• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Тамыз, 2016

Сариевтің лирикалық сарындары

821 рет
көрсетілді

Қолымызда қазақтың белгілі ақыны Шөмішбай Сариевтің «Поэзия патшасы – лирика» атты кітабы. Кітапты парақтап оқып байқағанымыздағы алған бірінші әсеріміз – шеберлік шыңына көтерілген ақынның өрелі биігі мен еңселі тұлғасы кез келген шығармадан көрінетіні. Бар өмірін әдебиетке, поэзияға, лирикаға арнап келе жатқан ақын шығармашылығында бұндай сипаттың болуы, әрине, кездейсоқтық емес. Қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Ш.Сариевтің шығармашылығы арқылы бүгінгі әдебиетіміздің өскен өрісі, жайған өркені, жеткен биігі дәлелденеді. Бүгінгі лирикалық поэзиямызға тән жанрлық сипат, тақырыптық ерекшелік, көркемдік ізденістер ақын шығармашылығы арқылы тайға таңба басқандай анық танылады. Қазақ өлеңінің мол дәстүрін асқан зергерлікпен, шығармашылықпен игеріп қана қоймай, өзінен кейінгі өрендерге мирасқорлық етердей еңселі туындыларымен ақын Ш.Сариев қазақ әдебиетінің тарихынан ойып орын алды деп бүгін нық сеніммен айта алсақ керек. Ол, әрине, қазақ поэзиясының көне дәстүрін – толғау үлгілі поэзиямызды, ән-өлең, әнші-ақындар мұрасын берік ұстанушы ғана емес, жалғастырушы, жаңғыртушы, ол, сондай-ақ, ұлы Абай дәстүрінің өміршеңдігін өз шығармаларымен дәлелдеуші, ол кеңестік дәуірдегі қазақ поэзиясының бар жеткен жетістігін бүгінгі әдебиет өмірімен байланыстырушы болып келеді. Талантты ақынның Қазақстан Респуб­ликасының Мемлекеттік сыйлығына ұсы­нылып отырған «Поэзия падишасы – лирика» кітабындағы «Ұлы дала» делі­нетін өлеңде: «Ұлы дала-Шөл даланың ұлымын, Өркеш-өркеш құмнан өрген бұрымын, Шөліркеген шөл даланың көсемі, Құмдар аман болса мен де тірімін», – делінетін шумақ бар. Байқағанымыздай, осы шу­мақтағы шығандаулардан Шөміш­байдың ақындық темпе­раменті, үздік ажарлаулар мен ауыс­тырулар арқылы жасалған ұлттық бейнелер көзге ерекше көрінеді. Бұрымның өркеш-өркеш құмнан жасалғаны туралы ажарлап айту, яғни күрделі эпитеттік бейне жасау, сондай-ақ құмды шөл даланың көсемі деп ауыстырып қолдану, яғни метафоралық бейне жасау қазақ поэзиясында бұрын-соңды кездесе қоймаған Сариевтік саңлақ қалып, ұлттық сипатты құнды бейнелер деп айтсақ, артық бола қоймас. Қазіргі лирикалық поэзияда үздік бейнелер лирикалық «меннің» негізінде дүниеге келіп жататыны Шөмішбай ақынның: «Тамырлары тереңде, Сексеуілі мен болам», немесе «Қиындықты көктеген, Мен де сенің жусаның» деу­лері арқылы көрінеді. Ақын өлеңдерінде көп ұшырасатын мұндай шумақтар, жолдар дәс­түрлілігімен, ұлттық сипат­ты­лығымен құнды және олардың «Поэзия падишасы – лирикада» көп ұшырасатыны көңіл қуантады. Лирикалық «мен» өлеңдегі ақын, кейіпкер күйінде көрініп, өнерпаз шығар­машылығы­ның өн бойында лирикалық бейнеге, оқырманды ойландырар, толғандырар толыққанды әдеби образға айналып жататынына осы Шөмішбай Сариев сияқты ақындар шығармашылығы дәлел бола алады. Ал лирикалық кейіпкердің тұлға деңгейінде көрінуі – лирикалық поэзияда сирек кездесетін құбылыс. Аса дарынды, көрнекті ақындар шы­ғар­машылығы таныта алатын таңғажайып жағдай. «Поэзия падишасы – лирикада» осындай озық туындылар бар. Ел тартқан тозақ, сөз бе азабың, Мен қалай көкжиектен көз жазамын. Тауларым биіктер ед, Дала кеңіп, Әр қазақ мендей сүйсе, Өз Қазағын! Ақынның «Шөлдеп өткен қазақпын» өлеңі – метафоралық ойлаудың үздік үлгісі. Өзін далаға балап, теңеп, ауыстырып жырлау қазақ поэзиясында бұрыннан бар, әрине. Ал шөл даламын деген бейнені қазақпен ауыс­тыра қолдана отырып, «шөлдеп өткен қазақпын, қашан-қашан, атар-ау деп азат күн?!» дей отыра, ұлт тағдырын айту – шеберлік. Шөмішбай ақынға тән өзіндік қолтаңба. Бұл – ауыстырудың күрделі, шендестірілген түрі. Ақынның стильдік ерекшелігін анық танытатын осындай өлең жолдары біз сөз етіп отырған кітап мазмұнында өте көп кез­десе­ді. Мұндай деректер – қазақ поэзиясының ұлттық сипатының артып, дүниетанымдық, пәл­са­фа­лық тұрғыдан барынша терең­деп келе жатқанының дәлелі. Мысалы, «Поэзия падишасы – лирикадағы» мына шумақ осы айтқандарымызды дәлелдейді. Мұхит – түпсіз кемеңгер,  дала – шексіз даналық, Тау алыбым тұрады ұлылықтан жаралып. Үшеуі де еңселі, үшеуі де сүйікті. Ұлылықтың өлшемі – Тереңдік! Кеңдік! Биіктік! Лирик ақынға тән басты сипат, біздіңше, өлеңдерін табиғат құбылыстарымен егіз өре отырып, табиғатты сөйлете алуы, оған жан бітіруі, сөйте отырып таби­ғат сұлу­лығын адамның сезім-сыр­­ларына айналдырып, жүректі баурауы, тербеуі, толқытуы дер болсақ, «Поэ­зия падишасы – лирикада» мұн­дай өлеңдер көп және бұлар Ш.Са­риев­тің ғана емес, бүгінгі қазақ өле­ңі­нің өрелі биігін де дәлелдейді. Айналамда құстар үні, құс үні, Құлағымнан, жүрегіме жеткен бір. Табиғат-ау, жасыл-желек пішіні, Мені қоршап, айналамда  көктем жүр. Мұндай шумақтарда табиғат суреті, көріп отырғанымыздай, жалаң сурет­тел­мейді, ақынның жанына айналады, сезімін тудырады, оқырманды сұлулық әлеміне еріксіз баурап әкетеді, сұлулыққа сүй­сін­діруі арқылы өмірді сүюге құштар­лан­дырады. Поэзия күші, лирика тылсымы деп отырғанымыз осы. Қорыта айтқанда, қазақтың белгілі ақыны Шөмішбай Сариев­тің «Поэзия падишасы – лирика» атты кітабы еліміздің ең жоғары наградасы – Мемлекеттік сыйлыққа бірден-бір лайықты көркем дүние. Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор