыда шешілуі үшін нақты уақыт белгілеп берді.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы