• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
13 Тамыз, 2016

Дүбірге толы дүние

237 рет
көрсетілді

Әскерилердің де демократиясы бар Жексенбі күні Тайландта жаңа конституцияны қабылдау жөнінде референдум өтті. Сайлау құқығы бар 50 миллион тайлардың басым көпшілігі әскерилер әзірлеген Конституцияны қабылдайтындықтарын білдірді. Сөйтіп, әскерилер өздерінің билігін заңдастырды. Әскерилер бұл елде билікке осыдан екі жыл бұрын мемлекеттік төңкеріс жолымен жеткен. Содан бері әлемдегі туризм ерекше өркендеген елде әскерилер билік басында. Бір қызығы, бұл елдегі саяси тартыстардың туризмге оншалықты қатысы жоқтай. Сырттан жұрт келіп-кетіп жатады. Ал іштегі айқас өз алдына. Мұнда ымыра жоқ. Сол төңкеріске дейін бұл елдің халқы, негізінен ауылдағы шаруалар мен қалалық орта тап өкілдері болып, бір жағы қызыл жейде, екінші жағы сары жейде киіп алып, қырқысып жатар еді. Оны әскерилер пайдаланып, билікке келді. Жалпы, бұл елде тыныш өмір жоқтай. Әскери немесе жай төңкеріс болып жатады. Билікке келгендер өз тәртібін орнатады. Сөйтіп, елде сондай төңкерістің біреуі арқасында конституциялық монархия орнаған 1932 жылдан бері 19 конституция қабылданыпты. Жексенбіде қабылданғаны – 20-шы конституция. Бұл да біржола беки қоймас. Халық әскерилердің билігінде қала бермес. Жалпы, елдегі қазіргі қақты­ғыс­тың басы осыдан он жыл бұрын премьер-министр, ірі магнат Таксин Чиннаваттың тұсында бас­талған. Үкімет басшысы халық­аралық бір саммитке кеткенде әскерилер оны қайта елге кіргізбей қойды. Сөйтіп, олар оның орнына Демократиялық партияның көсемі Апхисит Ветчаваны отырғызды. Бірақ ол билікті ұзақ ұстап тұра алмады. 2010 жылғы сайлауда бұрынғы премьер Чиннаваттың қа­рын­дасы Йинглак Чиннават жеңіс­ке жетіп, билік тізгінін ұстады. Сырттай қарағанда, демо­кра­тиялық жолмен, сайлау арқылы жеңіске жеткендей болса да, оның қарсыластары бұл жеңісті мойындамады. Сөйтіп, ұзақ уақыт Бангкогтың көшелері қызыл жейде мен сары жейде кигендердің шеруіне толып, тіпті, көлік жүруі мүмкін болмай қалған. Сол тұста әлем телеарналары Тайланд астанасының көшелерін толқындатқан қызыл-сары нөпірді жиі көрсететін. Бұл елдің халқы жұмыс істеуді қойып, тек шеруге қатысуды әдетке айналдырғандай көрінетін. Сол шерушілер үкімет ғимараттарына басып кіріп, бейбастақтық та жасай беретін. Осындай жағдайда әскери­лердің билікті өз қолына алуын халық құп көргендей де еді. Әс­кери топтың жетекшісі генерал Прают Чан-Оча сонда тәртіп орнатам да, билікті азаматтық топқа қайтарамын деген. Екі жыл өтті, қайтарған жоқ. Ақыры әскери демократияға негізделген конституция қабылданды. Оның жобасы талқыланған да жоқ. Оппозиция пікіріне назар аударылмады. Оның көп қағидалары өркениетті демократияға үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Сенат сайланбайды, тағайындалады. Көп орын әскерилерге бөлінген. Оған саяси партия мүшелері кіре алмайды. Және оның төменгі палата шешімдеріне вето құқы бар. Сондай-ақ, премьер-министр ешқандай партияға мүше болмауға тиіс. Әскерилер бұдан былай еш­қандай төңкеріске жол бермейміз дейді. Азаматтық биліктегілер әскерилер жасаған жоспармен жүруге міндетті. Алдағы 20 жылда бұл тәртіп, әскерилер демократия­сы өзгермейді. Оған халық көне ме? Әсерилер көндірмек.

Өз адамың өзектен тепсе жаман

АҚШ-та президент сайлауының науқаны күшейіп тұр. Екі үміткердің бір-бірінің беделін түсіру үшін сөз таңдамайтынын заңды десең, республикашылардың өз арасынан белгіленген үміткері миллиардер Дональд Трампқа қарсы шабуылдарын жалғастыруын түсіндіру қиын. Әдетте ішкі партиялық күресте партияластардың бір-бірін сынауы болып жатады. Лайықты адамды таңдау үшін ол керек деп уәж айтылады. Ал сол лайықты адам таңдалған соң бүкіл партия соның жеңісі жолында қызмет етуге тиіс. Бірақ бұл жолы республикашылар бұл әдептен айнып, съезд белгілеген үміткер Трампқа шабуылын тоқтатпай отыр. Елдің қауіпсіздігі мәселесімен айналысқан, жоғары дәрежелі қызметтер атқарған, дипломатиялық жұмыста болған 50 қайраткер бас қосып, Республикашылар партиясының Ұлттық комитетіне хат жазып, шұғыл түрде Трампты жаңа үміткерге алмастыруды өтінген. Бұл хатты ескермеуге болмайды. Ол атақты «Нью-Йорк Таймста» жарияланды. Қол қоюшылар белгілі қайраткерлер. Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің және Орталық барлау басқармасының бұрынғы директоры Майкл Хайден, Ұлттық барлау басқармасының бірінші директоры, АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары болған Джон Негропонте, бұрынғы бас хатшы, Дүниежүзілік банк президенті Роберт Зеллик, бұрынғы ішкі істер министрлері Томас Ридж, Майкл Чертоффтың пікірімен санас­пай тұра алмайсын. Хат авторлары үміткерге көп айып тағады. «Трамп мырза талай рет АҚШ-тың ең маңызды ұлттық мүдделерін, ел алдында тұрған дипломатиялық мәселелерді, америкалық сыртқы саясат негіздеген әріптестерді, демократиялық құндылықтарды мүлдем түсінбейтіндігін көрсетті. Сонымен бірге, ол біздің қарсыластарымызға көпшік қоя сөйлеп, одақтастарымыз бен достарымызға доқ көрсететіні бар». Ауыр айыптаулар. Ал осы хаттың бастамашысы болған Реджина Томпсонның «Дональд Трамп – бұл опат» деп қысқа тұжырымдауы тіпті қатал. Республикашылардың Трампты ғайбаттауына жұрттың еті өліп кеткендей. Сайлау науқаны басталғалы бері ол жайында не айтылмай жатыр! Кешегі президенттер Үлкен Буш, Кіші Буш бас болып, президенттікке бұрынғы үміткерлер Митт Ромни, Джон Маккейндер Трамп партиядан үміткер болатынын аңғарып, съезге де бармай қалды. Сол съездің үстінде оған айтылған сын да талайды тұралатар еді. Осыдан кейін Трамптың шыда­мына, көнторылығына таңдан­басқа шараң жоқ. Ол республи­кашылардың барлық үміткерлеріне қарсы жалғыз айқасып келеді. Және жеңіп келеді десең де болғандай. Ащы сынға мойымайды. Бірақ оны да оңып тұрған қасиет деуге болмас. Талай жұрт сөз өтпейтін тоңмойын дер. Партияластарының соңғы шабуылына да мыңқ етпеді. Өздері талай нәрсені бүлдірген, жосықсыз мұра қалдырғандар деп, қарсы соққы берді. Қалай дегенде де, бұл хат Трампқа қатты тисе керек. Республикашылар партиясының Ұлттық комитетінің төрағасы Рейнс Прибас хаттағы ұсынысты қабылдап, қайта съезд аша қоймас, жаңа үміткер ұсынылмас. Бірақ өз адамдарының өзекке тепкені үміткердің беделін түсіреді. Сірә, осының да әсері бар шығар, Трампқа қарағанда демократтардың үміткері Хиллари Клинтонның рейтингі 10 пайызға жоғарылап кетті. Трампқа соққы екі жақтан да тиіп жатыр. Мамадияр ЖАҚЫП, журналист