• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
04 Тамыз, 2016

Шоуларға қашанғы шашыламыз?

372 рет
көрсетілді

Депутаттар жарты миллиард теңгені құтқарып қалды Маңғыстауда жылда өтетін үлкен шоулардың бірі облыстық мәслихат депутаттары тарапынан сынға алынып, кері қайтарылды. Өңірдегі биыл үшінші рет өткізілуі жоспарланған «Aktau Open Fest» шарасының бюд­жеттің қалтасына салар салмағы өте ауыр еді. 2014 – 2015 жылдары бірнеше миллиондарды жел­ге ұшырған аталған жоба биыл күшіне қайта мініп, ауызды арандай ашып, облыс бюд­жетіне қол салған еді. Сұрап отырған қаржысы 550 млн. теңге! Нақтырақ айтсақ, 300 млн. теңгені бюджеттен, ал 250 млн. теңгені мұнай компания­ларын тарту арқылы табу жоспарланған. Маңғыстау облыстық мәсли­хаты­ның екінші сессиясы қар­саңындағы тұрақты кеңес отырысында бұл мәселе тартысты пікірталасқа негіз болды. Жарты миллиардтан астам теңгенің шоу-шуға жұмсалғалы тұрғанын көрген С.Мұсабаев, Н.Сәрсенбай, А.Салманов, М.Дүйсенбай, тағы да басқа депутаттар бірден наразылық танытады. Депутаттардың наразы пікірі бұған дейін бас шұлғи бергенге әбден еті үйреніп кеткендер үшін тосын, яғни күтпеген жағдай болған сияқты. Бюджетті қорғауға келген облыс әкімі­нің экономика бойынша орын­басары Ш.Ильмұхамбетова сол жерге Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі Е.Исмайловты шақыртты. Алайда, депутаттар  Е.Исмайловтың уәжіне құлақ аспай, табандап отырып алды және осынша қаржы бөлу жөніндегі шешім бекітілетін болса, мандаттарын тапсыратынын да айтты. Сессиядағы айтысты тыңдаған Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев бұл жолы көреген­дік танытып: «Депутаттар қарсы деген сөз, демек халық қарсы деген сөз. Халық қолдамаған шешімді мен де қолдамаймын!» – деп бір-ақ қайырып, айтыс-тартыстың нүктесін қойды. Осымен аталмыш фестивальға бюджеттен қаржы бөлінбейтін болды. Халық қалаулылары терең тыныстады, бірақ фестивальдың құрығы ұзын құрылтайшылары қаржы «тауып» қалайда өткізе ме, жоқ па? Маңғыстауда мол қаржыны қажет ететін, бірақ халыққа берері жоқ, керісінше, ел арасында түсінбеу­шілікке, тіпті, әлеуметтік желілерде наразылыққа тап болып жатқан шаралар мен жобалар бір бұл ғана емес. Семинарлар мен фестивальдар, конференциялар мен тренингтер, оқулар... Бұлардың маңызы мен мақсатын тек ұйымдастырушылардан басқа ешкім түсінбейді, арнайы берілген пресс-релизге сүйеніп бұқаралық ақпарат құралдарында көрсететін журналистерге де олардың ішкі дүниесі жұмбақ.  Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы