Зайсан ауданы тұрғындарының сүйікті орнына айналды
«Кітап – білім бұлағы» деп қалай орынды айтылған. Осыдан 50 жылдай бұрын білім ордасының қара шаңырағы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түскенімізде ұстазымыз, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннен дәріс алғанымыз бар. Кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қара домалақтардың білімі мен іліміне көңілі толмаған академик ағамыз «Оу айналайындар-ау, ертең диплом алған соң журналист боласыңдар, ал бұл мамандық терең білім мен біліктілікті қажет етеді, ендеше, уақыттарыңды бос жібермей, газет-журнал, кітап оқыңдар, ал кітап дегеніміз рухани азық, сананы сілкінтеді, білімді боласыңдар деуші еді. Сондықтар болар, сол кездегі студенттер кітапханадан шықпайтын, жаңа шығармаларды іздеп жүріп оқитын. Ал қазіргі жастар ше?
Бұл сауалды жақында Зайсан ауданындағы орталық кітапханада болғанымызда, мекеме директоры Раиса Самархановаға қойған едік.
– Қазір ересектер де, жастар да кітапханаға жиі келеді. Ауданның барлық елді мекендерінде, яғни, сегіз ауылдық округте кітапханалар жұмыс істеп тұр. Аудан бойынша кітап қоры 105 мың дана, ал бізде 46700 кітап бар. Облыстық Пушкин атындағы кітапхананың директоры, «Құрмет» орденінің иегері Хабиба Ақжігітова бізге үнемі қолғабыс жасап тұрады, 2012 жылдан бері сол кісінің қамқорлығы нәтижесінде «Ирбис» бағдарламасы бойынша электронды каталогқа кітап тізімі енгізілді, келіп кітап оқимын деген оқырмандар қажетті оқулықтар мен көркем шығармаларды тез тауып алып жатады. Біріккен Ұлттар Ұйымының «Даму» бағдарламасы бойынша экранды 3 бейнепроектор сатып әперді. Қазір мемлекеттік қызметкерлер және жоғары мектеп оқушылары тест тапсырамын десе, бізде білім сапасын тексере алады. Аудандық кітапханада және Қараталдағы кітапханада он-лайн кестесі бойынша қызмет көрсетуде. Бұл күндері тек Зайсан қаласы бойынша 4 300 ересектер, бір жарым мың оқушылар кітапхана қызметін пайдалануда, – деді кітапхана директоры.
Кітапхананы араладық. Сөрелердегі кітаптар ұқыппен жиналған, тазалық байқалады. Мұнда қазір 7 кітапханашы қызмет етеді. Жалақылары биылдан бастап 40 пайызға өскен. Бір бұрышта «Зайсан ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әубәкір Дастанұлы Нілібаев өзінің туған өлкесіне жеке кітаптар қорын сыйға тартты» деген жазу көз тартады.
Алматылық қаламгерлер Әубәкір ағамыздың кітап қорының молдығы жайлы жыр қылып айтатынын сан мәрте естігенбіз. Осыдан алты жыл бұрын қаламгер ағамыз Зайсанға келген сапарында ақыннан жеке кітапханаңызда қанша кітап бар деп сұрағанымызда, сақтық жасап, шынын айтпаған, Алматыда менен кітап қоры көп бір-екі адам ғана бар деп жымиған. Өзінің сексеннен асқан ғұмырында байлық емес, кітап жинаған Әубәкір Дастанұлы соңғы рет кіндік қаны тамған өлкесіне келгенде жеке кітап қорынан 400 кітапты сыйға тартыпты. Кітап болғанда қандай, қолға түсе бермейтін шетелдік классиктердің, атап айтқанда, Фирдоуси, Науаи, Александр Блоктың сирек кездесетін жырлары, Тагордың бірнеше томдары енді Зайсан ауданы тұрғындарының игілігіне арналған. Қазақтың белгілі ақыны, Үндістанның Тагор атындағы халықаралық сыйлығының лауреаты Нілібаев ағамыздың өнегелі ісін басқалар жалғастырып жатса, қанеки, дейміз де.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында аудандық кітапхана тағы бір игілікті шараны қолға алыпты. Кітапхана қызметкерлері ауылдарды аралап, жерлес жазушылар шығармаларының көрмесін өткізе бастаған. Жақында Үлкен Қаратал ауылында Ұлы Отан соғысының ардагері, ұстаз Оразбай Тұрғанбайұлы атындағы саябақтың салтанатты ашылуында кітапхана директоры Раиса Самарханова жерлес ақын-жазушылардың кітап көрмесін ұйымдастырды. Адамдарға жан шуағын сыйлаған кітапхана қызметкерлерінің ісіне сәттілік тілейміз.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
журналист
Шығыс Қазақстан облысы,
Зайсан ауданы
Суретті түсірген автор