• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
28 Шілде, 2016

Ойылдың тарысын шетелге шығару ойластырылуда

862 рет
көрсетілді

    Ойыл ауданы – ақ тарының атасы атанған Шығанақ Берсиев туған өңір. Ауданда бұрынғыдай көлемде болмағанмен, қазір де тары өсірумен айналысатын шаруа қожалықтары бар. Солардың ішінде “Жақып” шаруа қожалығының бұл бағыттағы шаруасы ширақ. “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы аясында 2,7 млн. теңге көлемінде мемлекеттік грант ұтып алған қожалықтың суару техникалары және тарыны стандарттық жобада қаптайтын станогы болады. Шаруа қожалығына тарыны өткізу үшін мемлекеттік стандартқа сай сертификат берілген, бола­шақта арнайы патент алуға құжат­тарын тапсырып қойған. Шаруа қожалығының басшысы Жұмабай Жақып тары дақылын зерттеу бойынша халықаралық ұйымның мүшелігіне өтіп, оның тағамдық құндылығын терең зерттеу жұ­мыс­тарына қатысқан. Шет мемле­кеттерде өткен семинарға да қатысып қайтыпты. Шаруа адамының тары өсірумен айналысып жүргенін де білетінбіз. 2000 жылы 20 гектер алқаптың әр гектарынан 25 центнер таза өнім алды. 2012-2013 жылдары 140 гектарға егілген тарының әр гектарынан 14 центнер өнім алып, облыс көлемінде жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Биыл суармалы әдіспен 120 гектар жерге тары егіпті. Тарының адам денсаулығына пайдасы зор. 2015 жылы Астана қаласында өткен тамақтың құн­дылығы жөніндегі үлкен конфе­ренцияға қатысқан Жұмабай Жақып ғалымдармен бірлесіп, тарыны шетелдерге шығаруды ойластыруда екен. Осылайша, оның тарыны тек Ақтөбенің ғана емес, бүкіл Қазақстанның брен­діне айналдыру ойы бар. Ал, әзірше, «Жақып» шаруа қо­жа­лығының басшысы тарыны Ақтөбе, Атырау және Астана қа­ла­­сына апарып өткізумен шектелуде. Жұмабай Жақып тары өсіру­дің де, сатудың да үлкен қиындық тудырмайтынын тілге тиек ете келіп, құнарлы тағамдық да­қылды өңдеу, тазарту, қуыру, түюдің машақаты бастан асатынын жеткізді. Жиналған өнімнің барлығын өңдей алмайтындықтан ол тарыны шикілей өткізуге басым­дық беруде. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы