• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Тамыз, 2016

Бизнес біліктілікпен биіктейді

330 рет
көрсетілді

Қазақстан тәуелсіздігімен бірге түлеп, Семей өңірінде қанатын кең жайған кәсіпорынның бірі – «Сәуле» ЖШС. 1990 жылдардың басындағы қоғамдық формация күрт өзгеріп, көпшілік оң-солын айыра алмай қалған, «өз күніңді өзің көрдің» мезгілі еді. Нарықтық экономикаға бет бұрған сәтте ұжым жетекшілеріне жұмысты жаңаша ұйымдастырып, тыңнан жол салуға тура келді. «Сәуле» ЖШС бас  директоры Төлеуғазы Иманғалиев те заман енгізген кәсіпкерлік тізгінді қолға алған екен. Біз осынау кәсіпкер азаматты Құрылысшылар мерекесі қарсаңында әңгімеге тартқанды жөн көрдік. – Төлеуғазы Сейітқазыұлы, әңгімені алдымен кәсіпкерлік жолыңыздың қалай қалыптасқа­нынан бастасаңыз дегім келеді? – 1990 жылдың басында аудан, кеңшарлардан біртіндеп күш кете бастады. Техника, мал құнсыз­дана түсті. Біздің электрмен жаб­ды­қтау қызметімізге сұраныс төмен­деп, ақырында жұмыссыздық белең алды. Қолынан келгендер Қы­тай­­дың өнімдерін әкеп сатумен шұ­ғыл­данды. Өз бетінше жұмыс істе­ген­дерді қазір ғой «бизнесмен», «кәсіпкер» деп әспеттеп жүргені­міз. Әйтпесе, біздердің ол кездегі атауымыз «коммерсант», керек десеңіз «алыпсатар» болатын. Ешкімде ешкімнің жұмысы жоқ, әркім қолынан келген тірлі­гін жасай бастады. Маған да бір шаруаның жалына жармасу керек, не істеймін? Осы кезде менің өндіріс саласынан алған тәжірибем көп көмектесті. Қалайда өнім өндірудің жолын іздеу керектігін түсіндім. Ол үшін алдымен біраз қаражат керек. Сол сәтте ақша елде де, менде де жоқ. Алдыңғы жұ­мыс­тары­мыз­дан қалған электр кабель­дерін ақ­ша­ға айналдырмаққа әрекет жасап, сонау Шымкентке дейін бар­дық. Ақыры өткіздім, оның өзін­де тауар­ға 5 тонналық контейнер­мен барып бір вагон дүние алып қайт­­тым. Киім-кешек, ыдыс-аяқ, са­бын, т.б. заттар. Ақша жасаймыз деп әкел­ген әлгі дүниелеріміздің көбі соңында малға айналып кетті. Со­дан кәуап сатуға тәуекел жа­сап, базар маңында 12 жерден кәуап нүк­тесін аштым. Қойдың сол кез­дегі құны 300-400 теңге, кәуап­қа ай­нал­ғанда 1000 теңгеге дейін барады. – Бұл сонда сіздің шағын кәсіп­­керлікке бірыңғай бетбұр­ған кезіңіз ғой? –  Жалпы алғанда, 1994-1997 жыл­дарда ақша негізінен азық-түлі­кте ғана болды. Құрылыс та, өнді­рістер де тоқтай бастаған. Тамақ өнімдерінен басқа ештеңеге сұра­ныс жоқ. Сол себепті, қол­ға біраз қаражат жиналған соң макарон, май, шұжық цехтарын ашуға бел будым. Олардың басын біріктіру үшін арнайы жер алып, база салдым. Мініп жүрген қара «Волгамды» «рожки» шығаратын қондырғыға айырбастап жібердім. Басынан бірге жүрген 6 адам «рожки» шыға­руға кірістік. Тәулігіне 150 киллодай өндіреміз. Өз қолымызбен шығарған алғашқы өнімді көзіміз көргендегі қуанышты сезім әлі күн­ге дейін ыстық. Еңбегімізге қарай біздің шағын кәсібіміз жүре бастады. Цехты кеңей­тіп, тағы екі қондырғы әкеп ор­нат­тық. Одан кейін күнбағыс майы мен шұжық цехтарын аштық. Ол кезде ондай қондырғыларды таба қою қиын. Өнімнің өндірістік құнын азайтпақ үшін  күнбағыс егіп те көрдік. Өнімдеріміз жаман болған жоқ. Бәрі де қара­пайым үлгіде шығарылып жатқан­дықтан сыртқы көрінісі онша болмаса да, дәмі мен сапасы жағынан өте жоғары болды. Өйткені, шикізатымыз ешқандай қоспасыз бірыңғай таза жергілікті өнімдерден еді. – Әр уақыттың өз қиындығы болады дегендей, мекемеңіздің кездей­соқ кедергілерге тап келген кезі болды ма? – Қазір еске алып отырсам, ол да бір қиыны мен қызығы аралас уақыт болыпты. Білсем, үйренсем, меңгерсем деген ынтаның басым­дығы­ның арқасында талай тығы­рықтан шығып кетіппіз. Бұрын өнім шығарып көрмегенбіз, басында бәрін өзімізше мөлшерлеп, «қол технологиясымен» жүргіздік. Цехтарымыз тұрақты істеп, өнім үс­ті-үстіне ұлғая бастады. Ауыл шаруа­шылығы саласы да біртін­­деп әлденіп біздің бұрынғы қыз­ме­ті­мізге сұраныс түсе бастады. Мына жақта шағын өндірісіміз, келесі жақта электрмонтажымыз бар, қоржынымыздың екі басы да толыса түсті. – Сіздің компанияңызды жұрт көбінесе құрылыс мекемесі ретінде біледі. «Сәуле» сәулетті құрылысты қай жылдан бастап меңгерді? –  Нарықтық экономикаға біздің елден бұрын өткендердің тарихына қарасаң, көптеген кәсіпорындар уа­қыт ағымына икемделу тәсілін ұс­танған. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың да алғашқы күннен ай­тып келе жатқан тапсырма­сы­­ның бірі – шағын және орта кәсіп­кер­­лікті жан-жақты дамыту. Бұл сал­а­ның бір ерекшелігі эконо­ми­­ка­лық дағ­дарыстар бола қал­ған жағ­­дайда қат­ты күйзеліске ұрынбайды. Біздің мекеменің құрылыс саласындағы алғашқы қадамы Ертіс үстінен салынатын жаңа көпір құрылысына орай басталды. Алдымен, алып құрылысқа байланысты сүрілетін үйлердің тұрғындарын орналастыратын пәтерлер салынуы керек екен. Соған қатысты жарияланған тендерге қатыстып, жеңімпаз атандық. Ұн-құрамажем комбинаты жанындағы 5 қабатты тұрғын үй құрылысын (28 млн. теңгелік) жүргізетін болдық. Құрылыспен шұғылданатын мекемеге қоятын талаптар аз емес бо­лып шықты. Соның бастысы техни­ка­лық мүмкіндігі мен арнайы база болуы қажет екен. Үдеден шығу үшін бұрынғы «Семагропром» меке­ме­сінің «УМС» деп аталатын база­сын 50 мың АҚШ долларына сатып алдым. Айтпақшы, оның алдында Ұлы Абай­дың 150 жылдығында Жиде­бай­да салынған кесенені жарық­тан­дыру жұмысы бізге бұйырды. Сол кезде электр-монтаж қызметін бір­жақ­ты дамытып кету қиын екенін аң­ғар­дым да, құрылыс шаруашы­лығы­на қоса мән беруге бекіндім. Со­дан бергі аралықта құрылыс­тың бар­лық түріне және басқа да комм­унал­дық қызмет түрлеріне қатыстық. Облыс аумағында 2 мек­теп, 2 амбулаторияны жаңадан тұр­ғызсақ, 100 ден астам мектеп пен 70-тей амбулаторяға күр­делі жөндеу жүргізіп, 6 футбол алаңын салыппыз. 12 ауыл­дық жердің электр желі­лерін тарттық. Ақтоғай – Зырян ара­лы­ғын­дағы разъездер ғима­ратын жөндеуден өткіздік. Абай, Курчатов, Бесқарай аудандарында қос пәтерлі үйлер мен монша салып бердік. Семей қаласында 5 және 9 қабатты 4 ғимараттың толық құрылысын жүргіздік. Кей жылдары көше­лер­ді абаттандырумен де айна­лыс­тық. «Сәуле» компаниясы 1997 жылдардан бастап,  жылына 10-15 тендер ұтып, соның бәрін уақытында орындайтындай мүмкіндікке ие болды. – Соған қарағанда «Сәуле­нің» құрылыс саласын­дағы бағын­дырған биіктері ауыз толтырып айтарлықтай болса керек? –  2000 жылдардан соң шағын кәсіпкерліктен орта кәсіп­­кер­лікке ауыса бастадық. «Сәуленің» ең қарқынды әрі өз мүмкіндігін толық көрсеткен кезеңі 2004-2008 жылдардың аралығы деп есептеймін. Жаңағы жылдарда алға қойған мақ­сат­тарымды толық игеріп, жазғы мау­сымда 200-дей адамды еңбек­пен қамтыдық. Облыстың, қаланың үздік кәсіпкері, үздік салық төлеушісі деген ресми марапаттарды ал­ғаш­­қылардың бірі болып ен­шіледік.  2008 жылы облыс бойынша «Құрылыс саласын­дағы үздік кәсіпкер» номинациясына белгі­ленген 1 000 000 теңгелік сыйлық «Сәуленің» қан­жығасына байланды. 2006 жылы Мәскеуде өт­кен ТМД көлеміндегі байқау­дың «Экономиканың үздік көш­бас­шысы» атандық. Сонымен бірге, 2004 жылы Швейцария жоғары бизнес және басқару инс­­титутының сараптау кеңе­сінің шешімі бойынша Алтын медаль иегері болдық.  2014 жылы еліміздің Өңірлік даму ми­нистр­лігі тарапынан «Қазақстанның құрметті құрылысшы» төсбел­гісімен марапатталдым. –  Төлеуғазы Сейітқазыұлы, жалпы алғанда кәсіпкерлікке мем­­лекет тарапынан жасалып отыр­ған қолдаулар аз емес. Сол мүм­­кіндіктерді бизнесмендер толық пайдалана алып жүр ме, әл­де мемлекет қаражатына қол жет­кізу­дің қиындықтары көп пе? – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев Тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарында-ақ шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды қолға алып, «Алдымен – экономика, содан соң – саясат» идеясын ұсынды. Ел экономикасын көтерудегі шағын және орта кәсіпкерліктің орнын жыл сайынғы Жолдауында арнайы атап, Үкіметке нақты тапсырмалар беріп келеді. Соның негізінде қаншама мемлекеттік бағдарламалар, бизнесті қолдау орталықтары, Даму қоры пайда болып, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылғаны белгілі. Менің түсінігімде, мемлекет кә­сіп­керлікті дамытудың тетіктерін әлі де қарастыра түсетін болады. Өйткені, кәсіпкерге табыс табушы ғана емес, жұмыс беруші, адамдарды еңбекпен қамтушы ретінде қарау уақытпен бірге белең ала түсуде. Кәсіпкерлер өзін де, өзгені де асыраушы топ. Осы топ қоғамда басымдық алған сайын елдің әлеуеті арта түседі. Мемлекеттің жүргізіп отырған саясатын осы тұрғыдан қабылдауымыз керек.  – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Қайрат ЗЕКЕНҰЛЫ СЕМЕЙ