Сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні Шотландияның Глазго қаласында футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының үшінші кезеңінде «Селтик» пен «Астана» командалары кездесті.
Кездесуде «Селтик» 2:1 есебімен жеңіске жетті. Матчта бірінші болып есепті алаң иелері ашты. Бірінші таймның соңында «Селтиктің» шабуылшысы Ли Гриффитис 11 метрлік пенальтиден допты торға тоғытты. «Астана» екінші таймда есепті теңестірді. Алаңға Азат Нұрғалиевтің орнына шыққан Азиз Ибраими «Селтик-Парк» стадионына жиналған жұртшылыққа тосын «сый» жасады. Ол 62-минутта алыстан теуіп, қақпаны дәл көздеді. Сөйтіп, екі ойын бойынша есеп теңесті.
Командалардың бірінші кездесуі 1:1 есебімен аяқталған болатын. Енді «Астанаға» Чемпиондар лигасының топтық турниріне шығу үшін алаң иелерін жеңу немесе ойынды тең аяқтау керек болды. Алайда, «Астананың» алға қойған мақсаты бұл жолы орындалмады. «Селтик» матчтың соңында тағы да пенальтиден екінші добын соғып, жеңісті жұлып әкетті. «Селтиктің» құрамында Мусса Дембеле екінші голдың авторы атанды.
Кездесуде алаң иелері аса басымдық танытты дей алмаймыз. Ойынның бірінші жартысында «Селтик» жиі шабуылдап, «Астананың» қақпасына қауіпті жағдайлар жасағанымен одан ештеңе шығара алмады. Ал екінші таймда керісінше, «Астана» алаң иелерінен сескенбей, тең дәрежеде өнер көрсетті. Егер матчта Эричтің қақпасына екі пенальти берілмегенде ойын тең есеппен немесе «Астананың» пайдасына аяқталар еді. Алаңда Қазақстан командасының қорғанып жүріп жеңіске жетуге мүмкіндігі болды.
Қазір әлеуметтік желіде отандастарымыздың қақпасына берілген екі 11 метрлік айып добы туралы көп әңгіме болып жатыр. Төрешіні айыптап, оны жерден алып, жерге салып жатқандары да бар. Рас, кездесуде төрешінің алаң иелеріне бүйрегі бұрып тұрғанын көрдік. Сол үшін де пенальтилер берді. Алайда тағы бір нәрсені ұмытпауымыз керек. Ол біздің ойыншыларға байланысты. Егер Шомко мен Шитов бір ойында екі реттен сары қағаз алып, соңынан қуылмағанда «Астана» ойынды тең есеппен аяқтауы да мүмкін еді.
Енді «Астана» жарысты Еуропа лигасында жалғастырады. Онда Еуропа лигасының соңғы іріктеу кезеңіне қатысады. Оның жеребесі бүгін тартылады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан»