Каспийдің солтүстік табанындағы мұнай кен орындарын игеру Қазақстан мен Ресейге экономикалық тұрғыдан тиімді болғанымен, экологиялық тұрғыдан алаңдатушылық тудырып отыр. Өйткені, бұл теңіз аумағы өте үлкен әрі сыртқы ағыны жоқ тұйық су қоймасы. Сондықтан оның өздігінен тазалану қабілеті басқа теңіздермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Оған түскен қалдықтар тез тарап кете алмайды.
Сенаттың өткен сессиядағы соңғы отырысында 1998 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан мен Ресей арасында қол қойылған келісімнің хаттамасына өзгерістер енгізу туралы заң жобасы қабылданды. Онда Каспийдің солтүстігіндегі Ресей секторында орналасқан «Центральный» кен орнын барлауға құқық беру мәселесі қарастырылған. Міне, осы заң жобасына берілген ғылыми сараптаманың өзінде кен орнын игеру азаматтарымыздың таза табиғатта өмір сүру құқына елеулі зиян келтіруі мүмкін деп жазылған.
Мен заң жобасы туралы баяндаған Энергетика министрінің орынбасарына «Каспийден мұнай өндірудің шекті көлемі анықталды ма?» деген сұрақ бергенімде, ол толымды жауап айта алмады. Демек, мұнай өндірудің жоғарғы шегі белгіленбеген. Кен орындары сарқылғанша мұнай өндіріле береді.
Каспийдегі көптеген кен орындары, соның ішінде солтүстікте анықталған «Құрманғазы», «Хвалынское», «Центральное» кен орындары да бар, өткен ғасырдың 60-шы жылдарында табылған. Алайда, ол кездегі өндіру технологиясының теңіз экологиясын сақтау қабілеттілігі төмен болғандықтан КСРО мұнай өндіру үдерісін кейінге қалдырған.
Ал бүгінгі технология қалдықсыз мұнай өндіру мүмкіндігіне қол жеткізді ме? Ғалымдар мен мамандардың пікірінше, әлі толық қол жеткізген жоқ.
Қазіргі кезде теңізден мұнай өндірудің кесірінен онда қалған көптеген ауыр металдардың, соның ішінде кадмий мен сынаптың микроэлементтері суда нормадан 17 есе көп көрінеді. Иран ғалымдарының айтуына қарағанда, Каспийдің экологиясы қазір ең төменгі қауіпті шегіне жеткен. Оның 95 пайызы Қазақстан, Ресей, Әзербайжан елдерінің секторына жататын солтүстік өңірде екендігі де анықталып отыр. Сондықтан да теңізден мұнай өндірудің шекті деңгейін анықтап, экологияның сақталуы үшін өндірісті тежеу керек. Әрине, бұған дейін теңіздің экологиясын сақтау туралы бірнеше халықаралық құжаттарға қол қойылды. Алайда, солардың қауқары әлі де жеткіліксіз.
Қазақстандық ғалым, академик Мұфтах Диаровтың зерттеуіне қарағанда, 1 тонна мұнай өндірілгенде одан 3 кило зиянды қалдық су мен ауаға тарайды. «Теңіз-Шевройл» компаниясы үшінші кезеңін қосып, одан 36 млн. тонна және «Қашаған» компаниясы 21 млн. тонна мұнай өндіргенде, тек осы екі компанияның өзінен жылына 171 мың тонна зиянды қалдық шығатын көрінеді. Бұл сол жердің ауасын жұтып, суына түсіп отырған өңірдегі екі облыстың миллионнан астам халқының денсаулығына зиян келтірері сөзсіз.
Ал теңіздің флорасы мен фаунасы аяусыз бүлінеді. Сондай-ақ, қымбат балығына зиян келіп, сапасы төмендейді. Сондықтан халық арасында жаңа кен орындарының игерілуіне байланысты алаңдаушылық туып отыр. Теңіздің экологиясын қатты бүлдіріп алсақ, оны қайтып қалпына келтіру оңай емес. Техногендік кеселдермен бұрын бір теңізді құртып алғанымызды ұмытпайық.
Осыдан екі-үш жыл бұрын «Қашаған» кен орнында теңіздің түбіне салынған құбыр жарылып, жұмысы тоқтатылды. Осы құбырды орнатқан компанияның атқарушы директоры Бруно Жарден жуырда бұл іске ешкім де кінәлі емес, ешкімді де жауапқа тартуға болмайды деп мәлімдеме жасады. Сонда салынуы үшін миллиондаған доллар шығын кеткен өте қымбат әрі ауқымды құбырдың экологиялық зардабына ешкімнің жауап бермегені қалай? Құбырдың жарылу себебі анықталу керек еді ғой. «ҚазМұнайГаз» компаниясының атынан осы бірлескен кәсіпорында қызмет істейтін мамандар неге елдің мүддесін қорғамай, үнсіз қалды дегің келеді. Әлде олар жоғары еңбекақы алғандарына ғана мәз болып жүр ме? Сонымен қатар, мемлекеттік тиісті органдардың бұл іске араласып, заңды тұрғыдан неге жауабын сұрамағаны да белгісіз.
Каспийдің экологиясы ғана емес, еліміздің барлық өңірлеріндегі осы саланың мәселелерін естігенде, Қоршаған ортаны қорғау министрлігін таратып, Энергетика министрлігіне қосқанның тиімділігі болмады дегенді ашық айтуға тура келеді. Өйткені, бұл министрлік бөлек болғанда экологияның сақталуына байланысты батыл үн қатып, күрес жүргізе білетін еді. Ал қазір Энергетика министрлігінің құрылымына комитет ретінде енгізілген соң өзінің әріптесі, сол министрліктегі мұнай өнеркәсібін дамыту комитетіне қарсы бір ауыз сөз айта алмай, үнсіз қалды. Сөйтіп, бұл қызметтің жұмыс нәтижесін халыққа да, мемлекетке де, елге де, жерге де тиімсіз қылып тастадық. Болашақта осы мәселе ескеріліп, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі дербес ведомство болса екен деген тілегіміз бар. Жалпы, экологияны сақтау ісі бір мезгілдік экономикалық тиімділіктен жоғары тұруы керек. Өйткені, ол ғасырларға апаратын мәңгілік тиімділік. Осыны ұмытпайық.
Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ,
Сенат депутаты