• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Ақпан, 2011

Әкім есеп берді? Ел не деді?

511 рет
көрсетілді

Іскерлік пен ізденіс –іргелі істер бастауы Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев халық алдындағы есебінде өткен жылдың ғана емес, өзі басшылық тізгінін қолға алғаннан бергі бес жыл­дағы дамудың қарқынды қадамдары мен алдағы міндеттер жайлы әңгімеледі. Маңғыстау облысы соңғы бес жылда әлеу­меттік-экономикалық дамуда елеулі нә­ти­­желерге қол жеткізді. Әлемдік қар­жы­лық және экономикалық дағдарыста да оң ба­ғыт­қа қадам бастық. Оған 2010 жылдың қоры­тындысымен ел өңірлерінің рейтнгінде көш­бас­шылық орынға шығудағы аймақ дамуы­ның негізгі макрокөрсеткіштері дә­лел. Ал бұл 2006 жылдың басында өңір­аралық бай­қау­да оныншы орында тұрған облыс үшін үл­кен жетістік. Негізгі байлы­ғымыз – халқы­мыздың саны бес жылда 1,5 есе өсті. Бұл рет­те алтын бесігіміз ауылдық жердегі ха­лық­­­тың өсімі 2,5 еседей болуы да көңіл қуан­­та­ды, деп бастады өз есебін Қырымбек Елеуұлы. Осы кезеңде ІЖӨ көлемі екі есеге өсіпті. Өнеркәсіп өндірісі көлемі де екі еседей өскен. Яғни, 2006 жылы өнеркәсіп өні­мі­нің көлемі 965 мың теңге болса, өткен жылы 1,5 трлн. теңгенің өнімі шығарылды. Оның бәрі соңғы жылдары шынытал­шықты және шы­ны пластикалық құбырлар шығару, жоғары қысымды сауыттар, металл құрылғыларын шығару зауыттары, болат балқыту өндірісі теңіз баржалары мен платформаларын, мұ­най металл құ­быр­ларын шығару, т.б. жаңа кә­сіпорын­дар­дың пайдалануға беріліп, өнім­дері өтімді бола бастағанының жемісі. Сондай-ақ өнер­кәсіптік өңдеу секторында да қар­қынды өсім бар. Бүгінде барлық ірі және орта кәсіпорынның шамамен 40 пайызы ИСО және SA сериясының халық­аралық сапа стандартының жүйесін енгізді. Бұл жұ­мыс өткен жылда алдыңғы жылмен салыс­тырғанда 39 пайызға өскен. Халық­арал­ық сапа стандарттарын енгізуді жан­дан­дыру мұ­най-газ секторының тауар­ларын, жұмыстары мен қызметтерін сатып алуда қазақстандық мазмұнның үлесін өсіруге ықпал етіп, бұл күндері облыс бойынша мұнай-газ сек­торы­ның үлесі 63,4 пайыз құрап отыр. Облыстың инвес­тиция­лық тар­тым­дылығы жыл сайын «Fitch» ха­лықара­лық агенттігінің рейтингімен рас­талып, бес жылда облыстың ха­лық­аралық рейтингі екі рет көтерілді. 2010 жы­лы индустрия­лан­дыру бағдарламасы аясын­да еліміздің ин­дустрияландыру картасына жаңадан жалпы құны 536 млрд. теңгені құрайтын 17 жоба енгізілді. Өткен жылы 9 жоба жүзеге асып бір мыңнан астам жұ­мыс орны ашылды. Олардың арасында Қа­зақ­станда алғаш рет салынған кеме жөн­дейтін, бұрғылау ерітінділерін дайын­дай­тын зауыт­тармен қатар, ТМД елдері ауқы­мында алғаш құрылыс жұмыстары үшін қабырға­лық қуыс жабын­ды плиталар шыға­ратын зауыт бар. Облыста мән-маңызы жағынан бірегей «Жер-Теңіз-Аспан» ықпалдастырылған ин­вес­тициялық мега-жобасы жүзеге асуда. Оның бір тармағы «Ақтау теңіз порты» ар­найы экономикалық аймағы – өңірлік эко­номиканы әртараптандырудың басты құ­рал­дарының бірі. Бұл күндері мұнда 3 кәсіп­орын жұмыс істеп, өнім шығарады, тағы да 8 жоба жүзеге асырылу үстінде. Каспий теңізінің қазақстандық секторын игерудің мемлекеттік бағдарламасы бойын­ша келешектегі ең ірі теңіз порты Құрық теңіз порты мен жұмыс­шы поселкесін да­мытудың бас жоспарын іске асыру жал­ғасты. Осында 11 әлеуметтік және инфра­құрылымдық ны­сан­дар іске асырылды. Қуаты жылына 40 мың тонна металл құры­лым­дарын шығара­тын Ерсай Каспий верфі­нің құрылысы аяқталып, қосалқы станса мен электрлен­діру желісі пайда­лануға берілді. Облыс ау­ма­ғында жаңадан транзиттік дәліз­дер құруға бағытталған ірі жоба­лар­дың бірі Ақтау халықаралық әуежайы­ның жолаушы­лар тер­миналы мен ұшу-қону алаңы салы­нып пай­да­лануға берілді. Ізденістер мен іргелі істер нәтижесінде өнер­кәсіптегі еңбек өнім­ділігі алдыңғы жылға қарағанда 7,6 пайызға арт­ты. Өңдеу сек­торын­дағы көр­сет­кіш 2009 жылмен салыс­тырғанда 3,4 пайызға өсті. Өткен жылы «Ақтау Сити» қала құры­лы­сының жобасын нақты іске асыру бастау алды. Қазір ондағы «Аққу» деп аталатын бірінші шағын аудан­ның алғашқы 6 тұрғын үйінің құрылысы жүруде. Жақын арада Қазақстанның Тұң­ғыш Президентінің зияткерлік мектебі мен екі жалпы білім беретін мектеп, спорт кешені, әрқайсысы 880 орын­дық үш бала­бақша, бизнес орталық, басқа да әлеу­меттік нысандар бой көте­рмекші. Азық-түлік рыногындағы жағдай ұдайы бақылауда ұсталады. Күнде­лік­ті тұтынатын негізгі тауарлар ба­ға­сы тұрақты. Тамақ өнім­дерінің 85 пайы­зы көрші елдер мен респуб­ли­ка­мыз­дың басқа жерлерінен жеткізіледі. Жалпы, бұл ретте облысы­мыз­дың Кас­пий маңы өңіріндегі Ресей, Түркі­мен­станмен сауда-саттық­тың тиім­­­ді жол­дары өмір­ге енуде. Өт­кен жылы төрт түліктің саны 17 п­а­йызға кө­бей­ді. Со­ның нәтижесінде ет, сүт, жұ­мыртқа өндіру 12 пайызға, шұбат өндіру 2 есе, ал сүттен жаса­латын өнімдер мөлшері 70 пайызға өсті. Өзіндік көкөніс – бақша өнім­дерін өндіру өсімі бір жылда 30 пайызға жетті. Шөлейт өңір­дегі ондай жетістікке жету­­ге салаға тамшылата суару техноло­гия­сын енгізіп, жылы­жай шаруашылық­тарын кеңейте түсу ықпал етті. Соңғы жыл­дары өңі­рімізде ұмытыла бастаған балық шаруа­шы­лығын дамыту жүйелі түрде қолға алынды. Жер қойнауын пайдаланушы компа­ния­­лардың облыстағы әлеуметтік саланы да­мытуға қосар үлесін ұлғайту бойынша да біраз жұмыстар істелуде. Бес жылда инвес­торлардың осы мақсатқа барлық шығын­дары 278 млн. АҚШ долларын құра­ды. Бұл осының алдындағы бес жыл­дағыдан 11 еседей көп. Өткен 2010 жылы ғана осы мақсатқа 92 млн. АҚШ доллары тартылды. Жалпы, соңғы жылдары өңір халқының әлеуметтік жағдайы жақсарып, көңіл-күйлері көтеріліп келеді. Облыстың барлық 56 елді мекені газбен, электр энергия­сы­мен, сумен, сандық байланыспен, теле­радио­хабарларының таратылуымен, интернетпен өткен жылы республикамызда бірінші болып 100 пайыз қамтамасыз етілді. Білім беру саласындағы жетістіктер атап айтуға тұрарлықтай. Бірыңғай ұлттық тесті­леудің орташа балы бойынша облыс республика өңірлері арасында 2006 жылға 14 орын­нан 2010 жылы бірінші орынға кө­теріл­ді. Мұғалімдер үйі, «Дарын» қосымша білім беру орталығы, ақпараттандыру оқу-әдістемелік орталық құрылды. Оқыту сапа­сын бағалаудың мониторинг жүйесі енгізілді. Облыс мектептерінің 98 пайызы кең­жолақты интернетке қосылды. Облыс осы көрсеткіш бойынша республика өңір­лері арасында екінші орында. 2010 жылы мектеп түлектерінің 97 пайызы жоғары оқу орын­дарына түсіп, 8 орта мектеп еліміздегі ең үздік жүз мектептің қатарына енді. Ал мектепке дейінгі тәрбие беретін орындарға келсек облыста өткен бір жылда 56 бала­бақша пайдалануға берілді. Бұл күн­дері мектепке дейінгі жастағы бала­лардың 72 пайызы бала­бақшамен қамтылып отыр. Осы жыл­дың ая­ғында бұл көрсеткіш 100 пайызға жетпекші. Денсаулық сақтау ісінде де ілгері бас­қандық бар. Осы сала тарихында нейрохирургия, офтальмология протездеу сала­сын­да жоғары технологиялық түрлері бойын­ша көмек көрсетіле бастады. Ана мен бала өлімі көрсеткіші азайып, 5 жыл ішінде ал­ғаш рет орташа республикалық көрсет­кіштен төмендеді. Бала туу көрсет­кіші елімізде ең жоғарғы көрсеткішке жетті. Өткен жылы ғана Шетпе, Бейнеу селоларында, Жаңаөзен қаласында аурухана үйлері пай­да­лануға берілді. Облыстық қан орталығы қазіргі заманға сай әсем ғимаратқа ие болды. Мәдени мұраны сақтау, бұқаралық спорт­ты дамыту бойынша жұмыстар атқарылды. Мемлекет басшысының қолдауымен Пір Бекет атаның 260 жылдығы, азаттық жолын­дағы халық батырлары Иса мен Досан қозға­лысының 140 жылдығы мерекеленді. Пір Бекет атаның жебеуімен азаматтардың жіті қимылы арқасында «Ата жолы» аталған автомобиль жолы мерзімінен бұрын пайдалануға берілді. «Ақтау Сити» жобасы аясында «Ақ­қу» шағын ауданы мен Мұнайлы ау­даны­ның жаңа орталығы «Батыр» ауылы­ның құры­лысы басталды. Спортты дамыту мақсаты­мен өткен жылы облыс бойынша 9 спорт залы ашылып, облыстық теннис орталығы­ның құрылысы басталды. Қырымбек Елеуұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жол­дауы­нан туындайтын міндеттерге орай 2011 жылы алда тұрған жоспарлар жайлы да әңгімеледі. Біз осы жылы облыс дамуының 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасын қа­был­да­дық. Ондағы ең басты бағыттар ин­дус­трия­лық-инновациялық даму бағдарла­масын одан әрі ойдағыдай жүзеге асыру арқылы – халық­тың әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейін арттыру, дей келе жинал­ған­дарға еліміздің индустрия­ландыру картасы­на жаңадан 3,1 трлн. теңге құрайтын 14 жоба енгізілгендігін, соның нә­ти­жесінде 26 мыңнан астам жұмыс орны ашы­латын­ды­ғын жеткізіп, жауапты адамдар­ға нақты тап­с­ырмалар берді. Және де облыс еңбек­кер­лерін барша қазақстан­дық­­тар­мен бір­ге осы жылы тойланатын Тәуелсіз­дігіміз­дің 20 жыл­дығында нақты жетістіктерге жетуге күш-жігер жұмсаудың қажеттігіне тоқта­лып, жиналғандар сауалы­на жауап қайтарды. Облыс әкімінің есеп беру жиынында об­лыстық мәслихаттың хатшысы Б.Шелпеков, облыстық аурухананың бөлім меңгеру­шісі Н.Тілепов, Бейнеудегі кәсіптік-техни­ка­лық мек­теп­тің директоры М.Насухаев, Жаңа­өзен қала­сының әкімі О.Сарбөпеев, Ақ­тау теңіз порты­ның директоры Б.Уан­дықов, «Маң­ғыс­тау­мұнай­газ» АҚ-тың бас директоры А.Айдарбаев, «Жайық-Каспий» экологиялық департаменті облыстық фи­лиалының басшы­сы Б.Ния­зов, «Отпан тау» мемлекеттік кәсіп­орнының директоры Қ.Озғанбаев, Маңғыс­тау темір жол бөлімінің бас инженері Т.Әміров, «Береке-бірлік» қоғам­дық бірлестігі­нің төр­аға­сы белгілі сәулетші, драматург С.Назар­бекұлы, Пір Бекет ата ұр­пағы, оралман Б.Аяпбергенұлы және басқалары өңірде әр саладағы қол жеткен биік жетістіктердегі об­лыс басшы­сы­ның іскерлік, ұтымды ұйым­дастыру­шы­лық ерекше қасиет­терін ел наза­ры­на беріп ризашылық сезімдерін білдірді. Оның жұ­мы­сына жоғары баға берді және де олар маң­ғыстаулықтарды еліміз­дің ертеңгі нұр­лы болашағы үшін 3 сәуірдегі Президент сайлауын­да Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, әлем таныған биік тұлға Нұр­сұлтан Назарбаев­ты бірауыздан қолдап дауыс беруге шақырды. Облыс әкімінің есеп беру жиынына Қазақ­стан Республикасы Президенті Әкім­шілі­гінің мемлекеттік инспекторы Д.Абаев қатысты. Жоламан БОШАЛАҚ, Маңғыстау облысы. Ауруын жасырғанның тағдыры қашанда белгілі Бұрын Тараз қаласы әкімінің бірінші орынбасары, одан кейін Тараз қаласының әкімі болып абыроймен қызмет атқарған Ертарғын Астаевтың Жамбыл ауданына әкім болып тағайындалғанына көп болған жоқ. Сондықтан аудан экономикасы мен әлеуметтік жағдайына байланысты туындаған бұрынғы-соңғы кемшіліктерді жаңа басшының басына үйіп-төгіп, аудара салу қиянат болар еді. Ел есепке «есінеу» үшін келмейді Ал есеп беру барысында аңғарылғаны, ауданның жаңа жетекшісі жұмысын біліктілікпен ұйымдастырып, ал жасақталған жаңа командасы белсене іске асыратын істер жетіп артылады екен. Жалпы, аудан облыс орталы­ғы­нан небары отыз шақырым жерде орна­ласқанымен, негізінен, егін және мал өсірумен айналысатыны белгілі. Тараз қаласы мен сол маңдағы зауыттарға барып жұмыс істейтін тұтас ауылдар да бар. Сондықтан болар, ауылдағы құнарлы жерді жамбасына басып алған жеке шаруа қожалықтарының  игеру, егу, өсіру, қайта өңдеу деген мәселеге келгенде атқарған істері көңіл көншітпейді. Мысалы, аудандағы егістікке жарамды 63 666 гектар алқаптың 59 660 гектары жеке иелікте екен. Бірақ өнім ойдағыдай емес. Әсіресе, Аса, Ақ­бастау, Айша бибі, Бесағаш, Жамбыл, Қара­төбе, Ерназар, Қаракемер, Қызылқайнар, Полат­қосшы ауылдық округтерінде жерді игеріп, одан мол өнім алуда мақтанарлық іс жоқ. Үкімет қант қызылшасын өсіруге қамқорлық жасап отырғанына қарамастан, 1200 гектар жерге егілген қант қызылша­сы­ның 50%-ы ғана өсіпті. Жиналған өнім – 6600 тонна. Ал бұл бөлінген қаржыны, төгілген терді ақта­майтын рәсуа тірлікке жатады. «Ауруын жасырған өледі». Сондықтан болар, ауданның жаңа басшысы өткен жыл үлесіндегі осындай кемшіліктерді ашық айтудан, өткір сынаудан жасқан­бады. Есеп тыңдауға жиналған шаруа қожа­лықтары иелері де ұялды. Ал қарапайым тұрғындар өздеріне мәлім де беймәлім кемшіліктерді бірінші рет естіп: «Е, бәсе», десіп қалған. Неге? Өйткені, ауруды емдемес бұрын ал­ды­мен оның диагнозын анықтап алу қажет. Демек, әкім есебінің астарынан ұққаны­мыз, аудан­дағы егін және мал шаруашы­лы­ғына, шағын бизнес пен өнеркәсіпке бұдан былай баса көңіл бөлінбек. Әлбетте, жоқты жасырмай айтумен бірге, бармен марқая білу де уәжіп. Бұл ретте аудандағы кәсіпкерлік пен өндіріс саласын­дағы өсу мен өрлеуге қуануға болатын сияқ­ты. Бұл күнде аудандағы шаруашылық нысан­дарының өнім өндіру көлемі кәсіп­кер­лік саласы бойынша 2 миллиард 333 миллион 927 мың теңгені құрапты. Яғни, бұрнағы жылмен салыстырғанда, 45  миллион 763 мың теңгеге артық. Өнеркәсіп саласы 2 миллиард 103 миллион 670 мың тең­генің өнімін өндірген. Ден­сау­лық сақ­тау, білім беру, мәдениет және спорт салаларында да ілгерілеу жетеді. Бірақ айтылмай қалған туризм саласы туралы тоқ­сан түрлі ой бар,  соның бірі – аталмыш аудан­дағы Айша бибі, Бабаджа қатын мазарларына келіп жатқан мыңдаған туриске (зиярат етушілерді туристер деп санау керек) лайықты қызмет көрсету және сол қызметтен түсетін қаржының есебі туралы мәселе! Біз бұл жө­нін­де бұрынғы-соңғы әкімдердің есебінен бір­де-бір мағ­лұ­мат алған емеспіз. Сірә, ауданның жаңа басшысы ауданның туризм саласындағы «көлеңкелі» жақтарды реттеп, туризм табы­­сын халық игілігіне жаратуға көңіл бөледі деп сенеміз. Халықтың әкім есебіне «есінеп» отыру үшін келмейтіні белгілі. Сөз сөйлеуге шық­қан­дар аудандағы Айша бибі – Қаратау асфальт жолының кезінде сапасыз жөндел­геніне, оған жұмсалған қыруар қаржының желге ұшқаны­на қатты ренжіді. Сондай-ақ, Райыс каналын жөндеуге 111 миллион теңге бөлінгенімен, оны іске асыруға тиісті «Бином» ЖШС-нің жұмысы тоқтап тұрғанына алаңдаушылық білдірді. Ал осы каналдан сылдырап аққан суды күтіп 300-ге жуық жеке шаруа қожа­лық­тары телміріп отыр. «Бином» қайда, су қайда?! Сонымен бірге, Жас өркен ауылының тұрғындары қырғыз тауларынан құлайтын лай көшкінінің қаупіне алаңдаса, «Қазфосфат» ЖШС-нің маңайына тым жақын орналасқан ауылдардың тұрындары зауыттардың улы түтіндері мен қалдықтарының салдарынан және Тараз қаласының шайынды суларының әсерінен түрлі ауруларға ұшырай бастаған­да­рын жеткізді. Ал аудан орталығының тұр­ғын­дары Ю. Гагарин атындағы мектептің әбден ескіргенін, соған байланысты ол жерде оқу­шы­­ларға сапалы білім, саналы тәрбие беруге мүм­кіндік қалмағанын айтты. Елбасының «100 аурухана, 100 мектеп» бағдарламасы бо­йын­ша осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алынған емхана нысаны да «сақалды» құры­лысқа ай­налған. Оның құрылысына толық жетеді деп бөлінген қыруар қаржы желге ұшты ма, әлде тендердің «10-15 пайызынан» дәмет­кен шенеуніктер мен жеке меншік компания иелері­нің қалтасына кетті ме, бір Аллаға ғана аян. «Еурохим-удобренияны» күтумен өткен ғұмыр Таластықтардың, оның ішінде кенді, кенішті Қаратау қаласы тұрғындарының «Са­ры­тас-Удобрения» компаниясының жолына қарап телміргеніне көп болды. Оны «Іске қосамыз» деген ресейлік «ЕуроХим-Удобрения» компаниясы да сонау Гамлет за­ма­нынан келе жатқан «Боламыз ба, әлде бордай тозамыз ба?» деген сауалға нақты жауап бермей діңкелетуде. Соған қарағанда, кейбір «билік дәліздеріндегі» талас-тартыс­тар қаратаулық қарапайым халықтың пай­да­сына шешілмей тұрған сияқты. Неге? Өйткені, бүгінде Жамбыл облы­сы­ның химиясы дегенде, тілге алдымен «Қаз­фосфат» ЖШС тиек болады. Ал ол өзіне бәсе­ке­лесті қалай ма? Әрине, жоқ. Ал талас­тықтар күтіп жүрген ресейлік «ЕуроХим-Удобрения» ЖШС келсе, «Қазфосфат» ЖШС-іне нағыз бәсеке пайда болады. Өйткені, Қаратау қаласындағы «Сарытас» АҚ зауыты негізінде минералдық тыңайт­қыш­тар өндірісін жолға қою көзделіп отыр­ған «ЕуроХим-Удобрения» ЖШС-нің жоба­сы өте ауқымды. Жоспарла­нып отырған өнім көлемі, яғни кешенді минералдық тыңайт­қыштар өндірісі жылына – 2,5 млн. тонна, күкірт қышқылы – 1,6 млн. тонна, аммиак өндірісі –700 мың, азот қыш­қылы өндірісі 360 мың тонна шамасында болады. Жобаның құны 600,0 млрд. теңге, оны шетел валюта­сы­на шақсақ 4,0 млрд. АҚШ долларын құ­рай­ды. Жобаны іске асыру кезең­дері 2009-2015 жылдардың еншісіне тимек. Жоба то­лық іске асқан жағдайда өңірдегі 3000 адамға жаңа жұмыс орны ашылады. Бірақ, өкінішке қарай, «Бүгінде Жаңа­тас­тан 3 кен орнын алдық. Осы кен орын­дары ашылғаннан кейін, Қаратау қа­ла­сын­дағы «Сарытас» АҚ арқылы алғаш­қы өнімді шығара бастаймыз. Бұл ойы­мыз келесі жылдың бірінші тоқ­са­нын­да жүзеге асып қалады. Үкімет пен тиісті министрліктер тарапынан ресейлік ком­пан­ияға ешқандай қысым жаса­лып жат­қан жоқ. Енді тек қана жұмыс істеу керек», деген компанияның бас директорының осыдан үш жыл бұрынғы сөзі әлі іске асқан жоқ.  Облыс­қа келген арнайы жұмыс сапарында осындай мәселеден хабардар  Елбасы Н. Назарбаев тиісті министрліктер мен компания­ларға «ЕуроХим-Удобрения» ЖШС-нің жо­ба­сына кедергі келтірмеу жөнінде қатты ескерткен болатын. Олар да өз кезегінде уәде берген. Бірақ одан бері тағы  бір жыл өте шықты. Сондықтан болар, төрт-бес жылдан бері айтылып келе жатқан «Жамбыл өңірін­дегі химия саласына «ЕуроХим-Удобрения» компа­ния­сы келгелі жатыр» немсе «Көп жылдар бойы тоқтап тұрған «Сарытас» АҚ-тың негізінде өндіріс орнын ашу жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр» деген сөзге халық онша сене қоймай­тын болған. Бұл сөз енді ауданның жаңа әкімі Айтқазы ҚАРА­БА­ЛЕВ­ТЫҢ аузы­нан да шықты. Сонда бұл «жыры» тау­сылмайтын неғылған компания? Аудан, облыс басшылары және Парламент депутаттары Үкі­метке шығып, тиісті министрлерге: «ЕуроХим­нің» қарапайым халықты жұмыспен, ал өңір экономикасын қаржымен қамтамасыз етуіне кім қарсы, кім мүдделі?» деп неге сұрау салмайды? Аудан әкімінің есебінде Елбасы Жо­лдауы­нан туындайтын тапсырмаларға орай ат­қарылып жатқан игі істер  мен алдағы уақы­тта қолға алынатын жұмыстарға толық есеп берілді.  Елді қуантқан хабар, биыл Тараз – Тегістік – Жетібай – Ойық және Ақкөл – Ойық – Ұланбел автожолдарының тозығы жеткен бөліктері жөнделеді екен. Сондай-ақ, С.Шә­кіров, Аққұм, Қызыләуіт ауылдарына апара­тын автомобиль жолдарын ағымдағы жөн­деу­ден өткізуге де қаражат бөлінген. Ауыл тұр­ғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыс­тары да қолға алынбақ. Әрине, ауданда шешімін күткен мәселе де баршылық. Мысалы, Қаратау қаласы­ның жылу жүйелерін жөндеу жұмыстарына қыруар қаржы бөлінгенімен, жұмыс әлі аяқталмаған. Қалада пәтер кезегінде тұрған адамдар көп. Соған қарамастан, есік-терезесі үңірейген көп қабатты тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына қаржы бөл­діру, инвестор тарту жұмысы көп жылдар­дан бері шешімін таппай келе жатыр. Ендеше, есепте айтылған өзекті мәселе­лер­ден көп ұзамай тиісті қорытынды шығаты­нына сенейік. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы. Ортақ мәселе алаңдатады Атырауда да аудан әкімдері халық алдындағы есеп беру жиындарын аяқтады. Жұртшылық әкімдерге көп ұсыныс айтпады. Аудандардың барлығында да әкімдерге алғыс білдірілді. Әрине, атқарған жұмыстары үшін. Дегенмен, проблемалар да қозғалды. Мәселен, Құрманғазы ауданының жұртшылығы экология мәселесіне алаңдаса, Исатай ауданының тұрғындары балалар алаңдары мен жалпыға ортақ қоғамдық моншаны қажет етеді. Ал өзге аудандар тұрғындарын не толғандырады? ЖАЙЫҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫ ЖАН АУЫРТАДЫ. Жайық өзені тартылып бара­ды. Бұл біздің ғана дабылымыз емес. Бұған ел-жұрттың жаны ауырып отыр. «Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, Индер ауданының жұртшылығы Жайықтың жағ­дайын осы кезден ойластыра бастады. Аудан әкімі Жангелді РАХМЕТҚАЛИЕВ­ТІҢ есебінде осы мәселе көтерілді. Жайық – трансшекаралық өзен, демек, бұған Үкімет араласса, сөйтіп, Ресей өзендерінен жіберілетін суға шектеу болмаса, дейді. Жайықтың суы былтырғыдай деңгейде болса, сөз жоқ, Атырау, Батыс Қазақстан об­лыс­тарында су тапшылығы байқалуы ғажап емес. Өйткені, Жайық – өзен бойын­дағы ауылдардың негізгі ауыз су көзі. Қазір оның суы тіптен төмендеді. Кей жері тіпті үзілуге жақындады. Осындай жағдай Құр­манғазы ауданындағы Қиғаш өзеніне де тән. Бұл да трансшекаралық өзен болған­дықтан су Ресейден келеді. Соңғы кезде Қи­ғаш та шөміштен қағыла бастаған сыңайлы. ДОССОРҒА КҮКІРТТІ КІМ ӘКЕЛ­ГЕН? Бұл мәселе Мақат ауданының әкімі Қилымғали ҚАЙНЕНОВТІҢ халық ал­дын­дағы есебінде көтерілді. Доссор кентінде тұратын ардагер Елемес Үмбетов: «Құлсарыдан әкелінген күкіртті Доссорға төгетін болыпты. Доссорлықтардың жаны жоқ па? Бұл қалай сонда?» деп сауал тастайды. Ол сонымен қатар, Доссордың таза болғанын, сол мақсатқа арнайы көлік бөлінгенін қалайды. Қария алаңдағанын­дай, Доссорға күкіртті кім әкеліп жүр? Не мақсатпен? Бұл сауалдар әрине, тиісті орындарды да мазалайтын шығар. Анық-қанығы кешікпей анықталып, кінәлілерге шара қолданылатынына сенеміз. Мақат жұртшылығын алаңдататын тағы бір мәселе – Ескене кентінің келешегі. Кезінде мұнайшылар үшін салынған кент­тер­дің үшеуі – Комсомол, Қошқар, Бекбике был­тыр Атырау қаласы мен Махамбет ау­данына көшірілді. Енді Ескене тұрғын­дары да жаңа мекенге көшкенді қалап отыр. Әзірге кент тұрғындарының қайда, қашан көшетіні шешімін тапқан жоқ. Және бұл бір күнде шешіле қоятындай оңай шаруа емес. Аудан әкімі­нің есебіне қатысқан облыс басшысының бірінші орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ Ескене кентін көшіру үшін өңірдегі мұнай кәсіпорындарының көмегіне жүгінуге тура келетінін айтты. Қалай болғанда да, Ескене кенті ескерусіз қалмайтын секілді. ҚҰЛСАРЫҒА КЕРЕМЕТ КЕЛБЕТ ҚАЖЕТ. Құлсары –Жылыой ауданының орталығы. Бұрын кент еді, қазір аудандық маңыздағы қала деген дардай аты бар. Бірақ 10 жылдан бері қалалық әкімдігінен басқа не бюджеті, не мәслихаты жоқ. Мүмкін талап осылай болар. Құлсарының қала атанғанына жылыойлықтардың қуан­ғаны рас. Өйткені, «Құлсары қаласында тұрамыз» дегеннің өзі неге тұрады? Енді осы Құлсарының келбеті әр тұрғынның мақтанышын туғызатын қала атына лайық па? Рас, аудан орталығында абаттандыру, көркейту жұмыстары әсіресе, өткен жылы кең қанат жайды. Қала ішіндегі көшелерге жолдар салынды. Гүлзарларда әралуан гүлдер гүлдеді. Осындағы көп қабатты үй­лер­де жылу, ауыз су құбырлары ауыстыры­лып жатыр. Қаланың жаңаша келбетпен дамитын кезі келді. Әсіресе, көп қабатты тұрғын үйлердің еңсені езердей сұрықсыз кейпін жаңарту қажет шығар. 1899 жылы алғашқы мұнай бұрқағы алынғалы бері «қара алтыны» толастамаған Құлсарының бүгінгі келбеті көңілден шыға қоймайды. Жылыой ауданының әкімі Рахметолла НҰҒЫМАНОВТЫҢ есебіне қатысушы­лар Құлсарының келбетіне назар аударыл­ғанын қалайды. Мәселен, аудандық газет­тің редакторы Сәулеш Шәтенова «Бірде сәу­летшіден сұхбат алғанмын. Сонда ол «Құлсары негізінен қазақы үйлерден тұра­ды екен. Ал шын мәнінде қала саналуы үшін барлық инженерлік инфрақұры­лым­мен сенімді қамтамасыз етілген биік үйлер керек. Әйтпесе, ол үлкен ауылға ұқсайды», деген-ді. Сондықтан енді зәулім ғимарат­тар да қажет. Олардың қатарында мұра­жай, жастар бас қосатын орын, әрине, аудандық газеттің редакциясы болғаны жөн», дейді. Жұрттың көкейіндегі орынды ұсыныстың қолдау табатынына сенеміз. ҚЫЗЫЛҚОҒА ЕНДІ ҚИНАЛМАЙ­ДЫ. Бұл кезінде артта қалған ауданның бірінен саналатын. Себебі, ауданда тек мал шаруашылығы ғана дамытылып, төрт тү­лікті түгел өсірген малшылар көшіп-қо­нып жүретін. Айтпақшы, осындағы Тайсой­ған полигонында бірнеше рет аспанға «саңы­рау­құлақ» ұшырған сынақтар жасалғаны әсте ұмытыла қоймайды. Қызылқоғаға келуге, әсіресе, жас мамандар мүлде қызық­пайтын. Енді бәрі басқаша. Осы ауданда жер астынан бұрқақша атқылаған мол мұ­най алынып жатыр. Аудан әкімі Берік­қали СӘРСЕНҒАЛИЕВТІҢ айтуын­ша, былтыр 645 мың 800 тонна мұнай өндірген «Қай­нар» және «Мәтен» кәсіпорын­дары­ның қатары биыл тағы бірге көбейіп, «Сағыз Петролеум Компани» осы аудан аумағынан мұнай алуды бастамақ. Ал мұнай бар жерде жұмыс болатыны даусыз. Демек, Қызылқоға ауданы үшін тағы да қосымша жұмыс орны ашылады. Қазір бұл ауданда проблема жоққа тән. Бұрын тұрғын­дар қыста үй жылыту үшін мал тезегін, көмір жағатын. Жер астындағы құдық­тан, не көлік­пен тасыған суды ішетін. Соңғы екі-үш жыл­дан бері бұлай емес. Әр ауылға газ желісі, ауызсу құбыры жетті. Темір жол бойындағы ауылдарға газ желісі барып тұр. Ауданды газдандыру мамыр айына таман аяқталмақ. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.