ДҮБІР
Біз жарыстың оныншы күні қолда тұрған үш медальдан қағылып қалдық. Соның бірі «алтын» еді, ағайын... Сайыстың бұл күні жақсы басталған. Көптен бері көңілімізді күпті қылып жүрген байдарка және каноэмен есушілеріміздің екеуі финалға өтті. Әуелі 500 метрлік жарыста байдаркамен жұптық есуде Наталья Сергеева мен Ирина Подойникова ақтық сынға жолдама алды. Кейін байдаркамен жеке есуде Инна Клинова 200 метр қашықтықта 40,381секундта өз тобында үштікке кіріп, финалға өтті. «Финал» деп аузымызды қомпайтқанымызбен, бұл әлі толық медаль емес. Енді олар келесі күні өз тобындағы сегіздікпен жүлделерге таласады. Сондықтан, жерлестерімізге табыс тілейміз. Спорттың бұл түрінде несібеміз кем, кім біледі, мүмкін тарихымыздың жаңа парақтарын осы қыздар ашар. Грек-рим күресіндегі бас балуанымыз Нұрмахан Тінәлиев Лондондағы көрсеткішін тағы қайталады. Тағы да бірінші кездесуінде жеңіліп қалды. Сол жолы жарақаты бар еді дедік, бұл жолы ақтарға себеп жоқ. Неміс балуанының қырып бара жатқаны шамалы еді, партерде сағыздай созғылағанымен, күші жетпеді. Ал таңертеңгілік шаршы алаңға шыққан боксшыларымызға шынымен қысастық жасалды. Бокс маманы болмасақ та, жақсы көрерменбіз. Олжас Сәттібаев (52 кило) әзербайжан Эльвин Мамишазадемен терезесі тең айқас өткізді. Тіпті, одан гөрі біздің бала алымдылау болды. Жеңіске деген құштарлығы, тура соққылары көп болған. Бірақ жеңіс 3:0 есебімен қарсыласының қанжығасында кетті. Бразилия жанкүйерлеріне, әлемнің әр түкпірінен келген журналистерге, бокс мамандарына Қайрат Ерәлиев пен Жәнібек Әлімханұлы қатты ұнаған болатын. Бірі ұлы Мұхаммед Әлидің қорғаныс қабілетін көз алдыңа әкелсе, ресейлік бокс мамандары Жәнібектен Рой Джонстың мәнерін көріп, қарсыласының ойын оқып қоятын осы жігіт Риода топ жарады деп еді. Бокс мамандары, жанкүйерлер көрген ақиқатты көзілдірік таққан төрешілердің байқамайтыны жанға қатты батты. Мұнымыз Василий Левиттің төрешілерден көрген құқайының жанында ештеңе емес екен. Кешкі сессияның ең соңғы нүктесін біздің Вася Левит пен ресейлік Евгений Тищенко (91 кило) қойған. Құдайшылығына келсек, үш раунд біздің жігіттің анық басымдылығымен өтті. Үшінші раундта Ресей боксшысы қос қолын қорғаныстан ала алған жоқ, құлап қалмауды ғана ойлап жүрді. Бір өкініштісі, дәл осы раундты төрешілер соның пайдасына шешіп берді. Осылайша уыста тұрған «алтын» сусып шығып кетті. Мұны жанкүйерлер ысқырып қарсы алды. Ал жігіттердің заңды жеңістерін ұрлатып қойған бокстан атқарушы директорымыз қайда қарап отыр? Қазақстан Бокс федерациясы ше? Мұның алдында 69 кг салмақтағы Данияр Елеусінов француз Сулеймен Сиссокомен шайқаста шекесінен жарақат алды. Сонымен ұрыс тоқтатылды. Бірақ бірінші раундтағы басымдылығы арқасында жеңіс Даниярға беріліп, ол финалға шықты. Соңынан құраманың бас жаттықтырушысына хабарласқанымызда, ол боксшыға ота жасалғанын естідік. Енді финалда қиянат жасалмаса екен деп отырмыз. Осындай ауыр ойлардан кейін ауыр атлеттер жарысына бас сұқтық. Біздің Александр Зайчиков қоссайыста 416 кило жинап, үшінші орынға шықты. Одан бір кило артық көтерген армян Симон Мартиросян – екінші орында. Ал, өзбекстандық Руслан Нуридинов нағыз ердің сойы екен. Кезінде Илья Ильиннің көлеңкесінде жүрген бұл жігіт олимпялық рекордты жаңартып барып, сабасына түсті. Қоссайыста жинағаны – 431 кило. Қола медальге қол жеткізген Александр: «Төрешілер соңғы кезегімді есепке алғанда бұдан жоғары медаль болатын еді, қайтейін. Осы жеңісіме өз анам мен Ильяның анасы өлшеусіз еңбек сіңірді. Әрине, бапкерлеріме үлкен алғыс айтамын. Осы еңбегімді тілеуімді тілеген барша қазақстандықтарға арнаймын», – деді. Сонымен, бұл күнді төрешілердің арында қалған үш жігіттің еңбегін былай қойғанда, бір күміс, бір қола медальмен қорытындыладық. «Егемен Қазақстанның» арнаулы тілшісі Бақтияр ТАЙЖАН Рио-де-Жанейродан хабарлайдыЖҮЛДЕЛЕР ЖИЫНТЫҒЫ
(15 тамыздағы мәлімет) № Құрамалар Алтын Күміс Қола Барлығы 1 АҚШ 26 23 26 75 2 Ұлыбритания 16 17 8 41 3 Қытай 15 14 17 46 4 Ресей 11 12 12 35 5 Италия 8 9 6 23 6 Германия 8 6 6 20 7 Франция 7 8 8 24 8 Жапония 7 4 16 27 9 Австралия 6 7 9 22 10 Оңтүстік Корея 6 3 5 14 15 ҚАЗАҚСТАН 2 3 5 10 27 Өзбекстан 2 0 4 6 34 Беларусь 1 2 2 5 50 Украина 0 4 1 5 51 Әзербайжан 0 2 1 3 54 Литва 0 1 2 3 55 Грузия 0 1 1 2 57 Армения 0 1 0 1 58 Қырғызстан 0 0 1 1 58 Эстония 0 0 1 1Әділбекке әл берген...
Кеше Шетпедегі орталық алаң мен жастар орталығының алдында жастар «Әділбек, біз саған сенеміз» атты флэш-моб өткізді. Оны Маңғыстау аудандық жастар ресурстық орталығы мен аудандық саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығы ұйымдастырды. Флэш-мобқа Маңғыстау техникалық колледжінің студент жастары мен «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, еріктілер тобының белсенділері қатысты. Оның мақсаты жерлесіміз, Рио-2016 Олимпиадасына қатысушы Әділбек Ниязымбетовтің жартылай финалға шығуына орай қолдау көрсету, аудан жастарын саламатты өмір салтын ұстануға шақыру, бір сөзбен айтқанда, жастардың үмітіне жігер қосып, жерлестерімізді жеңіс тұғырынан көрінуге тілектестік білдіру болды. «Флэш-моб бүгін барлық әлеуметтік желілерге таратылып, жастар тарапынан қолдау танытылды. Олимпиада біткенше, қолымызға «алтын» түскенше осындай бағыттағы шараларды жиі қолға алуды жоспарлап отырмыз», дейді еріктілер тобының жетекшісі Ләззат Алхамқызы. Дүйсенбек ҚОЗБАҚОВ, жастар орталығының маманы Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданыСыр елі Сашасына сенді
Бұл Олимпиада Қызылорда облысы үшін аса жайсыз басталды. Алдымен спорттық өміріндегі ең бір кемел шағына жетіп, олжа салуға оқталып отырған Алмас Өтешов шеттетілді. Одан кейін алты Алашты «алтынымен» қуантып, әлемнің бар рекордын жаңартып жүрген Илья Ильинге қараулық жасалды. Ақырында ол да Риоға жіберілмеді. Дегенмен, Сыр өңірі ауыр атлетикадан бір саңлағын аттандырды. Ол Александр Зайчиков болатын. Бұрынғы Олимпиадаларда Ақмешіт атырабының азаматтары Илья сайысқа түсетін күні орталық алаңға жиналып, үлкен экраннан алтын ұлдың өнерін тамашалайтын. Бұл үрдіс Александрға келгенде де үзілген жоқ. Зайчиков сайысқа түсерден бұрын қала жастары әлеуметтік желі арқылы «Мұз айдынына» жиналып, спортшыға қолдау көрсетуге үндеу тастады. Солайша, түнгі сағат 3:00-ден жастар межелі жерге қарай ағыла бастады. Жанкүйерлердің ынтасын байқаған жергілікті билік бар жағдайды жасапты. Түн ұйқысын қиып, жерлесіне жанкүйер болуға жиналған жастардың қарасы әжептәуір. Одан бөлек, аймақтағы спорт саласында еңбек етіп жүрген азаматтар мен жас спортшылар да «Мұз айдынынан» табылды. 300-ге тарта адам А.Зайчиков өнерін ішіне демін тартып көрді. Спортшы бағындырған салмақты өздері көтеріп жатқандай сезініп, жырақта отырса да, оның әрбір әрекетін экран арқылы кірпік қақпай тамашалады. Жұлқи көтеруден 193 кило зілтемірді басынан асырып тастағанында тұтас зал шулап кетті. Бірін-бірі құшақтап, Зайчиковтың жетістігімен құттықтап мәре-сәре болысты. Серпе көтеруден алғашқы тапсырысын 223 кило деп көрсеткенде, жанкүйерлер Александрдың жүлделі орынға ұмтылғанын анық байқады. Алғашқы тапсырысты мінсіз орындағанда, жиылған жұртшылық дүр ете қалған. Ал екінші тапсырысты орындай алмағанда, тұтас зал күңіреніп кетті. Бірақ бұл ештеңе емес екен. Үшінші талпынысында 227 килоны бағындырып, қуанысып жатқанда, төрешілер оның бұл талпынысын есептемей тастады. Жанкүйерлердің көңілі су сепкендей басылып, наразылық білдіріп жатты. Дей тұрғанмен, Зайчиков қоссайыстың нәтижесінде 416 килоны бағындырып, қола жүлдеге ие болғанда, жанкүйерлердің қуанышында шек жоқ еді. Өйткені, екі бірдей саңлағын Олимпиадаға қоса алмай, іштей булығып жүрген жұртшылыққа Зайчиков иеленген «қоланың» қадірі «алтынмен» пара-пар болатын. – Сыр елінің халқы өз спортшысына осылай қолдау білдіруді біраздан бері үрдіске айналдырды. Жастар өздері бастама көтеріп, Александр Зайчиковқа жанкүйерлік танытайық дегенде, қуана қолдадық. Спортшымыздың жүлделі орынның біріне табан тірейтінін білдік. Қола медальды де қанағат тұтып отыр едік. Дегенмен, оның күміс жүлде иеленетін де мүмкіндігі болды. Бірақ бұйырғаны осы екен. Жерлесіміздің бұл жетістігіне шын ниетімізбен қуаныштымыз. Осы арқылы Зайчиков Сыр топырағында ауыр атлетиканың мықтап дамығанын, ел қоржынына олжа салатын оғландардың аз емес екенін дәлелдеді, – дейді облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Оспанов. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» ҚЫЗЫЛОРДАТегеуріні темірдей
Бүгінде жасы 28-ге келіп, Олимпиялық ойындардың күміс жүлдегері атанып отырған боксшы Василий Левиттің шаршы алаңдағы жұлдызы ерте жанғанымен, өмір жолында бұлғағы көп бұралаңды сәттер өте көп кездесті. Оның кенеттен көк аспанды күркіретіп өткендей керемет табысқа жетіп, жарқ ете қалған тұстары да, күтпеген жерден күртікке күрт сүрініп кетіп, күмілжи қадам басқан шақтары да аз болған жоқ. Бірақ қаншама рет басында ұстанған бағытынан тайып түсіп, жүрісінен жаңылып жатса да, жанкешті тірлікке жілік жалғай отырып, бұрынғы қалпына қайта оралып келіп жатты. Әрбір келген сайын ол өз салмағындағы ең мықты екенін өзіне де, өзгеге де ұдайы дәлелдеп беріп тұрды. Осы ерік-жігері мықтылығының арқасында Вася бұрнағы күні Рио рингінің биік тұғырына көтерілді. Оның сол күні ресейлік Евгений Тищенкомен болған жекпе-жегінде қарсыласына дес бере қоймағаны, қайта оған басымдық көрсеткені туралы қазір жанкүйерлер, мамандар мен спортшылар арасында пікір білдіріп жатқандар көп. Біз бұл жағына бармай-ақ, Василийдің аталған ұрысты өзіне лайықты деңгейде өткізгенін айтумен ғана шектелейік. Ол осы жолы төрт жылда бір айналып келетін Ойындардың финалдық айқасында күш сынасуы арқылы да Олимп шығыршығының шырқау шыңына жете алғанын көрсетіп беріп отыр. Ал мұндай құрмет қандай бір боксы дамыған державаның өзінің кез келген күшті былғары қолғап шеберінің маңдайына жазыла бермеген. Осылайша ел-жұртын қуанышқа бөлеп отырған Вася 1988 жылдың 24 ақпанында Қостанай облысындағы Федоров кентінде қарапайым еңбек адамдарының отбасында туған. Ол бала жасынан кикбоксингпен айналысады. Жетінші сыныпқа көшкен жылы оқуын Қостанай қаласында тұратын ата-әжесінің қолында жалғастырады. Мұнда келгесін бокс секциясына жазылып, жекпе-жек ұрыс өнері бұл түрінің әліппесін де меңгеруге кірісіп кетеді. Бір жолы бұлар бір жарысқа барып қатысады. Жаттықтырушылар құрамы сонда Васяны бокстың да, кикбоксингтің де сайыстарына қосып жібереді. Нәтижесінде шымыр болып өсіп келе жатқан қайтпас қайсар жасөспірім екі жарыста да озып шығады. Бірақ бапкерлер осыдан кейін бір мәмілеге келіп, оны бұдан былай тек бокс жарысына ғана қатыстырып тұруға шешім қабылдайды. Бокстың олимпиялық спорт түрі екеніне баса назар аударған олар Васяның мұнымен түбегейлі айналысса, біраз жетістікке жетуге мүмкіндігі бар екеніне мән береді. Айналып келгенде, сол ұстаздары қателеспеген болып шықты. – Менің боксшы болып қалыптасуымның алғашқы негізін қалаған бүгінде марқұм болып кеткен Асылхан Бұсырманов есімді жаттықтырушым еді. Сол кісінің табанды еңбегі мен ыждағатты әрекетінің арқасында мен шын мәнінде боксшы болып шықтым, – дейді Василийдің өзі қазір өткен өмір жолдары туралы сөз еткенде. Сөйткен боксшының бақ жұлдызы жасы 21-ге келгенде жана бастады. Ол 2009 жылдың қысында алдымен Қазақстан чемпионатында топ жарды. Алтын медаль үшін таласта өзінің жерлесі Жан Кособуцкийді ұпай санымен ұтты. Сол жылы маусым айында Қытайдың Чжухай қаласында өткен Азия чемпионатының финалында алаң иелерінің үкі таққан үміті Ли Бинді екінші раундта іске алғысыз етіп сабап, құрлықтың да мықтысы атанды. Ал қыркүйек айында Италияның Милан қаласында жалау желбіреткен әлем біріншілігіне қатысып, 1/16 финалдық екінші ұрысында италиялық тәжірибелі боксшы Клементе Руссоға жол беруге мәжбүр болды. Бұл сәтсіздік келесі жылы да жалғасты. Алдымен Қазақстан чемпионатының финалында манағы Жанға есе беріп қойды. Содан кейін Қытайдың Гуанчжоу шаһарында шаршы алаңды тербеткен Азия ойындарының 1/8 финалында сириялық Мохаммед Чоссоуннан ұтылып қалды. Василий келесі, 2011 жылы Қазақстан чемпиондығын қайтарып алды. Бірақ содан қайтып еліміз құрамасы сапында ірі халықаралық жарыстарға барған жоқ. Сол жылы Азия чемпионатына мұның салмағынан негізі кикбоксер Данияр Үсенбаев аттанып, қоржыны бос қайтты. Содан кейін бұл салмақтағы басты орын Антон Пинчукке берілді. Ол 2013 жылы Азия чемпионатында, 2014 жылы Азия ойындарында алтын медаль алды. Сонымен, Васяның бұл салмақтағы есігі жабылып қалғандай еді. Оның бағын қайта жандырған Бүкіләлемдік бокс сериясы болды. Осында «Астана арланс» командасы құрамына алынған ол ақырында өз салмағында үздік деп танылды. Осының арқасында Рио-де-Жанейродағы Олимпиялық ойындардың лицензиясына қол жеткізді. Сондықтан Қазақстаннан бұл салмақта басқа боксшыға жолдама үшін күресудің жолы алдын ала жабылып қалған еді. Риодағы бокс турнирінде Василий Левит теңдессіз төрт ұрыс өткізді. Оның біріншісінде қытайлық Ю Фенгкайды үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңді. Екінші жекпе-жегінде маврикиялық Джемс Кеннеди ст. Пиеррені, ал жартылай финалда кубалық Эрисланди Савонды ұпай санымен ұтты. Ол Бостандық аралының өкілімен Бүкіләлемдік бокс сериясында да кездесіп еді. Сол жолы төрешілердің бұра тартуымен жеңіс оның қарсыласына беріліп кеткен. Соның қайтарымын Вася Бразилия жерінде келтірді. Бұл жеңіс оған күміс медаль болып қайта оралды. Бұған дейін осыдан 7 жыл бұрын алған Азия чемпионы дегеннен өзге халықаралық дәрежедегі атағы жоқ Василий Левит үшін ғана емес, кез келген спортшы үшін Олимпиялық ойындарда күміс медальға қол жеткізу толағай табыстардың бірі болып табылар еді. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Данияр МАЙЛЫБАЕВБоксқа баптап ұядан...
Марат Елеусіновтің есімі елімізге жақсы таныс. Ол белгілі бокс маманы ғана емес, сонымен бірге, Дәурен мен Данияр Елеусіновтердей екі чемпионды боксқа баулып, шаршы алаңда өнер көрсетудің қыр-сырын үйреткен, қазірде сол жігіттердің жеке жаттықтырушысы әрі әкесі. Жақында Олимпиада басталар алдында біз бокс маманымен кездесіп, әңгімелескен едік. – Қазіргі таңда ұлттық құраманың капитаны болып жүрген ұлыңызды қалай боксқа баулыдыңыз? Оның боксқа деген ынтасын қалай байқадыңыз? – Боксқа негізінен 10 жастан алынады. Бірақ Данияр ерте айналысып кетті. 8 жасынан Дәуренге жаттығу жүргізіп жатқан кезде залға келіп, ілініп тұрған қапты ұрып жүретін. Бір күні 1989 жылы туған, бокспен алты айдай айналысып жүрген балаларға спарринг жасатып жатқанмын. Бойы кішірек бала болған. Бір кезде Данияр қасыма келіп: «Әке, мен мына баламен шаршы алаңға шығайыншы», деді. «Ой, балам қой, оның сенен жасы үлкен, алты ай шұғылданып жүр, сен әлі айналысып жүрген жоқсың», – дедім. Жалынып болмай қойды. «Жарайды» деп шығардым. Қарасам, Данияр соққы өткізбейді. Артқа шалқайғанда, қарсыласының қолы жетпей қалады, қарсы соққы жасап үлгеріп жатты. Осыны көргеннен кейін, айналысып жатқан топқа қосып қойдым. – Данияр мен Дәуренді, өзіңізді спорт сүйер қауым жақсы біледі. Ал қос чемпионның анасы, отбасының өзге де мүшелері туралы айтып берсеңіз. – Екі ұлымның жетістіктеріне жұбайым Ғалияның қосқан үлесі зор. Тамақтарын, жаттығу киімдерін дайындайды. Тіпті, бинттеріне дейін жуып, әзірлеп қояды. Сол балалардың жағдайын жасап отыру үшін мұғалімдік қызметінен де кетті. Қазір үй шаруасымен айналысады. Алматы облысының тумасы, өзім Батыс Қазақстан облысынанмын. Алматыда жүргенде таныстық. Биыл, құдай қаласа, отасқанымызға 32 жыл болады. Қызымыз бар. Есімі – Динара. Тұрмыста. Биге әуес болды. Түрлі байқауларға қатысып, жүлделер алып жүрді. Жоғары оқу орнында хореографиядан білім алды. 2007 жылы Астанаға көшіп келдік. Қызымыз осында мемлекеттік «Наз» би ансамблінде жұмыс істеді. Қазір ішкі әскердің ансамблінде. Дәурен 2010 жылы үйленді. Екі немереміз бар. – Ғалия апайымыз ұлдардың шаршы алаңдағы өнерлерін тамашалай ма? – Осы Астанада болатын жарыстарды қалт жібермейді. Жанкүйер болып отырады. Боксшылардың аты-жөндерін, жетістіктерінің бәрін біледі. Басты жанкүйеріміз деуге де болады. – Немере тәтті ғой, аға. Ата болған қалай екен? Боксшы боламын дей ме? – Оқу-жаттығу жиынынан кейін соны сағынып келемін. Алыста жүргенде телефонмен сөйлесемін. Немере өте ыстық болады екен. Әбілмансұр немеремнің ойыны да бокс. Даниярдың 14-15 жаста киген боксшының аяқ киімін, үстіндегі киімін киіп алып, бокс залына барады. Оны шешпейді. Жылап сөмкесіне салып алады. «Анда барып киемін» дейді. Залда қолын бинтпен орап алып жүреді, соққы жасайды. Боксшы боламын десе, еш қарсылығым жоқ. Бокс та өнер ғой. Данияр айтқандай, бокс – төбелес емес, ол – нағыз өнер. – Марат аға, өкінетін, «қап, әттең» дейтін кездеріңіз бар ма? – (Көп ойланып барып) Бар ғой… Дәуренді жаттықтырғанда, былай істеуім керек еді, былай жасауым керек еді деп, кейін сол кезде жіберген қателіктерімді Даниярды жаттықтырғанда жібермеуге, түзетуге тырысасың. Дәурен сол кезде Қазақстан чемпионы бола тұра, жастар арасындағы әлем чемпионатына қатыса алмады. Сол кезде бір әрекет жасауым керек пе еді деп ойлайсың. Бірақ, Аллаға шүкір, бұйырған кетпейді дейді ғой. Бұйырмаған нәрсе, тіпті, қалай тырыссаң да болмайды. – Жаттықтырушы тек спорттың қыр-сырын өз тәрбиеленушісінің бойына сіңіріп қана қоймай, әр кезде қолдау көрсететін психолог та болуы керек қой. – Әрине. Жеңілістен кейін еш уақытта Дәуренге де, Даниярға да ұрысқан емеспін. «Бәрі жақсы, бәрі дұрыс, балам. Ештеңе етпейді, кейін анализ жасаймыз», деп балаларды жұбатамыз. – Балаларыңыздың қатты уайымдап, қиналған сәттері болған шығар. – Даниярдың қатты қиналған сәті Олимпиадада қол созым жерде медальдан айырылып қалған кезі. Ширек финалда италиялық боксшысына жол берген еді. Бірақ бір жылдан кейін, Алматыдағы әлем чемпионатында есесін қайтарды. Жарыстардың бәрін таспаға жазып алуға тырысамыз. Қарсыластарының қимылын, өздерінің жүргізген боксын үшеуміз отырып қараймыз. Сараптама жасаймыз. – Кітап оқисыз ба? – Оқу-жаттығу жиынына кеткенде кітап оқимыз. Данияр да кітаптар алып кетеді. Осы соңғы оқу-жаттығу жиынында Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңдер жинағын оқыдым. Данияр да кітапқұмар. «Абай жолын» қолынан тастамайтын. Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан»