Көкек аналарға жәшіктің керегі бар ма?
Шетелде тастанды сәбилерді тастайтын Бэби бокс деген жәшіктердің пайда болғанына біраз жылдың жүзі болды. Оны шіркеу қызметкері 1198 жылы Рим Папасы Иннокентий ІІІ ойлап тауыпты. Сол заманда қиындық көрген аналар омыраудағы нәрестелерін Тибр өзеніне ағызып жібереді екен. Судың ағысы жағалауға лақтырып тастаған өлі сәбилерді көрген Рим Папасы жаны ашып храмның қабырғасына осындай жәшіктер орнатқызған десе-ді. Баланы тастаған кезде қоңыраудың сыңғырлаған үнінен шіркеу қызметкерлері келіп, сәбиді алып кететін болған. Кейін бұл тәжірибені көптеген мемлекеттер өз керегіне жаратып жатты.
Енді елімізде осындай «Өмір терезесі» деп аталып кеткен жәшіктер қойылады екен деген сөз ел арасында желдей өсіп жүр. Осы тақырып жөнінде «Аналар үйінің» атқарушы директоры Бибігүл Махметова және Қыздар педагогикалық университетінің оқытушысы, психолог Жұпаргүл Бейсенова ханыммен сұхбат жүргізген едік.
– Алматыда тұңғыш рет тастанды балаларға жәшік ашылады деген жаңалық халықтың төбесіне жай түсіргендей болғаны рас. Осы тұрғыда тастандылардың тағдырына кім араша түседі? Бақытты балалық шаққа балта шауып жатқан жоқпыз ба?
Бибігүл Махметова:
– Аналар үйі қоғамдық қоры 2014 жылы бастау алған «Бэби бокс» қазақша атауы «өмір терезесі» деп аталған жобаға қатысқан болатын. Тіпті, екі жәшік те сатылып алынып қойған. Алайда, Үкімет бұл жобаға әлі де дайын емес еді, 2016 жылы кең көлемде резонанс тудырған бұл мәселе қоғамда кеңінен талқыланып сарапқа салынып, түрлі сыни пікірлер тудырды. Қазіргі тастандылардың тағдырын мемлекеттік ұйымдар шешуді қолға алып жатыр, әрі қарай құқық қорғау органдары мен Ішкі істер қызметінің мамандары және бала асырап алушы мамандар жауапты деп есептелінеді.
Жұпаргүл Бейсенова:
– Еркек ұрпақты тәрбиелесе, әйел ұлтты тәрбиелейді... Осы бір қанатты сөз ойыма оралып отыр. Әлемдегі күннен кейінгі болмысы мейірімнен жаратылған асыл жандар – қыз-келіншектерімізге айтылған осындай сипаттағы бейнелеуге лайықты қыздарымыздың азайып бара жатқаны жаныңды ауыртады.
Бірақ біздің «абайсызда алданып қалған» қыздарымыз сол «жәшіктерге» қаншалықты саналы тұрғыда барып, баласын салады, қаншалықты психологиялық тұрғыда дайын деген күмәнді, күдікті қаншама ойлар келеді... Менің ойымша, бұл жәшіктер туралы, оны не үшін орнатып жатқаны туралы ақпараттар әлі де болса халық арасында жеткіліксіз, сонымен бірге, біздің мемлекетімізге бұл жағдайды дұрыс қабылдауы үшін біраз уақыт керек сияқты.
– Аналар үйі тастанды балалар санын азайтуға қаншалықты үлес қосып жатыр? Тастанды балалар саны елімізде орта есеппен қанша, сіздерге жылына қанша ана баласымен қабылданады?
Бибігүл Махметова:
– Аналар үйі қоғамдық қорының арқасында 1,5 жасқа дейінгі балалы болудан бас тартқан әйелдердің 60 пайызының алдын алып отырмыз. Елімізде «Аналар үйі» жобасымен 24 кризистік орталық ашылған болатын. Жылына 65 әйел түседі, осы жылы 7 айлық баласымен 460 әйел орналастырылды. Үш жылда «Аналар үйі» қоғамдық қоры 1670 әйел мен балаға көмек қолын созды.
Жоба толығымен қазақстандық кәсіпкерлердің тарапынан қаржыландырылуда. «Аналар үйі» өмірде түрлі қиындық көрген жүкті және нәрестелі болған аналарға психологиялық, медициналық материалдық тұрғыда бір жарым жасқа дейінгі баласы бар ата-аналарға көмектеседі әрі қарай қызметке тұрып қоғамда өзіндік орнын қалыптастыруға жағдай жасайды. Аналар үйіне келген әйелдер түрлі курстардан өтеді, тігін тігу, тоқыма тоқу сияқты кәсіп түрін игеріп болашақта баласын асырау үшін жұмысқа орналасады. Психологиялық тұрғыда аналарымыз өз-өзіне сенімді, әрі қарай қоғамның толыққанды жеке мүшесі ретінде өмір сүреді.
– Сіз тастанды сәбилерді құтқарудың қандай жолын ұсынар едіңіз? Бірлігі жарасқан бүтін отбасы болып қалу үшін жастарымызға қандай ақыл-кеңес айтасыз?
Бибігүл Махметова:
– Көбіне баладан бас тартатын жасөспірімдер мен студенттер. Оларға педагогикалық-психологиялық көмектер көрсетіп, ата-аналары мен мұғалімдерімен жиі кездесу ұйымдастырып, ақыл-кеңес үйретіп тұру керек. Жаңа оқу жылының басынан бастап біз осы мәселеге орта мектеп және ЖОО-ларға арнап насихаттау кеңестерін жүргізуді қолға аламыз. Сонымен қатар, отбасын сақтау орталықтарын дамытып жас буынға ерте жастан кәсіби мамандар-психолог, заңгер, мұғалімдер тегін жиі кеңес өткізіп тұру керек.
Жұпаргүл Бейсенова:
– Әрине, тым құрыса, жазықсыз нәрестелерді унитазға, күл-қоқыстың арасына, әжетханаға және т.б. тастап кеткеннен, сол «жәшіктерге» қалдырып кеткені дұрыс деп ойлайсың. Онсыз да рухани азғындаған жастарымыз, аналарымыз бен әкелеріміз мұны қалай қабылдайды? Бұл үлкен мәселе... Бірақ кез келген нәрсенің екі жағы бар демекші, мұның көкек аналарымыз бен соған қатысты жігіттеріміздің отбасы, бала алдындағы жауапкершіліктерінің төмендеуіне алып келетіні тағы бар. Біздің елімізде осындай жағдайлардың болуына ең бірінші қыздарымызды кінәлайды, ал көп жағдайда соған қатысты ең жауапты тұлғаның бірі – жігіттеріміз тасада қалып қойып жатады.
Айман МҰҚЫШЕВА