• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Шілде, 2016

Тұңғыш әдеби агенттік

773 рет
көрсетілді

Қазақ қаламгерлеріне Нобель сыйлығының бұйырмай келуінің сыры неде? Өз басымыз өмірден ғажайып тағдырларды көп кездестірдік, жақсы жаңалықтың жаршысы болудың өзі ертең үшін айтарлықтай тарих. Мән берсек, мұндай әрекетке олар ғаламды таңғалдыру үшін, өздерін-өздері жарнамалап, пиар жасау мақсатында бармаған. Болмаса сырттай біреудің бұйрығымен емес. Үнсіз жүріп үйдей шаруаны атқаратын сондай керемет жоба иелерінің кейде еленбей қалып қойып жататыны жаман. «Қазақ әдебиеті мен мәдениеті болсын, толсын» деп төл әдебиеттің басқа дамыған елдерден кенжелеп қалмауына жанұшырып жүрген сондай бір жанды көпшілікпен таныстырып қоялық. Ол – Қазақстандағы «Bestseller KZ» әдеби агенттігінің негізін қалаушы Бақтыгүл Маханбетова. Осыдан 20-30 жыл бұрын «Әлем жұртшылығына қазақ әдебиетін қалай оқытамыз?» деген сұрақты алға тартпақ түгілі, адамның миына мұндай ойдың кіріп-шығуының өзі екіталай еді. Заманында мыңдаған таралыммен жарық көрген әдебиет туындыларына куә, оқырманын нарық салдарынан жоғалтып ала жаздаған қазақ әдебиетінің мұрагері, соған қарамастан бүгінде ғаламторға тәуелділігі артқан, рухани кеңістігі «дүдәмал» қазақтың баласы ұлттық қадір-қасиетін бойына жеткілікті дарытып, ата-бабаның айшықты жолын жалғастыруға қаншалықты ниетті деген сауал бәрібір өміршең. Шетелдегі өзге әріптестері сияқты, қазақ жазушыларының жанында да бір-бір агенті, қаламгерге тек шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік туғызатын жанашыры болсын деген ниеттегі Бақтыгүлмен жақынырақ танысқанымызда, әуелі осы ойларымен бөлісті. Оның айтуынша, әдебиетті оқып қана қоймай, көңілге тоқып, зерделеп, одан алған рухани азығымызды арға, иманға, руханиятқа қызмет еткізу керек. Қазақ қаламгерлері әлемдік тәжірибеге иек артатын кез әлдеқашан жетті. «Кітабымды кім оқиды, қайда апарып сатамын, қаламақымды кім төлейді?» дегендерге бастары қатпай, жазушы ағайын таза шығармашылығымен айналысуы керек... Тағы бір мақсат қоғамды, адам жанын ізгілендіретін ойларды зерттеу, тарату, адамшылыққа шақырар амалдарды негізге алу болып табылады. Ұлттық болмысты, құндылыққа құрмет сезімі мол ұрпақты тәрбиелейтін, мемлекетімізді нығайтатын ұғынықты ұстаным қашанда бабаларымыз сан ғасырлар бойы көз қарашығындай сақтаған мұрамен, рухани азықпен астасып айшықталары рас. Жаһанданудың белсенді үдерісінде қазақ баласының жүрегіне ұлттық рухтың дәнін егу – оңай шаруа емес... Жалпы, адам баласы ешуақытта өзінің ертеңгі өмірін түгел болжап біле алмаған. Мысалы, тағдыр тәлкегіне ұшыраған пенде бостандыққа шыққаннан кейін әрі қарай дұрыс өмір сүруге қабілетін азайтып алатын көрінеді. Осы орайда, Америкада «Шекспир соты» деген тәжірибенің қолданылатыны тегін болмаса керек. Онда әлі де түзелуге мүм­кіндігі бар, жеңіл-желпі заң бұзған адамдарды үйқамақта ұстап, Шекспир пьесаларын жаттатып, оны сахналау ар­қылы әлгі бұзақылардың жандүниесіне өзгеріс енгізуге тәжірибе жасалып кө­ріпті. Мінеки, әдебиетіңіздің күші. Адам санасына ықпал етуші ең мықты құралыңызға біздегі көзқарас қалай? Баяғыдай жатып алып жұрттың бәрі тегіс жарысып кітап оқитын кез көзден бұл-бұл ұшқаны қашан. Шекспирдің 450 жылдығына орай 2013 жылы бастау алған жоба бойынша, мысалы, Нью-Йорк көшелерінде 154 атақты актер ұлы ақынның сонеттерін бір жыл бойы тоқтамай оқыған. Әлемдік деңгейде мұнан асқан насихаттың тағы қандай түрі болуы мүмкін. Сол сияқты, әдебиетті жарнамалаудың қазіргі ең дамыған және кең тараған түрі агенттіктер екені даусыз. Рухани байлықты жарнамалауды табыс көзіне айналдыра отырып, адам жанын ізгілендіруге орасан зор үлес қоса алатын әдеби агенттіктің шығу тарихының өзі әріден бастау алып жатыр. Кітапты коммерцияландыруды қолға алған дүниежүзіндегі тұңғыш ағылшын әдеби агенттігі 1875 жылы қызметін бас­таған екен. «Litrejections» сайтынан алынған мәлімет бойынша, бүгінгі таңда тек Ұлыбритания астанасы – Лондон қаласында нарықтағы 111 танымал кәсіби әдеби агенттіктер табысты еңбек етуде. Америкада әдеби агенттік алғаш рет 1893 жылы қызметін бастады. Содан бері қарай жалпы 1000- нан астам агенттік тіркелген, соның тек 134-і Нью-Йоркте орналасқан. Канадада 30 шақтысы бар десек, 1967 жылы алғашқысы ашылған Австралияңыздың өзінде қазіргі таңда 20 шақтысы жұмыс істеуде. Бес ғасырдан астам тарихы бар Майндағы Франкфурт кітап жәрмеңкесі өтетін Германияда жыл сайын 700 млн.-нан астам шығарма оқырманға жол тартып, 2000-нан жоғары баспа үйлері үздіксіз қызмет атқарады екен. Тағы бір дерек, Қытай бұл жағынан әлемнің алпауыт компанияларының өнімдерін да­йындап, табыс тауып отырған ең қуатты мемлекет болып саналғанмен, әдеби агенттігі күні кеше, яғни 1987 жылы ғана іске қосылған. Ресейде алғашқы әдеби агенттік 1990 жылы жазушылардың авторлық құқығын қорғау мақсатымен ашылғаны мәлім. Айналамыздағы еңсесін тіктеген жұрт әдебиет әлеміне осылай ірі өзгерістер алып келіп жатқанда, біздегі тыныштық ненің белгісі? Қазақстандағы тұңғыш әдеби агенттіктің жетекшісі Б.Маханбетова осы түйткілді тез арада шешу керек деп есептейді. Әуелі әдеби агенттік жобасын бастамас бұрын, әлемдік тәжірибенің озық мектептерімен танысып, үздік әдістемелік бағытпен жұмыс істейтін бірнеше компанияның тарихын саралап көрген ол Еуропаның, Американың, Азияның нарығында жемісті еңбек етіп жатқан агенттіктермен байланыс жасап үлгерген. Олар да Қазақстанмен әріптес болуға ниетті, тіпті менторлық қызмет көрсетуге де дайын екенін айтты. «Компания 2016 жылдың наурыз айынан бастап жұмыс істейді, – деді агенттік жетекшісі бізбен әңгімесінде, – осы аз ғана уақыт ішінде еліміздегі және алыс-жақын шетелдегі әдебиетті насихаттайтын бірқатар ұжымдармен, бірлестіктермен әріптестік байланыс орнатып үлгердік. Мақсатымыз – кітапты коммерцияландыру ісін халықаралық стандартқа сай жүргізу. Осы мақсатқа жету үшін «Bestseller KZ» әдеби агенттігі мынадай міндеттерді белгіледі: әдеби өнімнің сапасын жақсартып, жазу шеберлігін арттыру үшін құрамында кәсіби редакторлар мен аудармашылар, суретші-иллюстраторлар мен дизайнерлер, сонымен қатар беделді сыншылар бар білікті топқа жауапкершілік артылады; қазақ авторлары шығармаларының әлемдік деңгейде танылып, таралуына, оның ішінде халықаралық көрмелерге, кітап жәрмеңкелеріне, конференцияларға, теледидар жобаларына қатысуына мүм­кіндіктер туғызу және БАҚ құрал­дарын пайдалану арқылы кеңінен насихаттау... әлемдік баспалармен және әдеби агенттермен өзара тығыз қарым-қатынас орнату маңызды». «Қазақ әдебиетінің жалпы адамзаттық қазынаға қосар үлесі аз емес, – дейді агенттік жетекшісі. –Жаратушы иемізден алғаш кітап түскен уақыттан бері, сөз құдіретінің тіршілікке ықпалы сезіліп отырды десек, адам баласы дамуына тек білім мен ілімнің кітап арқылы ғана зор үлес қоса алатындығы ежелден мәлім жайт. Кітаптың мықты бизнес көзіне айналуының әлемдік деңгейді қамтуы арқасында, біздің елімізде де бірқатар іс-шаралар атқарылды. Мәселен, 1991 жылы кітап шығарумен айналысатын бас­палар саны 14 болса, соңғы жылдардағы мәлімет бойынша баспа ісімен айналысатын 360 мекеме тіркелген екен. Бұл қуанарлық жағдай, бірақ та баспа өнімдері қаншалықты сапалы және оқырманға жеткізілуі көңіл көншіте ме дейтін болсақ, түйткілді түйіндер жеткілікті. Және бұған қазір қалыпты жағдай ретінде қарау белең ала бастады». Жалпы, ұлттың ұстын-болмысын көрсететін әдебиетімізді өзге түгіл өзімізге насихаттау жоқтың қасы және авторлар еңбегінің бағалануы өте төмен. Қаламақыдан күдерлерін үзген жазушылар жанайғайы өз алдына бөлек әңгіме. Қазақ қаламгерлері шығармаларының әлемге таныстырылуы жақсы болса, аударылған шұрайлы туындылар қайда? Әлемдегі ең бай тіл– қазақ тілі деп мақтанып жатамыз. Рас болса, әлем бізді неге мойындамайды, Нобель сыйлығы иегерінің ішінде қазақ неге жоқ? Қазақ тілі қорының қай деңгейде екенін 15 томдық сөздік арқылы білу қиын емес. Мұнда 106 мың атау сөз бен 48 300 сөз тіркесі қамтылыпты. Ал, әлемдегі ең бай тілдер қатарына жататын түріктердің түсіндірме сөздігінде 92 292 сөз бар екен, яғни түрік тілінен қазақ тілі 14 мың сөзге бай деген сөз. Солай бола тұра Нобель сыйлығына қазақ жазушысы емес, түрік жазушысы Орхан Памук ие болды. Бір себебін жоғарыда атап өттік, әдебиетті, жазушыны жарнамалаудың әлсіздігінен. Өкінішке қарай, қазақ қаламгерлері арасында әлі де әдеби агенттіктің не екенін, оның қандай қызмет атқаратынын толық түсіне алмай жүргендер бар. Шығармаларды жарнамалау жағы, қаламгердің қаламақы мөлшері көңіл көншітпейді, авторлық құқықты сақтауды назарда ұстайтын мамандардың жоқтығы, кітап жәрмеңкелеріне, түрлі халықаралық әдеби конкурстарға авторлардың аз қатысуы, тіпті мүлдем қатыспауы – әдеби ортадағы түйткілді мәселелерді шешетін, тиісті менеджерлер мен әдеби агенттердің болмауынан. Халықтың әлеуметтік осал тобы үшін сапалы әдеби өнімдердің қолжетімді болуы, әдеби агенттіктің әлеуметтік жобаларды іске асырудағы маңызды да әрі басты бағыттарының бірі болып табылады. Бұл орайда Б.Маханбетова Ал­матыдағы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қазақ әдебиеті мен фольклорын, өнерін зерттеуде, ұлттық әдебиет пен өнердің тарихы мен тео­риясын, аса көрнекті әдебиет және өнер қайраткерлерінің шығармашылық мұрасын зерделеуде ұлт қазынасына үлкен үлес қосып отырғанын айтады. Ғылыми институт ғалымдарының атсалысуымен жүзеге асқан сауапты іс әрі Тәуелсіздік жылдарындағы ең бір ауыз толтырып айтатын жетістігіміз – 2014 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген «Бабалар сөзі» қазақ фольклорының 100 томдығы дер едік. Тарихи мәні зор мұндай ірі шығармалар әлемге алдымен таныстырыл­уы тиіс ең үлкен сыйлық екені даусыз. Сонымен қатар, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде құрылған Абай атындағы институттың да алыс елдерге насихаттауға лайықты жақсы бастамалары аз еместігін алға тарта отырып, агенттік төрайымы бірқатар жоғары оқу орындары жанынан Абайды зерттеу орталықтарының ашылуын қазақтың рухани оянуының жарқын белгісіне балады. «Ниетіміз – қаламгерлер мен оқырмандар арасында алтын көпір болу. Әдебиет сынды маңызды сала­ның дамуына атсалысу қоғамның жан-жақты, яғни адамгершілік тұрғысынан өсіп-өркендеуіне, өскелең ұрпақтың ағартушылық жағынан дұрыс қалыптасуына, әлем халықтары арасындағы толеранттылық сезімдерінің оянуына ықпал етеді. Осы жоба аясында қаламгерлердің шеберліктерін шыңдау мақсатымен, әлемдік мықты коучтердің, үлкен танымалдыққа ие болған шығарма авторларының тәжірибелерімен бөлісу барысында апталық, 1 айлық, 3 айлық, 6 айлық, 1 жылдық курстар, семинарлар, тренингтер, шеберлік сыныптарын ұйымдастыру жоспарлануда. Бұл үшін Оңтүстік Кореяның үлгісін назарда ұстауға болатын сияқты, себебі, корей әдебиетінің насихаты дұрыс, басқа тілдерге аударылуы сапалы, Корея әдебиеті аударма институты арқылы оған мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп отыр. Осы тәжірибесі арқылы өз шығармаларын ағылшын, француз, неміс, испан, орыс тілдерінде аударатын кәсіби мамандарды 1 жылдық, 2 жылдық курстарда дайындап шығарады. Басқа мемлекеттердің азаматтары да жобаға арнайы конкурс арқылы іріктеліп, шәкіртақы тағайындалып, тілді көркем шығарманы аударуға лайықты меңгеріп, сол елдің әдебиетін насихаттауға атсалыса алады. Ал, біздің елімізге келсек, аудармашы мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындары болғанмен, нәтижесіне көңіл тола бермейді. Бизнес-форумдарына сырттан келуші инвесторлар мен қандастарымыздың пікірінше, біздегі аударма сын көтермейді. Келісім­дерге қол жеткізе алмай қалған инвесторлар өз сәтсіздіктерін негізінен аудармашылардың тәжірибесіздігінен көретін кездер жиі кездеседі. Өзім де кәсіпкер ретінде осындай жағдайға аз куә болғаным жоқ. Сондықтан, шығар­маларды шет тіліне сапалы аудару өзекжарды мәселенің бірі саналады. Орасан зор қаржы бөлінген отандық фильмдердің табандап, табысқа кенеле алмай жатуының бір сыры осында. Абайды, қазақ қаламгерлерін таныс­тыруға байланысты біраз тың идея-ұсыныстарым бар. Қажет деп табылса, шетел инвестициясы арқылы жүзеге асыратын боламын. Тиісті орындардан және отандық қалталы азаматтар тарапынан толыққанды қолдау болмағандықтан, жобадан түсетін барлық пайданы шетел инвесторларының қанжығасына байлап беруден басқа ендігі жерде амалым қалмады....» деген жоба жетекшісі соған қарамастан халқымыздың рухани інжу-маржандары әлемге тек «Қазақ бренді» деген атаумен ұсынылатынын жеткізді. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»