Соғыс кезінен қалған кезекті құжат. Мәскеу түбіндегі Подольск әскери архивінен СС рейхсфюрері Генрих Гиммлердің жазған күнделіктері табылды. Тарихи құжатта 1938, 1942 және 1945 жылдары атқарған жұмыстары жазылған.
Немістің Bild басылымы күнделік ішінен бірнеше үзінділерді жариялады. Онда негізінен Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде концлагерь тұтқындарын аяусыз жазалағаны туралы мәліметтер бар.
Жазбада Бухенвальд лагерінде өзіне массаж жасалғанын, артынша 10 поляк тұтқынына өлім жазасын бергені айтылған. Сонымен қатар, ол СС мамандарына иттерді Освенцим тұтқындарын талату арқылы үйрету керектігі туралы тапсырма бергенін жазған.
1943 жылы жазған жазбаларының бірінде Генрих Гиммлер таңертеңгі уақытта Собибор лагеріндегі газ камераларын арнайы тексергенін, ал қас қарайғаннан кейін офицерлермен бірге кешкі ас ішкенін әңгімелейді. Сондай-ақ, күнделіктерінде отбасымен, дос-жарандарымен, СС басшылығымен байланысын сипаттаған.
Болжам бойынша, күнделіктер алдағы жылы тарихшылардың пікірімен қоса жарияланады.
Айта кетейік, Генрих Гиммлер – 1929-1945 жылдары СС рейхсфюрері қызметін атқарған және гитлерлік Германиядағы ең лауазымды тұлғалардың бірі болды. 1945 жылдың 23 мамырында калий циани ампуласын тістеп, өзіне қол жұмсаған.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»