• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
13 Тамыз, 2016

25 жылдың 25 сәті

1366 рет
көрсетілді

 Президенттің баспасөз қызметі мен «Егемен Қазақстанның» бірлескен жобасы

Азаттығымыздың айғағы – мемлекеттік рәміздер. Халықты таңбасына қарап таниды. Бүгінде өзінің айрықша белгісі жоқ елді Жер жүзін шарлап таппайсыз. Біздің де қастер тұтатын, жігерімізді жанып, рухымызды көтеретін – Көк байрағымыз, Елтаңбамыз және Әнұранымыз бар. Ширек ғасыр бұрын Алтай мен Атырау арасындағы Ұлы Далада өшкен отын қайта жағып, тәуелсіздігін тұғырына қондырған Қазақстан 1992 жылдың 4 маусымы күні мемлекеттік рәміздерін бекітті. Осынау тарихи сәт жыл сайын Мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып өтіп жүр. Тәуелсіздікпен бірге қайта түлеген ұлттық рухымыз, мызғымас бірлігіміз, асқақ арманымыз – бәрі де осы рәміздерде көрініс тапқан. Қазақстан байрақты бәсекелер мен алқалы жиындарда күн астында қыраны қалықтаған көк Туымен, ерекше Елтаңбасымен, жан тебірентер Әнұранымен танылып келеді. Жаңа мемлекеттік рәміздерді қабылдау жөніндегі ұсыныстар тәуелсіздік жарияланбай тұ­рып айтыла бастағанын көпші­лік біле бермейді. Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қызмет­кері, тарих ғылымдарының канди­даты, доцент Ерлан Сайлау­байдың дерегінше, тоқсаныншы жыл­дардың басындағы өзгерістерден соң Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы құрылған Президенттік кеңес елдің жаңа болмысын қалыптастыруға байланыс­ты ұсыныстар қабылдай бастаған. Соның ішінде рәміздерді өзгерту жөніндегі пікірлер де бар. Атап айтқанда, 1990 жылдың 18 маусымында сол кездегі Қазақ КСР-інің халық депутаты, академик Манаш Қозыбаев Президенттің атына мемлекеттік рәміздерге қатысты ұсынысын жолдаған екен. Онда сол кезде қолданыста болған әнұранға конкурс жариялай отырып жаңа мәтін мен елтаңба қабылдау керектігін айтады. Хат Президенттік кеңес мүшесі, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мыр­затай Жолдасбековтің қолы­на тиген. Ол Елбасының атына жазған жауабында аталған ұсы­нысқа қолдау білдіре келіп, бұл мәселені Жоғарғы Кеңестің кезек­ті сессиясының күн тәртібіне қоюды сұраған. Мемлекет басшысы Пре­зиденттік кеңестің атына түскен жауаппен танысқан соң, жаңа рәміз жобалары бойынша арнайы жұмыс тобын құруды тапсырады. Сонымен қатар, Президенттік кеңестің мүшесі, белгілі заңгер-ғалым Сұлтан Сартаевтың атынан да 1990 жылдың 21 тамызында Ел­басының атына мемлекеттік рәміз­дерді өзгерту жөнінде ұсыныс жасалған. Сол кездегі Қа­зақстан Компартиясы Орталық Ко­митеті идеология бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Сұлтанов осы ұсынысқа орай Президенттің атына жазған хатында ұсынысты идеология бөлімі толықтай қолдайтынын мәлімдеген. Осылайша, тарихи сәтке ал­ғашқы қадамдар жасалған. Сол кездегі Жоғарғы Кеңес Төрағасы Ерік Асанбаевтың жетек­шілігімен жұмыс істейтін Мемлекеттік кеңес құрылып, Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың тапсырмаларын орындауға кіріс­кен. Жоғарғы Кеңестің стено­графиялық есептерін қайта қараған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қызметкерлері Президенттің рәміздерді қабылдау ісінде айрықша ыждағаттылық танытқанын айтады. Жоғарғы Кеңес 1992 жылдың қаңтар айынан алғашқы эскиздік нұсқаларды талқылай бастады. Жаңа рәміздерге конкурс жа­рия­ланған соң ұсыныстар өте көп түскен. Тудың – 1200, елтаң­баның – 245, әнұранның 750 нұс­қасы ұсынылады. Мемлекеттік рәміздерді қабылдау жөніндегі кеңестің күні-түні жұмыс істеуіне тура келген. Ұсыныстар Жоғарғы Кеңесте де талқыланды. Осылайша, жұртшылық азаттық айғақтарын қабылдауға өте белсенді қатысты. Тіпті, жаңа рәміздерді қабылдауға санаулы сағаттар қалған сәтте де пікірталастар туындап жатты. Жоғарғы Кеңестің әрбір депу­татының геральдикалық белгілерге қатысты өзіндік ұстанымдары болды. Ортақ тоқтамға келе алмаған олар соңғы шешімді қабылдауды Пре­зидентке қалдырады. Прези­денттің орынды айтылған сөзінен кейін ол ұсынған елтаңба нұсқасын қолдаушылар көбейгенін айтады сол тарихи күндердің куәгерлері. Сөйтіп, дауыс беру басталады: елтаңба бойынша алғашқыда 232 депутат жақтап дауыс береді, алайда, 5 дауыс жетпей қалып, екінші мәрте дауысқа салынады. Екінші дауыс беру қорытындысында 238 депутат жақтап дауыс беріп, елтаңбамыз қабылданады. Сол кездегі Елбасы шешімінің дұрыс болғанына қазір көзіміз жетеді. Өйткені, еліміздің рәміздері әртүрлі байқауларда үнемі үздіктердің қатарынан көрініп жүр. Тудың да нұсқаларына қатысты пікірталас қызу жүрді. Қызыл, ақ және жасыл жолақтары бар ту үлгісін қабылдауды ұсынғандар болды. Енді бір депутаттар тудың ортасына жарты ай бейнеленгенін дұрыс десе, тағы біреулері Жер шары бейнесін қойғысы келеді. Мұнда да Елбасы сөзінен кейін белгілі суретші Шәкен Ниязбеков ұсынған Мемлекеттік ту жобасы бойынша басым дауыс беріліп, қабылданады. Ал әнұран әуені дау-дамайсыз бірауыздан бекітілген еді. Тек оның сөзіне жарияланған байқау жалғасатын болады. Рәміздерді қабылдау кезінде Нұрсұлтан Әбішұлының: «Таным­белгі халықтың болмысын танытады, оның даму жолын көрсетеді. Қазақ тарихында тұңғыш рет өз геральдикамызды дайындап жатырмыз. Ең бастысы, ол біздің ұлт­тық құндылығымыз болып қалуы керек», дегені бар. Осы сөз күні бүгінге дейін мемлекеттік рәміз­деріміздің эталондық өлшемі іспетті. Рәміз­деріміз шын мәнісінде болмысымызды танытатын ұлттық құндылығымызға айналды. Тәуелсіз Қазақстанның Мем­лекеттік туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Оның авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков. Дизайнер мамандардың айтуынша, Қазақстанның Туы да әлемдегі таңдаулылардың бірінен саналады. Талай шетелдік әріптестердің Туымыздағы терең мағыналы геральдикалық атрибуттарға (жай ғана түрлі түсті жолақтар емес) таңдана қарағанын көрдік. Көк байрағымыз ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген, тік бұрышты, көгілдір түсті болып келеді. Тудың сабы жағына қарай тік жолақ түрінде ұлттық өрнек нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек алтын түспен берілген. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы – 1:2. Мұндағы әрбір түс белгілі бір ұғымды аңғартады. Геральдика мамандарының айтуынша, аспандай көк түс адам бойындағы адал­дық, тазалық, сенімділік, мінсіздік сияқты қасиеттерді білдіреді. Көк байрақ көк түркі бабал­ары­мыздың дүниетанымына да сәйкес келеді. Көк түстің түркі халықтары үшін айрықша символдық мәні бар. Ежелгі түркілер көк аспанды тәңірге балаған, яғни, біздің Көк туымыз арғы ата-бабаларымыздың дәстүрін жалғаушы бірден-бір мұ­рагері екенімізді айқындай түседі. Қазіргі ұғымда да ашық көк түс ашық аспанды, бей­бітшілікті, кеңпейілділікті білді­реді. Бұл тәуелсіз еліміздің жалпы­адам­заттық құндылықтарды қастер­лейтінін және мемлекеттің жасам­паздық күш-қуатын білдіреді, сонымен қатар, ынты­мақ­тас­тық үшін әлемдік қауымдас­тық­­тағы кез келген елге ашық еке­нін айғақтайды. Ал ту түсінің бір­келкілігі еліміздің тұтастығын мең­зеп тұр. Тудағы күн бейнесі байлық пен молшылықтың белгісі, тіршіліктің қуат көзі. Сондықтан, еліміздің Туындағы күн шапағы дәулеттілік пен бақуаттылықтың символы – алтын масақ пішінінде берілген. Қанатын кең жайып қалықтаған қыран бейнесі – көптеген халық­тардың елтаңбалары мен туларында ерте кезден бері қолданылып келе жатқан басты атрибуттардың бірі. Бұл бейне әдетте биліктің, қы­ра­ғылық пен мәрттіктің символы ретінде қабылданады. Күн астында қалықтаған бүркіт мем­­лекеттің қуат-күшін, оның еге­мен­дігі мен тәуелсіздігін, биік мақ­­саттар мен жарқын болашаққа деген ұмтылысын танытады. Бүр­кіт бейнесі еуразиялық көшпен­ділердің дүниетанымында айрық­ша орын алады және олардың түсіні­гінде бостандық пен адалдық, өрлік пен ерлік, қуат пен ниет таза­лығы тәрізді ұғымдармен ұштасып жатады. Алтын бүркіт кескіні жас егемен мемлекеттің әлемдік өркениет биігіне деген ұмтылысын көр­сетеді. Тудың бес мың жылдық тарихы бар екен. Ең көне рәміз болып саналады. Ең көне ту парсы жерінен табылған. Қазақтың Көк байрағының тарихын Түрік қаға­на­тынан бастаймыз. Сонымен қатар, Қозыбасы жеріне қадасын қағып, байрағын тіккен Қазақ хандығының тарихымен де сабақтас. Қазақстан Елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Шот-Аман Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібеков. Елтаңба тәуелсіз елдердің бәрінде бар. Бірақ басым көпшілігінен түрлі қару-жарақ пен жыртқыш аңдардың бейнеленгенін көру қиын емес. Ал біздің Елтаңба элементтерінен ешбір агрессия байқалмайды. Бұл бейбітшіліксүйгіш, жер бетінің тыныштығын тілеген парасатты ел екенімізді көрсетеді. Геральдист мамандардың айтуынша, мұндай елтаңбалар сирек кездеседі екен. Қазақстан Елтаңбасы сонысымен де ерекше саналады. Біздің Елтаңбамыз дөңгелек пішінде. Бұл көшпелі өркениет үшін мәңгілік пен кеңпейілділіктің белгісі. Ен даланы еркін жайлаған бабаларымыз үшін басты тіршілік көздері саналған киіз үй мен ошақтың дөңгелек болатыны бекер емес. Өзге жұрттарда үй де, пеш те төрт бұрышты. Елтаңбаның орталық гераль­дикалық элементі – көгілдір аспан фонындағы шаңырақ бейнесі. Шаңырақты айнала уықтар шан­шылған. Бұдан шаңырақ астында бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай тату тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдерін көреміз. Ортақ шаңырағымыз – Қазақстан.   Екінші жағынан шаңырақ пен уықтар сәулесін шашқан алтын күн іспетті. Қос қапталда аңыздарда айтылатын қанатты пырақтар бейнеленген. Жоғарғы бөлігінде көлемді бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Мемлекеттік елтаңбадағы өзек­ті геральдикалық элемент санала­тын қос пырақтың да айтары бар. Бағзы замандардан тұлпар бейнесі батылдық пен сенімділікті, еркіндік пен ерік-жігерді танытады. Пырақтың қанаттары – асқақ ар­мандарымыз. Сонымен қатар, ар­ғымақтардың қанаттары алтын масақтарды еске салады. Ал масақ – еңбексүйгіштік пен бере­келі байлығымыздың символдары. Айтпақшы, тұлпарларда мүйіз бар. Мүйіз айбатты ел, айдынды жұрт екенімізді айтып тұрғандай. Көптеген халықтар елдің батылдығын көрсету үшін алмас қылыш секілді суық қару­лар­ды қолданады. Осы ретте гераль­дист мамандар Қазақстан Елтаң­басындағы мүйіз бейнесін ұтымды шешім деп бағалайды. Елтаңбадағы тағы бір элемент – бес бұрышты жұлдыз. Бұл белгіні адамзат бағзы замандар­дан пайдаланып келеді. Ол қазақ­стандықтардың әлемнің барлық халықтарымен ынтымақтастық пен серіктестік орнатуға ниетті екенін айғақтайды. Қазақстан халқының жүрегі бес құрлықтың өкілдері үшін қашанда ашық. Сондай-ақ, Елтаңбадан терең­нен тамыр тартқан тарихымызды да байқауға болады. Атап айтқанда, көк түс – байырғы түркі бабаларымызбен тарихи сабақтастығымыз болса керек. Түркі дегеннен шығады, Елтаңба арғы бабаларымызда да болған. Осынау ұлан-байтақ даланы ат тұяғының дүбіріне бөлеп, даңқты ғұмыр кешкен сақтар тотемдік таңбалар арқылы өздерінің еркін екендіктерін көрсете білді. Айдарынан жел есіп, бастыны еңкейткен, тізеліні бүктірген көк түркілер де бөрі басы таңбасымен танымал болған. Ол заманда әр тайпаның өз таңбасы болды. Олар өз таңбаларын киелі санап,  қастер тұтты. Туыс тайпалар бір тудың астына жиналғанын да таңбаларын біріктіру арқылы білдіріп отырды. Олар оны байтақ даладағы мәңгі тас ұстындарға қашап қалдырды. Бүгінде кез келген мемлекетті елтаңбасыз елестету қиын. Ол мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Елтаңба («герб») термині поляктың «herb» және немістің «erbe» деген сөздерінен шыққан. Қазақша мұра, мирас деген мағына береді екен. Мемлекеттің саяси ұстанымдарын, мәдениетін және тарихи дәстүрін бейнелейтін символдық мәні бар белгі. Қазақ жерінде алғашқы ұйым­дасқан мемлекеттік бірлестіктер қашан пайда болса, елтаңбалар тарихы да сол кезеңнен басталады. Алғаш рет бұл ұғым, жоға­рыда атап өткеніміздей, қазақ мемлекеттілігінің бастауында тұрған сақ, түркі мемлекеттері кезінде қолданыла бастаған. Ерте темір дәуіріндегі сақ тайпалары өзгелерден біз «тамға» атап жүрген тотемдік белгілер арқылы өз билігі өзіндегі ел екендіктерін білдіріп тұрды. Біздің заманымызға дейінгі V ғасырға жататын Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» киімі 4 мыңға жуық әшекеймен безендірілген екен. Сол әшекейлер барыс, бұлан, тауешкі, арқар, тұлпар, өзге де алуан түрлі құс бейнелерін беретін «аңдар стилінде» жасалған. Көк туымыздағы ою-өрнекті «қошқар мүйіз» де осыдан шыққан. Сол себепті де, «Алтын адамның» бас киімін еске түсіретін мүйізді пырақтар Елтаңбаға енгізілген. Бұл сөзімізді Шығыс Қазақстан облысындағы Берел қорымдарынан табылған мүйізді тұлпарлар да айқындай түседі. Осылайша, Елтаңбамызда арғы тарихымыздан бүгінгі асыл армандарымызға дейінгі кезең қамтылған. Ол осылай мол мағына сыйғызған айшықты дизайнымен еріксіз көз тартады. Тарихи деректерге сүйенсек, Алашорда үкіметі де елтаңба жасауға шешім қабылдаған, бірақ үлгермеген екен. Мәселен, 1918 жылы «Қазақ» газеті бетінде «Орда гербі (таңбасы)» атты мақала жарияланған. Онда барша халықты Алашорда елтаңбасын жасауға атсалысуға шақырған. Алайда, елтаңба қабылданғаны немесе жасалып ұсынылған жобалар туралы ешқандай дерек жоқ. Тек ақ және жасыл түсті тулары болғаны жөнінде мәліметтер сақталған. Рәміздердің ең маңызды­лары­ның бірі – Әнұран. Ол гректің «gim­neo» сөзінен шыққан «гимн» термині «салтанатты ән» де­ген мағынаны білдіреді. Оның осы сипаты біздің қазіргі Әнұранға дәл келіп тұрғандай. Тәуелсіз Қазақ­станның тарихында еліміздің Мемлекеттік әнұраны екі рет өз­герді. Алғашқыда 1992 жылы бірауыз­дан қабылданған еді. Алғаш­қы Әнұранның сөзін Т.Мол­да­ғалиев, М.Әлімбаев, Қ.Мыр­за­лиев, Ж.Дәрібаева жазғаны мәлім. Ал, оның әуені бұрынғы кеңес­тік кезеңдегідей қалған болатын. 2006 жылы халықтың қалауымен Шәмші Қалдаяқовтың әйгілі әуені қабылданды. Сөзін Елбасының өзі Әнұранға лайықтап шықты. 2000 жылдың 9 мамырында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ән­ұранымызды өзгерту қажеттігін айтты.  Бұл жөнінде үкіметке нақты тапсырмалар берді. 2006 жылғы 6 қаңтарда «Менің Қазақстаным» әні Әнұран ретінде ресми бекітілді. Бұл 1956 жылы тың игеру кезінде марш сарынында жазылған, қазақтың рухын көтеру, намысын ояту мақсатында дүниеге келген ән еді. Қазақстан Парламен­ті палаталарының бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзету енгізіп, еліміздің жаңа Мемлекеттік әнұранын бекітті. Мемлекеттік рәміздеріміз бүгінде жер жүзіне кеңінен танылды. Қазақ елін осы рәміздеріміз арқылы әлем жұртшылығы толық мойындады. Алтын қыраны қалықтаған Көк байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының алдында және шетелдердегі Елшілік ғимараттары маңдайшаларында асқақ желбіреп тұр. Қазақтың Көк байрағын ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов ғарыш кеңістігіне самғатты, әлемдік спорт додаларында еліміздің Олимпиада чемпиондары Әнұранымызды шырқатып, Көк туымызды биіктерден көрсетіп жүр. Бұл ширек ғасырда таңғаларлық биіктерді бағындырған Қазақстанның әрбір азаматы үшін зор мәртебе, шексіз қуаныш.  Бесбоғда АЛТАЙ, «Егемен Қазақстан»

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері қабылданған күн. 4 маусым 1992 жыл