[caption id="attachment_54765" align="aligncenter" width="560"] fdk.kz[/caption]
Рио-де Жанейрода Олимпиялық ойындар басталар алдында Қазақстанның дзюдодан ұлттық құрама командасының қарсыластары анықталды, деп хабарлады «Егеменнің» арнаулы тілшісі Бақтияр Тайжан.
Жеребе тарту рәсімінде 60 кило салмақтағы әлем чемпионы Елдос Сметовтың алғашқы айналымда Ливия балуаны Элкабиса Мохамед Елхадимен белдесетіні белгілі болды.
66 килода Жансай Смағұлов алғашқы айналымда бельгиялық спортшы Яипер Лефебермен кездеседі.
73 килода Дидар Хамза бірінші кездесуінде Гамбияның балуаны Файа Нжиемен белдеседі.
100 кило салмақтағы балуан Максим Раков жарысты екінші айналымнан бастайды. Ол эстониялық Григорий Минашкинмен кездеседі.
Ал әйелдер арасындағы белдесуде Отгонцецег Галбадрахтың да (48 кг ) күресі екінші айналымнан басталады. Ол Гвинея-Бисау спортшысы Тасиана Лимамен белдесетін болады. 63 килода Мариям Ордабаева бірінші айналымда қытайлық Ян Цзюньмен кездеседі.
Жеребе тарту рәсімінен кейін Қазақстанның ерлер құрамасының бас жаттықтырушысы Ермек Имамбеков өз ойымен бөлісті. «Анау жақсы, мынау жақсы деп айтуға болмайды. Олимпиялық ойындарға әрбір спортшы ұту үшін, елінің намысын абыроймен қорғау үшін келді. Сондықтан жеребе бойынша бір кездесу жеңіл болады, біреуі ауыр болады деп айта алмаймын. Жолымыз болып, жігіттеріміз нәтиже көрсетсе дейміз. Жаттығулар барысында үйреткен нәрселерімізді іс-жүзінде пайдаланып, алға қойған мақсаттарына жетсін деген тілегіміз бар. Спортшылар бір-бірін жақсы біледі. Гран-При, Әлем және Азия чемпионаттары сияқты жарыстарда талай кездескен. Кім психологиялық тұрғыда мықты болса, сол жеңіс тұғырына шығады», деді ол.
Естеріңізге сала кетсек, дзюдо жарыстары 6-12 тамыз аралығында өтеді. Елдос Сметов (60 кг) пен Отгонцэцэг Галбадрах (48 кг) жарысты 6 тамызда бастайды.
Дастан КЕНЖАЛИН