• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
05 Тамыз, 2016

Сарбаздар да скайп қолданады

527 рет
көрсетілді

Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдеріне Ақмола өңірінен Отан алдындағы борышын өтеу үшін шақырылған сарбаздары интернет-скайп жүйесі арқылы онлайн режимде ата-аналарымен, туған-туыстарымен бейне-байланысқа шықты, деп хабарлады «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен. Бұл күні Ақмола облысы Көк­шетау қаласындағы Ұлт­тық ұланның 5510 әскери бөлі­міне осы өңірден Отан алдындағы борышын өткеру үшін аттанған сарбаздардың ата-аналары, туған-туыстары көптеп жиналды. Барлық әскери бөлімдердің бай­ланыс тораптары тексеріліп жүйеге қосылған соң, өңірлік сар­баздардың тамашалауымен Ұлт-т­ық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатов жауынгерлердің ата-аналарымен әңгіме-пікір өрбітті. Мұхаметқали Құсайынұлы жиналған қауымға Ұлттық ұлан тарихы, тыныс-тіршілігі мен сарбаздардың әскери өмірі туралы баяндап берді. Бас тәрбиешіге ата-аналар тарапынан да көптеген сұрақтар қойылды, соның басым көпшілігі бауыр еті балаларының амандығы болды. Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінде осы сәтті тағат­сыз­дана күтіп Ақмола өңірінің 50-ге жуық сарбазы отырды. Ұлт­тық ұланның Бас тәрбиешісі Мұхаметқали Сатовтың ата-аналармен құрған әңгімесін ұйып тыңдаған жас сарбаздар, тікелей байланыстан бірі анасын, бірі аға-әпкелерін көріп көзайым боп жатты. Әсіресе, бұл күні Мұ­хаметқали Құсайынұлы қызмет барысында көзге түсіп ерекшеленген сарбаздардың ата-аналарын арнайы грамоталармен марапаттады. Өз ата-аналарының марапатталғанын көрген жауын­герлердің қуанышында шек бол­май, ду қол шапалақпен қоше­меттеп отырды. Осылайша жалғасқан іс-шара барысы келесі әскери бөлімдерге ауысты. Айта кетейік, аталған іс-шара Қазақстан Қарулы Күштері бо­йын­ша Ұлттық ұлан әскерінде тұңғыш рет қолға алынып, 29 шілде күні Қостанай өңірінен ша­қы­рылған жас сарбаздар ата-аналары, туған-туыстарымен байланысқа шыққан болатын. Тәжі­рибеден сәтті өткен іс-шара бүгінде жалғасын тауып, алдағы уақытта да Қазақстан аумағының бар­лық өңірлерімен осындай байланыс орнату көзделуде.