• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
05 Тамыз, 2016

2 триллион теңге

387 рет
көрсетілді

Осынша соманы құрайтын қаржы мен мүлік заңдастырылды Қаржы мен жылжымайтын мүлікті заңдастыру акциясының аясында биылғы жылдың 1 тамызына дейін елімізде жалпы сомасы 2 триллион теңгеден астам мүлік пен қаражат заңдастырылған. Бұл мәлімет кеше Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.   Жалпы, акция бойынша қонақүй, балабақша, спорт-сауықтыру кешендері, қоғамдық тамақтану орындары, ша­ғын зауыттар, сауда базалары, диірмен, нау­байхана, сұлулық салоны сынды түрлі мақсаттағы нысандарын ре­сім­деп алуға өтініш берген азаматтар уақыт өткен сайын көбейіп келеді екен. Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Даму және жаң­ғырту департаментінің директоры Ержан Біржановтың айтуынша, Қазақстаннан тыс жерлердегі мүліктерін жариялағандар да аз емес. Бұлар негізінен Біріккен Араб Әмірліктері, Испания, Қырғызстан, Қытай, АҚШ, Түркия, Чехия сынды ел­дердегі вилла, пәтер, тұрғын үй объектілері. Одан бөлек, Өзбекстандағы, Түркиядағы, Ресейдегі сауда үйлерін жария ету фактілері де бар, дейді ол. Сондай-ақ, біраз азаматтар Ұлыбритания, Швейцария елдеріндегі бағалы қағаз­дарын, компаниялардағы үлестерін жариялапты. Шетелдегі нысандарға толығырақ тоқталар болсақ, ел аумағынан тыс жерде жария етілген тұрғын үйлердің басым бөлігі Ресей мен Біріккен Араб Әмірліктерінде орналасқан екен. Ком­мерциялық нысандар бойынша біздің азаматтарды Түркия көбірек қызықтыратыны байқалады. Осылайша, 2 триллион теңгенің 4 миллиард 896 миллионнан астамын шет мемлекеттерден заңдастырылған қаржы мен мүлік құрап отыр. Капиталға рақымшылық жасау Қазақ­станда да, әлем елдерінде де бұрыннан бар тәжірибе. Қазақстанда бұл науқан ширек ғасыр ішінде осымен үшінші мәрте өткізіліп отырғаны белгілі. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 41-қадамында осы шараның рәсімдерін оңайлату мақсатында қолданыстағы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу мәселесі айтылған болатын. Ержан Біржановтың айтуынша, қазіргі қолданыстағы заңда жария ету үдерісін тежейтін барлық шектеулер алынып тасталған. Соның арқасында, науқанның жұмыс қарқыны еселеп артып, акцияның тек соңғы 8 айында шамамен 1,6 триллион теңге заңдастырылыпты. Оның алдындағы 15 айда бұл көрсеткіш 425 миллиардты құрағанын ескерсек, заң­намадағы жеңілдіктердің айтарлықтай нәтиже бергенін байқауға болады. – Бұл акция салық базасының артуына себепші болды. Қосымша жұмыс орындарының ашылуына ықпал етті. 93 мыңнан астам жылжымайтын мүлік нысаны анықталды, олардың 7 мыңға жуығы коммерциялық нысан, – дейді Ержан Біржанов. Бүгінде әлем елдерінің көпшілігі мүлік пен қаржыны, табыс декларациясын жариялау сынды шараларға ерекше көңіл бөліп, бір-бірімен байланыс орнатуға тырысып жатыр. Ал Қазақстанның тиісті органдары шетелдегі әріптестерімен байланыс орнатқан ба? Даму және жаңғырту департаментінің директоры бұл сауалға былай деп жауап берді: – Қазір біздің дерек қорымыз ұлғайды, себебі, басқа мемлекеттердегі әріптестерімізбен бірлесіп жұмыс істеуге көштік. Қазақстан азаматтарының шетелдегі мүлкі, банктердегі есепшоты туралы мәліметтер бізге түсіп тұрады. Яғни, оның табыс көзі қайда, мүлікті қалай алды деген сауалдар туындайды. Егер ондай азаматтар акцияға қатыспаса, кәсіпкерлікпен айналыспаса, шетелдегі әріптестерімізге сәйкесінше жауап береміз. Оның айтуынша, мүлікті жария­лау акциясына қатыспаған азаматтар қолдарындағы қаражатты қайдан алғанын, жылжымайтын мүлікке қалай қол жеткізгенін тиісті құжаттармен көрсете алмаса, үстінен әкімшілік немесе қылмыстық іс қозғалуы әбден мүмкін. Арнұр АСҚАРОВ, «Егемен Қазақстан»