• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Тамыз, 2016

Ертісті еншілеген күн

415 рет
көрсетілді

Соңғы жылдары түрлі атаулы күндер пайда болуда. Әрқайсысының өз ерекшеліктері, маңыздылығы бар. Павлодарлықтар да «Ертіс күнін» биыл үшінші рет атап өтті. Әрине, «Павлодар география үйі» қоғамдық бірлестігі облыс әкімдігінің қолдауымен, «Қазхром» АҚ ТҰК (Еуразия тобы құрамында (ERG) бірлесіп өт­кізген бұл күн – Ертіс өзені жа­ға­сында орналасқан облыс ор­талығы, әсем қаламыз үшін атына заты сай лайықты мереке. Бір уақытта өзенде 100 үлкен, 2 мың кіші кемелер жүріп өтіп, су бетінің сәнін келтірді. Қайықтармен жүзу жарысының өзі 4 күнге созылды. Олим­пиадалық спорт түрінің бірі – ескек есуден енді өңіраралық жа­рыстар өткізу де жоспарлануда. Жалпы, бұл күннің мақсаты – Ертіс өзенінде спорт, су ту­ризмін жасау, Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншілік, өткеннің іздерін іздеу, саламатты өмір салтын насихаттау. Жағалауда «Туризм PVL-2016» көрмесі де ұйымдастырылды. Біздің облыс пен Ресейдің жағалауда құрылған шатырларында шеберлер, суретшілер, қолөнершілер «Ертістің түрлі-түсті тамшыла­ры» атты көркемөнер карти­наларының, «Адам және су» атты су өнімдерінің, «Ертіс дарындылары» шығармашылық жұмыстарының көрмесін, кеме үлгілерінің экспозицияларын көрсетсе, туристік сала өкілдері де өз жұмыстарын паш етті. Көрмеге шығарылған туындылардың арасында қаладағы көркемөнер, су­рет мектебінің оқушылары жаса­ған кемелер ерекше көзге түсті. Бір кемені жасау үшін жарты жылдан екі жылға дейін уақыт кет­кен көрінеді. Ал осы атаулы күнді өткізуге бастама жасаған ұйымдастырушы, облыс орталығындағы «Геогра­фия үйінің» директоры Александр Вервекиннің айтуынша, жалпы, шара барысында тұрғындар, жас­тар, балалар, біріншіден, Ертіс өңірінің тарихы және географиясымен танысуға мүмкіндік алды. Орыс география қоғамының Омбы өңірлік бөлімшесінің Омбы-Ямышево-Омбы «Дорогами Бухольца» халықаралық экспедициясы өкілдерімен кездесті. Экспедиция Омбы қаласының 300 жылдығына арналыпты. Соңғы уақытта трансше­каралық Ертіс өзені жайлы жиі ай­тылады. Суы азайып барады деп мұңайдық. Қалың зауыттар орналасқан өз өңірімізде ағып жатқан өзеннің, әрине, экологиялық ахуалы да ойлантады. Өзен арнасы биыл шүпілдеп ернеуінен асып-төгілді. Би­ылғы Ертістің бұлай мінез көр­сетіп тасуы да ғажап көрініс еді. – Сондықтан, «Ертіс күні» деп атап өткіміз келгені – ел назарын аудару. Біздің мақсатымыз – үш елдің ортасында ағып жатқан өзен­ді қорғау, сақтау, қазіргі өсіп келе жатқан балаларға оның ма­ңыз­дылығын, қажеттілігін жет­кізу, – дейді Александр Вер­векин. Айтса айтқандай, өсіп келе жатқан ұл-қыздар бірінші кезекте өз жерінің, елінің тарихын, өткенін білулері керек дегенді жиі айтамыз. География, тарих арқылы еліміздің қай жерінде қандай тарихи орындар, өзендер, көлдер, обалар, қорғандар, таулар тұрған жер сырын білу үшін «Ертіс күні» сияқты танымдық шаралар өткізу әбден қажет. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» ПАВЛОДАР