Істі болып, темір тордың ар жағына түскендердің басты арманы, әрине, бостандық болса керек. Дегенмен, тар қапастан шығудан бас тартып, түрме төрінде көбірек жүруді қалайтын жандар да баршылық екен.
Бәлкім, мұндай бейғам жандардың отбасы, ортасы жоқ, тіршілігін түрмемен біржолата байланыстырған қаны бұзылған қаныпезерлер болар деп ойлап отырған боларсыз. Жоқ, біз әңгіме еткелі отырған Мақсат Ықыласов – ата-анасы бар, кәдімгі толыққанды отбасынан шыққан жан.
Тараз қаласындағы түрмелердің бірінде жазасын өтеп жүрген Мақсаттың осыдан жеті ай бұрын бостандыққа шығуға мүмкіндігі болыпты. Яғни, жергілікті сот оның мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырған. Бірақ дәл осы кезде сотталушылардың арасында футболдан чемпионат өтіп жатқан болатын. Доп додасының нағыз қызған кезінде командасын тастап кетуге дәті бармаған Мақсат бостандыққа шығудан бас тартады. Мұны енді қасындағы жолдастарына деген адалдық дейміз бе, жоқ, әлде жай ғана допқа деген құмарлық дейміз бе, әйтеуір, Мақсат өз мақсатына жетті. Финалда атой салған оның командасы ең үздік атанып, бірінші орынға ие болыпты.
Әлемде футбол фанаттарының небір қитұрқы әрекеттері туралы естіп-біліп жүрміз. Бірақ дөңгелек доп үшін абақтыдан шығуға асықпаған жандар тек шетелдің шытырман киноларында ғана кездессе керек. Прокурорлар М.Ықыласовтың сотқа мерзімінен ерте шығу туралы өтінішін қайта жолдап, нәтижесінде түрме басшылығы тарапынан мінез-құлқы оң бағаланып, тек мақтау алған М.Ықыласов жақында бостандыққа шықты.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы