• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
10 Тамыз, 2016

Төңірегіне шуақ шашқан

418 рет
көрсетілді

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», – деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз болудың теңізіне бойлап, ағарту саласында талмай еңбектенген ұлағатты жандар арамызда аз емес. Солардың бірі – бар ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге арнаған ұстаз, ардақты әже Жібек Шәріпова. Иә, бүкіл саналы ғұмырын ұрпаққа тәрбие беру жолына сарп еткен Жібек Шәріпова жайлы ой толғардың басында, ең алдымен, еске түсетіні тек оның жақсылықты жар салып жүретін ақпейіл мінезі мен аналық қамқорлығы. «Жақсы жайлы сөз қозғарда жақсы ойлар еске түседі» деген осы шығар. Ол 1936 жылы 6 тамызда бұрынғы Ақмола қаласында (Қазіргі Астана) Шәріп атамыз бен Зейнеп анамыздың шаңырағын шаттыққа бөлеп, дүние есігін ашқан. Балалық шағы сұрапыл сұм соғысқа дәл келген Жібек бар мен жоқтың қадірін біліп өсті. Ауырға мойымай, жеңілге желкілдемей жетілді. Әкесі Шәріп Қайыпұлы сол тұста қазақтан шыққан маңдайалды халық ағартушыларының бірі, иман мен сауап­ты өмірінің мәніне айналдырған текті жан болатын. Ол Мәскеуде білім алып, Ақмолада ең алғашқы теміржол училищесін ұйымдастырып, өзі негізін қалаған оқу орнының алғашқы директоры болған. Кейін Қостанай облысы бойынша оқу-ағарту ісіне тартылып, сол өңірде біршама ауылдық мектептерге басшылық жасады. Ш.Қайыпұлы жаңа қалыптасып жатқан оқу орындарының қазығын қағып, жастарға оқыту мен білім беру істерінің бастамашысы болды. Оның бастамасымен көптеген білім ошағы мен балалар үйі ашылған. Сөз арасында айтарымыз, бұл аймаңдай азаматтың небәрі 27-ге жетер-жетпес шағында атқарған дүниелері еді. Әттең, арыстай азаматтың асыл арманын, ізгі жолын 37-нің зұлматы кесті. Дерекке сүйенсек, сол тұста Ақмола облысында 8 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраса, оның ішінде 2 мыңнан астамы ату жазасына кесіліпті. Солардың арасында асыл азамат Шәріп те бар еді. Осы қанқұйлы жылдардың жазықсыз құрбаны болған адамдардың есімдерін әрқашан есте сақтау, ақтаңдақтар ақиқа­тына тереңірек мән беріп, ұғыну – бүгінгі ұрпақ парызы. Шәріп Қайыпұлына 1938 жылдың 13 тамызында ату жазасы деген үрейлі үкім шығарылып, ол үш күннен соң орындалған. Осылайша, артында еңіреп азаматын жоқтап екі бірдей қызымен жұбайы Зейнеп қала береді. Өмір есіл ердің отбасын қиыншылықпен күресе білуге, тағдырдың басқа салған ызғарлы өкпегіне мойымай, қайсарлық танытуға шыңдады. Осы тауқыметті кезеңде қайрат көрсеткен Зейнеп екі баласын өсіріп қана қоймай, олардың жұрттан қалмай жоғары білім алуына, адам қатарына қосылып кетуіне бар жағдайды жасады. Тіпті, Зейнеп анамыздың адал еңбектің қара нары, сол тұста Ақмола өңірінде атағы шық­қан шебер тігінші болғанын айта кеткеніміз жөн. Анадан алған өнегесімен үлкені Жібек ұстаздық жолды, кенжесі Гүлнар теміржол саласын таңдап, абырой биігіне көтерілді. Тумысынан білімге құмар Жібек мектептен соң қазіргі Астанадағы педа­гогикалық училищеге оқуға түседі. Оны 1954 жылы үздік бітіріп шығады. Әрине, «халық жауының қызы» деп төмендету, сөзін жүре тыңдау сынды шәлкеу өмірді де Жібек апай жастайынан көріп өсті. Бірақ, қайратты қыз бұған мойы­май, оқуда үздік үлгерімімен, еңбекте жетістіктерімен көзге түсті. 1955 жылы Қарағанды өңірінің тумасы Жүкен Садықұлымен шаңырақ көтерді. Жүкен аға да ел үшін елеулі еңбек еткен алғадай азамат болатын. Жүкеннің әкесі де 37-нің қызыл қырғынында оққа байланып кеткен екен. Бір жағынан екі мұңлықтай болған жастың бірін-бірі үнсіз түсініп, тату-тәтті өмір сүруіне өмір жолдарының ұқсас болғаны да септес­кендей еді. Отағасы да бар өмірін оқу-ағарту ісіне арнаған. Жезқазған, Ақмола облыстарындағы мектептерде директор, Целиноград қаласының білім бөлімінде жауапты қызметтер атқарды. Елімізге білімді ұрпақ керектігін, ол үшін білікті ұстаз қажет екенін білетін дара ойлы азамат жан жары Жібектің училищелік біліммен тоқтап қалмай, әрі қарай оқуын жалғастыруына мүмкіндік жасады. Осылайша, Жібек Қарағанды педагогикалық институтын үздік бітіріп шықты. Жібек апайдың бақыты – Жүкен ағадай еңбекқор, қайырымды, кішіпейіл жұбайының болғандығы десе де болады. Жүкен Садықұлы 1963 жылдан Ақ­мола облысы, Целиноград ауданындағы Шалқар ауылының орта мектебінде директор бола жүріп, өмірінің соңына дейін осы қызметін жемісті атқарды. Тағдырдың жазуына не шара, асыл азамат бар болғаны 39 жасында, 1968 жылы жүрек талмасынан бақилыққа аттанып кете барды. Артында үш қыз, бір ұлымен – шиеттей төрт баламен еңіреп, отыз екі жасар жұбайы қала берді. Қиыншылық көрсе де, аналық парызын адал атқарып, әкелерінің жоғын жоқтатпай, өмірдің ыстығы мен суығына күйген Жібек ана балаларын жеткізді. Ауылдық мектепте зейнеткерлікке шыққанша, тарих пәнінің мұғалімі болды. Асыл жанның барлық еңбек өтілі 42 жылдан асады екен. Міне, ұлағатты ұстаз жолы деген осы да. Жібек апайдың бір ерекшелігі, оның ұстаздық іске бар жан дүниесімен, болмысымен шынайы берілгенінде. Тіпті, сыныптан сыныпқа өте алмай қалған үлгерімі нашар балалар Жібек апайдың сыныбына келсе, міндетті түрде жақсы оқып, тіпті, өз қатарларын қуып жететін. Қазір сол азаматтардың алды елудің ар жағында, бір-бір шаңырақтың ұйтқысы, немере сүйіп ата болып отыр. Жібек апай нашар оқиды деген шәкіртке, ең алдымен, сенім білдіріп, сол кездері жауапкершілігі жоғары старос­та, спорт, тазалық, оқу секторы сияқты қоғамдық жұмыстарға сайлап, жұмыс істетіп, оқымайды деген шәкіртті оқытып шығаратын. Әрбір баланың жеке қасиетін дамытуға көп көңіл бөлетін. Сабырлылық, іскерлік танытып, шәкірттеріне сабақты өз бетінше қызығып оқитындай жағдай жасайтын. Бұл да ұстаздың шеберлігі. Орыс және шетел классиктерінің шығармаларын сүйсіне оқыған Жібек апай қазақ ақын-жазушыларының туындыларын да зейін қоя оқып шыққан. Әсіресе, Абай мен Шәкәрімнің еңбектері оған ерекше әсер етсе керек. Хәкім Абай­дың қарасөздерінен нәр алған Жібек апай оқушыларының жігерін жанып оқытатын ұстаз болды. Ұлағатты ұстаздың көп жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ақмола облы­сында ең алғашқылардың бірі болып «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» мәртебелі атағын алды. Есімі білім басқармасының Құрмет кітабына енгізілді. Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткен табыстары, еліміздің өркендеуіне қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Бүгінде Жібек Шәріпқызы берекелi шаңырақ иесi, ұл-қыз өсiрiп, келiндi болып, немере-шөбере сүйген қадiрмендi әже. Енді толысып, кемелденген шағында өмірден бақиға кете барған аяулы отағасы Жүкеннің орнын жоқтатпай, оның тұяғы болып қалған бір ұл, үш қызын өзі жеткізді. Бүгін солардың ортасында, немере-шөберелерінің әр қылығына сүйсініп бақытты ғұмыр кешіп отырған жайы бар. «Менің бар бақытым – балаларым, дейді Жібек апай. – Мен оларды келін, күйеу бала деп бөліп жармаймын. Бала­ларың қанша дегенде, барлығын қосып айтамын. Әзірге олардан 12 немерем, 9 шөберем бар. Соларға шүкірлік етемін». Батыр атамыз Бауыржан Момыш­ұлы «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақ­тарды ұстаз тәрбиелейді. Бола­шақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз», – деген екен. Иә, ұстаз жүгі қашанда ауыр. Сол жүкті мойымай көтеріп, кемел келе­шектің кепілі – жастарға білім беруге бар ғұмырын арнаған Жібек Шәріпованың өмір жолы өзгелерге өнеге бола бермек. Арман ӘУБӘКІРОВ, журналист