Жуырда облысымызға кеңінен танымал, сексен жастағы ардагер фототілші Владислав Холин балаша қуанып, қолыма мына суретті ұстатып еді. Мұны әріптесіміз Бурабайдан емес, Сандықтаудың қалың ормандарынан түсіріпті. Өлкетанушылардың айтуынша, бұл ағаштың жасы 400 жылға, биіктігі 40 метрге, ені 2,5 метрге жуықтайды.
Мәселе мұнда да емес. Мәселе, 400 жыл бойы жұбын жазбай тұрған егіз қарағай өмір жайлы тағлымды ғақлиясында болса керек.
Өмірге құштарлықтың өнегесін ағаштар көрсететіндей. Бұған біздің өлкеде мысал көп. Бурабайдағы Оқжетпестің шынарындағы тасты жарып шыққан қарағайлар қайраттылықтың қуат қайнарындай жаныңызды сілкініске түсіреді. Ал, мың бұралған биші қайыңдар нәзіктік пен сұлулықтың символындай кеудеңізге қуаныш құяды. Қарап тұрсаңыз, мұндай суреттер көз алдыңызда ғажайып түрге еніп, көңілді көкке өрлетеді де тұрады.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы