• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
27 Шілде, 2016

Бекіреден ет жейміз

752 рет
көрсетілді

Қарағандыда балықтың осы түрі өсіріле бастады Арқада мынадай әңгіме бар. Баяғыда біздің жақтың жігітіне тиген батыс өңірдің бір қызы: «Бекіренің басын жеген қайран басым, сасық қойдың басын жеп қор болдым-ау», депті-мыс. Осы сөздің бекер еместігін біз қазір біліп жүрміз. Парқына көз жеткізгіңіз келсе, бекіре мен қой етінің баға­сын салыстырып көріңіз. Қой еті­нің қазіргі бағасы мың теңгенің мұғ­дарында. Ал бекіре балықтың бір килосы нарықта 4-5 мың тең­ге­ге барып тұмсық тірейді-ау... Енді бір аз ғана уақыттан кейін бекіре балықтың Арқа жұртына таңсық болудан қалатын түрі бар. Олай деуге негіз де жоқ емес. Дми­трий Әбілдин деген кәсіпкер Қарағандының іргесіндегі Үштөбе ауылының маңынан балық өсіретін шаруашылық ашты. Екі жылға ұласқан еңбек далаға кетпепті. Таяуда осы бірегей кәсіп­орын көп­тен күткен шаруаны іске асырды: арнайы хауыздарға балық шабақ­тары жіберілді. Бұлар кәсіпорынның тапсырысы бойынша Шымкенттегі тәлімбақта өсірілген 15 мың сібір бекіресі болатын. «Кәсіпорын өзі­нің толық қуатына шыққанда, – дейді кәсіп­кер сенімді түрде, – жылына 45-50 тон­на баға­лы балық етін өнді­ретін болады. Бас­сейн­дер санын 13-ке жеткізу де ойда бар». «ҚазАгроҚаржы» лизингтік ком­­­па­ния­сы көрсеткен қолдаудың арқа­сын­­да ба­лық фермасы Лат­вияда әзірлен­ген ­жо­баға сәйкес еуро­палық заманауи құ­рал-сай­ман­дармен жаб­дықталған. «С­үрін­­бейтін тұяқ жоқ» демекші, адам бала­сы кейде мей­лінше ыж­дағаттылықты қа­жет ететін жұмыс барысында қа­те­­лесуі мүмкін. Осының алдын алу мақ­са­ты­н­да кәсіпорындағы бас­­қару жү­йесі барынша автомат­тан­ды­рыл­­ған. Арнайы компьютерлер су­дың көлемі мен ғимараттағы ауа­ны реттеп тұрады. Бұған ұсақ ша­бақ­­тарды белгілі уақытында қорек­­тен­діріп отыруды қосыңыз. Ал осын­дай аса жауапты міндеттің бәрін Ресейдің Астраханынан арнайы шақ­ырылған маман атқарады екен. «Өзімнің тәжірибемнен ұққа­ным, бизнестің екі түрі бар, – деп сыр бөліседі кәсіпкер Дмитрий Әбілдин. – Біріншісі – таптаурын болған жол. Бұған төгіп ақша да сал­майсың, тәуекелі де аз. Алай­да, оның әкелер пайдасы да шектеулі. Екіншісі – тыңнан жол салу. Мұның тәуекелі де жоғары, қаржыны да молынан салу керек. Бірақ, түбі табысқа кенелеріңіз анық». Кәсіпкер бұл шаруаны бастамас бұрын көп ізденіпті. Еуропа мен Ресейді шарлап, ондағы балық шаруашылығымен айналысатын фермалардың жұмысын жалық­пай жүріп зерттеген. Сөйтіп жүріп, ішіндегі біздің қысы қыты­мыр өлкеге шыдас беретін техноло­гияны таңдап алыпты. Онысы сумен жабдықтауды тұйықтау қондырғысы деп аталады екен. Мұның жұмыс істеу мәнісі мына­дай: суды жылытуға кететін шы­ғын­­ды барынша азайту. Бас­сейн­­­­дердегі суды ауыстырып, оны қайта жылытып отыру деге­ні­ңіз қып-қызыл шығын екен. Ал ар­найы қондырғының көмегімен су­ды тазартып отырса, «қой да аман, қасқыр да тоқ» деген­дейін, ұпай түгел болатын көрі­неді. Жалпы, мұндай жүйенің көмегімен кез келген бағалы балық­ты өсіруге болады екен. Ал Дмитрий болса, сібір бекіресін таңдаған. Бекіре балықтың еті де арзан емес. Жобамен бір килосы 5 мың теңге болмақшы. Мұндай бағаға балық жемінің де әсері аз тимейді. Мәселен, кәсіпкер қазіргі таңда жемді Польшадан тасып жүр. Қазақстанда сапалысы табылмаған соң осылайша алыстан арбалауға тура келеді. Болашақта балық қорегін Дания мен Голландиядан да жеткізу жоспарда бар. Шаруасын дөңгелетіп ал­ған соң Дмитрий қара уылды­рық алуға мамандандырылған кешен салсам дейді. Бұл, әрине шы­ғы­­ны мол шаруа. Бірақ түптің-түбін­де еңбекті ақтайтыны анық. Мысалы, бекіре балық ұрық шашу мезгіліне 17-18 жаста жетеді екен. Еркегі бұл «піскен шақты» 20-22 жаста бастан кешетін көрінеді. Бұл кезде балықтың салмағы 8 килоға дейін тартады дейді. Яғни, уылдырық алам деген бетінен қайтпаса, Дми­трий сабазға бірнеше жылдың со­ңын сабырмен күтуге тура келеді. «Бәзбіреулер питомникте өсі­ріл­ген балықты «жасанды» деп кемсітіп жатады. Мен мұнымен келіспеймін. Бұл дегеніңіз – нағыз табиғи балық. Бір айыр­машылығы, табиғатта балық жылдың санаулы айларында ғана өседі. Ал қолдағы балық жан-жақты жасалған жақсы жағдай­да жыл он екі ай өсе береді. Өзіңіз қараңыз, температура 20-22 градус, жарық белгілі тәртіп­пен беріледі, тамағы тоқ», – дейді өз ісіне шын берілген кәсіпкер. Ал болашақта тұқым шашу жы­лына екі рет – көктем және күз мезгілдерінде іске асырыл­мақ­­шы. Ол кезде кәсіпкер өзі­нің инк­у­баторында өсірілген шабақ­тар­ды бассейнге жібереді. Қазі­рдің өзін­де биылғы маусым айында Ук­раи­надан әкелін­ген ұрық­тан­дырылған уылдырық­тардан шабақ өрбіп, олар тәп-тәуір өсіп келеді екен. «Құдай қаласа, алдымыздағы қазан айында салмағы орташа алғанда 2 кило болатын бекіре балық кеншілер астанасындағы сауда нүктелеріне түсе бастайды», – деп екі алақанын ысқылап отыр «Караганда-Осетр» ЖШС-нің директоры Дмитрий Әбіл­дин. Өзі Қазақстанның батысы­на барғанында Атырау қазақ­тары­ның бекіре балықтан ет жейтінін көріпті. «Тура біздегідей қамыр салып, «бесбармақ» қылып жейді екен. Сәтін салса, біз де бекіреден ет жеп, сорпа ішетін боламыз», – деп күледі үлкен үміт жүрегіне ұя салған кәсіпкер. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» Қарағанды облысы