• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
04 Тамыз, 2016

Тау тұлғадан тағылым тарқатқан

1397 рет
көрсетілді

  «Құнанбай» фильмі хақында Қазақтың көкжиегі мұнарлы кең-байтақ даласы мен көгілдір  аспанына көз салсаң таңданасың, тамсанасың, арбаласың. Кеңдігі мен кербез сұлулығына  сүйсінуге көз жанарың шектеулі, жырлауға қызыл тілің  қысқа болатын сәттер бар. «Үстіде көк аспан, астыда қара жер жаралғанда ортасында кісі оғылы жаралған» деп бабаларымыз бекер айтпаған. Тұңғиық көк аспан мен Жер-Ананың қасиетінен жаралған Тұранның ұрпағы болғаныңа марқаясың. Табиғаттың таңғажайып сырын қаршадайынан бағып өскен Шыңғыстаудың шынжыр балақ, шұбар төс қыран сермендесі,  тау тұлға – Құнанбай болса, айналасына топтасқан қалың алаш аспан мен жердің арасында маңып ұшқан ақ бұлттар тәрізді сезіледі кейде. Қаз-бауыр бұлттай қалықтап көшкен қауым елі аға сұлтанның  жанына сая сеуіп, көлеңкесімен қорғайды, нөсерін төксе көкорай балауса өсіп-өнеді, жайқалып жемісін береді, кей мезетте, жай ойнатып, қара бұлттай басына үйіріле кетеді. Біз «Құнанбай» фильмінің басталған тұсындағы аға сұлтан­ның – басты рөлдегі Досхан Жол­жақсыновтың атырапқа көз жіберіп толғанып тұрған сәтінен осындай ой түйдік. Дарқан дала төсінде ақшаңқан үйлер тігілген. Барлық пен байлықты паш етіп, өңкей бір келісті де келбетті қазақтар аға сұлтанның ауылына беттеп келеді. Құнанбай оларды иығында эполеті бар, етегі жырық сәнді көк шапан киіп, мойнындағы аға сұлтан екенін меңзейтін медальоны бар және сол жағында қайқы қылышы беліне ілініп, сапта тұрғандай салтанатпен қарсы алады. Ол Барақ бастаған өңкей бір игі жақсылардың алдында есеп берейін деп тұрған жоқ, әкесі Өскенбайдың асына жиналған жұрттың жақсы сөзін естімек еді. Алайда, көк аспанның ерке де еркін бұлты сияқты Ба­рақ сұлтан Құнанбайдың мына тұры­сына бұршақтай қатқыл сөзін ашық аспанның астында тұрып-ақ төбесіне төге салудан тайынбайды. Барақ: «Есенсің бе, Құнанбай? Жауға баратындай жасанып апсың ғой!» дегенде айналадағы ел ду күледі. Қаралы ту ілінген қаралы ауылға айбынын көрсете келген Бараққа аға сұлтан ләм демей сөзден тосылады. Парасатты Зере әже аналық базынасын айтады: «Екеуің тату болсаңдар, қатын жесір, бала жетім қалмас еді ғой!» деп. Осы аналық өсиет қаза үстінде қазақ даласының қос көкжалына жайдан-жай ескертілген жоқ... Құнанбай әкесін бір жыл жоқтаған аяулы жеңгелеріне өз тарапынан алғысын айтып, ақ үйдің белдеуіне ілінген қаралы туды ортасынан қақ бөліп сындырып, отқа тастайды. Бұдан соң фильмде бірнеше рет қайталанып көрініс табатын өңшең қаракер, тобылғы торы арғымақтардың жер тарпып шапқан сұлу шабысы, суыт шабысы камералық баяу­лату әдісімен аяқтарын әсем тас­тап, мағынаға толы мәнерімен қара жердің қыртысын қазып шапқаны – қазақ баласының ат үстіндегі өміріне, сондай-ақ Құнанбайдың аттан түспей билік еткен  тартысқа толы ел басқарған жылдарын ишарамен бергені киногердің шеберлігі. Режиссура мен операторлық еңбек­тің жемісі осындай сәтті фрагменттерден мол көрінеді. Мұндай сәтті көріністер, символикалық ишаралар фильмде аз емес. Қазақ өмірінде маңызды мәнге ие қасиетті  ас салтынан көріністерді беруі дегдарлық пен мәрттіктің, ата-баба жолын сыйлаудың ай­шықты белгісіндей. Астың сый-кәдесін, жол-жорасын романнан оқығанымыз болмаса, дәл мұндай келісті түрде ешқандай фильмнен көрмеген екенбіз, сол себептен көз алдымызға елестету де оңай соқпас. Ал мынадай кең ауқымдағы көріністер көрерменді тебірентіп, сол астың қақ ортасында өзің де бірге жүргендей әсерленесің,  аталар рухымен бір мезет сырласқандай боласың, тағылым түйесің. Жорға мініп табақ тартатын лыпылдап тұрған даяшылар, астау толы кә­делі ас этнографиялық дәлдікпен бейнеленген. Дастарқан басында Тонтайдың бір әзіл сөзін сұңғыла Құнанбай өз беделін нығайта түсу үшін, әсіресе, манағы Барақтың айтқанына қарымта жауап сияқты ғып, астыртын пайдаланады. «Әй, Тонтай, сен сыртымнан Құнанбай «мерген» деп келемеж ғып жүр дейді ғой? Көзімнің кемістігін айтқаның ба? Тап осы жерде жоныңнан таспа тілдірсем бола ма?» деп өзінің айбынымен ол бейшараны қалтыратып қана қоймай, осы төңіректегі қаңқу сөзді біржола тыйып тастау үшін жанындағыларды жасқап, ескерте сөйлейді. Ал Тонтай болса, баяғы Қоңқай құсап, Құранның емес, Құнанбайдың беделін дәріптей жөнеледі. «Мерген» деген қалмақтың айтқаны болып, атқаны тиіп жататын шешен, дана адамдарына байланысты айтылған сөз деп, онысын жаугершілікте қалмақтан түскен кейуананың уәжімен дәлелдейді. Осы жауаптың негізгі астары – алты алаштан жиналған игі-жақсыларға  Құнанбайдың дәрежесі мен дәргейі мүлтіксіз оқтай түзу, билігі тура екенін тұспалдау.  Сөйтсе де,  хан тұқымы Барақ: «Әй, Құнанбай, аяқтыға сөз бермеуші ең, әне, шаншардың қуынан жеңілдің» деп тағы да қарадан хан болған аға сұлтанды дүйім жұрттың көзін­ше күлкі етеді. Барақ сұлтан Тонтайға еңбегін сол жерде төлеп, құл­дық ұрған халықтың (Тонтай да халық қой) табағына Құнанбайды таба­лағандай ақша тастайды, міне, елің осы, оның да көмейі бар деген­дей иша­рамен, басқалар оны қайта­лайды. Жалпы, Барақ сұлтан мен Құнанбай образы қарама-қарсы беріліп, бір-бірінің қасиеттерін аша түсуге ұтымды пайдаланылған.  Бұл эпизодта Құнанбай ішіне бір нәрсені түйіп қойды: қарашасының өзіне деген ниеті дұрыс екен. Беделі мен атағы, ақылы мен шешендігі әйтеуір артқы күнге шын қалатын болса, тегі соны жеткізетін осы қарапайым адамдар – тонтайлар сияқты халық қой, ал Барақтармен үзеңгі бауы үзілген жерге дейін баруға Қарқаралы округінің аға сұлтаны, қарадан шығып хан атанған Құнанбайдың жалғыз көзі кәміл жетеді. Тағдыр оған тарихтың алмағайып аласапыран кезінде ақ пен қараны сапырып алмасын деп, қос қарашығының бірін ғана қалдырғаны кездейсоқ емес тәрізді. Осыны, әсіресе, әділеттің ауыр соқпағын көп жағдайды көкірек көзімен бажайлаған Құнанбай, хандық билік құлап, отаршыл дәуір басталар өліара сәтте халқын адас­тырмай қайрат қылған тегеурінді тұлға екенін фильмдегі басты-басты желілерде анық танытады. Талантты актер Досханның кескін-келбеті, мінез-болмысы, қуанышы мен күйініші, әр тараптағы оқиғаларға байланысты құнанбайлық дана сөздерді шынайы рухта айта алуы – осы киноның басты жетістігі деуге болады. Ал оның айналасындағы тарихи кейіпкерлерді сомдаған  дарынды актерлер ойыны да  Құнанбай образының ХІХ ғасырдағыдай, көрерменге қалтқысыз оралуына зор септігін тигізген. Мысалы, осы фильмдегі колоритті образдар: Айдос Бектеміров (Барақ Солтабайұлы), Нұрсипат Салықова (Зере әже), Қаракөз Сүлейменова (Ұлжан), Төкен Аралбаев (Сүйіндік) пен Секербек Жабықбаев (Байсал). Осы рөлдер қазақ киносының соңғы жылдардағы айта қаларлық жетістігі. Басы артық шұбалаңқы суреттер мен сөздерден ада, әрбір көрініс, әрбір эпизод негізгі алтын арқаудан ауытқымай, бір ғана Құнанбайдың төңірегіне соншалықты шебер орналасқаны көрерменге рухани рахат сыйлайды. Мұның көптеген себептері бар. Дәлдікпен көрсетілген детальдар, кеңістіктің әр қырынан түсірілуі, актерлердің түр-тұлғасы, ұлттық нақышы бай киім-кешектер, қай жағынан қарасаң да мен қазақпын деп тұрған фильмдегі барлық асыл бұйымдар: үйлер (орда, жолым үй, қос), ыдыс-аяқтар, салтанатқа бай қазақ тұрмысының айнасы деуге болады. Ал ең негізгі алтын арқау – осы киноның мазмұнында. Жазушы Таласбек Әсемқұлов пен Досхан Жолжақсыновтың киносценарийі жеңіл-желпі әңгімелерден іргесін аулақ салған екен. Ондағы әрбір сөз бен әрбір оқиғаның бәрі де ел иесі, қазақтың бодан кезінде билік ұстаған біртуар  қайраткері Құнанбайдың тұлғасын ашатын болғандықтан, әрі сол уақыттағы онымен үзеңгілес өмір сүрген барлық көптеген атақты адамдардың өміріне жарығын түсіретіні себепті фильмнің сценарийі аса үлкен жауапкершілікпен жазылыпты. Сондай-ақ, қазақтың болашақ ұлы ақыны – Абайдың әкесі кім еді десек, ол осы кинода жоғарғы деңгейде көрінген. Біздің ұрпақ  Абайды ардақтайды. Алайда, одан бұрынғы дәуір қараңғы ма? Абайдың әкесі қатыгез феодал дәуірінің тежеусіз әміршісі ме? Осындай кептегі кеңестік кезеңдегі сыңаржақ түсінікке бұл фильм сәуле сыздықтатып, көрерменнің көкжиегін кеңітіп, жас буынға қазақтың арғы тарихынан сыр ұсынған тартымды экран өнімі болды деп айта аламыз. Абай туралы бұрынғы шығармаларда ана образы әрдайым алға шығып келген. Бұл фильмде қазақ өміріндегі дана әке бейнесі сомдалып, көрерменді қуанышқа бөледі. Біз күдіксіз Құнанбайдың тарихи тұлғасын осындай бай мазмұнда жазып шыққан көркем киносценарийді алғаш көріп отырмыз және тұтастай оның өмірін кең қамтыған фильм де осы екеніне дау болмауға тиіс. Әлбетте, әртүрлі оқиғалар мен тарихи ахуалдарға байланысты «анау олай еді» дейтін көптеген пікір алуандығы бола береді, бірақ мұндай ұсақ-түйек лебіздердің «Құнанбай» фильмінің жеткен жетістігі тұрғысынан тексергенде маңызы шамалы. Ең бастысы, сәтті режиссура, көтерген жүгі тарихи жағынан салмақты мазмұнды сценарий, әбжіл операторлық шеберлік, сосын киноның алтын өзегіндегі нысаналы мақсаттың  шеберлікпен орындалғаны құнды деп санаймыз. Фильмде үш үлкен желі бар. Олар: Қодар мен Қамқа оқиғасы, Құн дауы (Сәлмен байдың өлімі), Құнанбайдың түрмедегі кезеңі. Ал Ойке сал, билер соты, Қодар мен Қамқаның өлтірілуі, Түсіптің жер сұрауы, Сарыбайды атқа сүйрету, итжеккенге айдалғандар, сонымен қатар, ат бәйгесі,  ас кезіндегі арудың тайлақ тарту салты, әнші-күйші, биші мен жыршы, жалпы этнографиялық картиналар осы үш желінің бойында шеберлікпен жымдасып өрбиді. Барлық оқиға Құнанбайдың қоғамдық қызметімен тығыз байланыста көрініп, оның тарихи орыны, адами-кісілік болмысы,  азаматтық тұлғасының жарқырап жан-жақты ашылуына қызмет еткен. Фильмнің сюжеттік желісі бірінен-бірі сапалық деңгейде ұдайы өсіп, қарыштап,  өзара байланыс, тартыс ұлғайып, шарықтау шегіне дейін көтеріліп кеп, ең ақырында өзінің ұлы шешіміне қол жеткізеді. Біз фильмнің соңында  былайғы өмірде текетіресіп жүргенімен, қиын-қыстау сәтте бірін-бірі сатпай,  ел бірлігін ардақтаған  Барақ пен Құнанбайдың ұлы достығына куә боламыз. Осылайша бәсекелес  екі тұлғаның бірін-бірі қорғағаны, тізе қосып, білек біріктіргені дұшпанға алдырмайтын қамал болып, Құнан­байдың Сібірге айдалмай аман қалуына себеп болғаны   көркем шындық аясында әдемі әдіптеліп, көрерменді ауызбіршілікке үндеп,  жас ұрпаққа терең тағылым береді. Дала сырттаны Құнанбай баба­лардың ұлы жарғы, әдет-ғұрып заңы  бойынша елді ат үстінде билегені, қамшымен басқарғаны фильмде көптеген тамаша эпизодтар арқылы  меңзеледі. Әйткенмен,  Әнет баба, Кеңгірбай биден жеткен бұл ұлы  дәуір  Құнанбаймен аяқталып, түйінделмек. Енді елді оқу-біліммен басқаратын жаңа заман туады. Фильм соңында аттан түскен жаяу Құнанбай соны ишара еткендей. Әке мен баланың даладағы құдайдың үйі – мұнаралы мешіт-медресеге  қарай қадам басқан сәтін осылай пайымдадық. Құнанбай жаламен айдалып бара жатқанда атқа мініп, артынан қоштасқалы келген  Зере ана  ұлының мойнына қасиетті тұмар  таққан болатын. Енді осы тұмарды Құнанбай өз қолымен бала  Абайдың мойнына тағады да: «Мен алаштың атын жетектеп әкеп кермеге байладым, шешілместей. Мен алаштың найзасын белдеуге қыстырдым, алынбастай етіп. Содан соң құздың шетіне осы құжыраны салдым», деп оны үлкен жолға, имандылық пен  ғылымның қырқасына қарай шығарып салады. Абай: «Неге, әке! Құздың шетіне?!» дегенде, Құнанбай: «А, балам, ол сенің ендігі шешетін жұмбағың!» дейді. Кинороман  Абай өмірінің бас­талуына дейін Құнанбай өзі тап болған күрделі заманның күрмеулі жұмбағын шиеленістірмей қалай шешкенін нанымды суреттейді. Көркемдік иірімдер арқылы «Құнанбай» фильмі  қазақ киносын жаңа белеске көтерген кезеңдік туынды болды деп толық айта аламыз. Жас Абайдың тағдыры қалай болды, ол баршамызға «Абай жолынан» мағлұм емес пе?! Ал дала шонжары, сонау Тоныкөктен жалғасқан абыз-бидің соңғы тұяғы, ұлы Абайды өмірге келтірген Құнанбай әке бейнесі барша жауһар қасиетімен, өнеге-өсиетімен тәуелсіз ұрпаққа экран арқылы жетуі қазақ өнерінің көркемдік шұрайға  тағы да соны соқпақ салғанының айқын айғағы. Бұл киноның қанша қаржыға түскенін біз білмейміз (мұнсыз кино түсірілмейді, сценарий мың жерден жақсы болса да), алайда, әлемдік кинематографтың барлық мүмкіндігін де, тәжірибесін де өздеріне ұтымды пайдаланып, қазақ киносын тағы бір сапалық деңгейге шығара алған режиссерлік, актерлік, операторлық, сценарийстік, т.с.с. барлық еңбекті бағалауға, көрер­мендер атынан алғыс айтуға тиіс­піз. «Құнанбай» фильмі тек ком­мерциялық табысты көздеп түсі­рілмегені анық. Себебі, осы фильмді көру мен талдаудың айырмашылығы бар. Мазмұнына, сондай-ақ бүкіл кинодағы оқи­ғаларға қарап отырсаңыз, айтар сөзің бұдан да көп болмаса, аз еместей сезіледі. Айтуға тұрарлық қиыннан қиыстырылған ситуация­лар, сәтті эпизодтар қаншама! Біз осы тұрғыдан сом шығарма  «Құнан­бай­ды» кинороман деп бағалап отырмыз. Бұл кино қазіргі қазақ кине­матографиясының сөзсіз  үлкен табысы. Қазақ өмір-тұрмысын білгісі келетін қай елге де именбей көрсетуге лайықты. Әсіресе, өзіміз үнемі қайталап көруге тиіспіз, өйткені, бұл тамаша туындыдан  ұрпақтың  алатын нәрі, тәлім-тәрбиесі, сабағы аз емес. Сондықтан да қалың оқырманның көкейінен шыққан осы бір кино әлеміндегі кемел шығарманың Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғаны өте дұрыс болған. Терең толғаныстан туған бұл туынды ол мәртебеге әбден лайық. Несіпбек АЙТҰЛЫ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты