• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
17 Тамыз, 2016

Өндіріс пен өнеркәсіп ғылыммен ұштасады

422 рет
көрсетілді

Кеше Шығыс өңіріне іссапармен келген Қазақстан Рес­публикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Өскемен мен Семей қалаларында және Абай мен Глубокое аудандарында болып, бірқатар шаруашылық нысандары мен мәдени орындарды аралады. Оның сапарының маңызды бөлігі Елбасының «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясындағы инфрақұрылымды дамыту барысына арналды. Өңірге сапарын Семей қаласынан бастаған К.Мәсімов алдымен облыстың әуежай, теміржол, автовокзал нысандарының қауіпсіздік жүйесімен таныс­ты. «Күн сәулесі» қағидасы бой­ынша тиімді көлік-логистикалық инфра­құрылымын құру – «Нұрлы Жол» бағдарламасының басты мін­деттеріне жатады. Елбасы Қауіп­сіздік кеңесінің отырысында көлік инфрақұрылымының стратегиялық нысандарында және адамдар көп шоғырланған орындарда қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мен күшейту қажеттігі туралы айтқан болатын. Үкімет жетекшісіне Семей әуежайының ұшу-қону жолағы мен әуежай вокзалын жөндеу барысы таныстырылды. Айта кетелік, Семей әуежайы – «В» санатына жатады, ауданы 3 500 шаршы метрді құрайды. Аэротораптың жұмысын 136 адам қамтамасыз етеді. Үкімет басшысы Семейдегі қайта жөндеуден өтіп жатқан ЖЭО-1 нысанын аралап көрді. Бұл – шаһардың тұрғын үй және әкім­шілік ғимараттарының 70 пайы­зын жылумен қамтамасыз ететін ең ірі жылу көздерінің бірі. Өндіріс­тік қуаты сағатына 342 Гкал болатын жылу орталығы тұрғын үйлер­мен бірге Ертіс өзенінің сол жақ жа­ға­лау­ын­дағы әкімшілік ғимараттарға, 41 әлеу­меттік нысанға қызмет көрсетеді. К.Мәсімовтің сапары Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемо­риал­дық қорық-мұражайында жал­ғасты. Ол ақынның өмірі мен шы­ғар­машылығына байланысты тарихи орындарды зерттеуге бағытталған мемориалдық кешеннің бірегей жәдігерлерімен танысты. Мұнда Абайдың араб, парсы, түрік, орыс тіліндегі кітаптары, әр жылдағы фотоқұжаттары, үш ішекті домбырасы, сирек кездесетін және дәстүрлі тұрмыстық заттары бар. Абай заманын еске түсіретін түрлі жәдігерлер сақталған. Жалпы ауданы 6 400 га құрайтын қорық аумағында 16 тарихи ескерткіш және тарихи орындар орналасқан. Абай ауданының тұрғындарымен кездесуде өңірдің маңызды мәсе­ле­лері талқыланды. Мәселен, «Дип­ломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша ауылға келіп, еңбек етіп жатқан аудандық аурухана дәрігері, жас маман Жанна Ерғазимова Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ақын мұражайы мен кесененің күрделі жөндеуден өтуіне қолдау көрсетуді сұраса, ауданның құр­метті азаматы, Құнанбай ұрпақ­тарының бірі Манатай Балтақайұлы алыс-жақыннан іздеп келетін туристер мен меймандар үшін Семей әуежайының талапқа сай жөндеуден өтуіне көмек көрсетуді сұрады. Премьер-Министр сапарын одан әрі Өскемен қаласында жал­ғас­тырып, елдегі өндіріске білікті мамандарды даярлайтын ірі жоғары оқу орындарының бірі – Д.Се­рік­баев атындағы Шығыс Қазақ­стан мемлекеттік техникалық уни­вер­ситетін аралады. Бұдан өзге, Үкімет басшысына Шығыс Қазақ­стан мем­лекеттік оқу орнының заман­ауи зерттеу және өнеркәсіп жабдық­та­ры­мен жабдықталған зертханасы, «Ме­хатроника және өндірісті автоматтандыру» жаңа зертханасының «FESTA» роботтандырылған желісі көрсетілді. Премьер-Министр бұдан кейін Білім және ғылым, Инвестиция және даму, Ұлттық экономика министр­ліктері, облыс әкімдігі, халық­аралық сарапшылар және компания жетекшілерінің қатысуымен еліміздегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту мәселесі бойынша кеңес өткізді. – Өндірістің бәсекеге қабілетін арттыру бағытындағы аса маңызды міндеттердің бірі – ғылым мен өнді­рістің тығыз байланысын қамта­масыз ету. Қазақстандық ғылым­ның жетістіктері нақты техноло­гия­лық міндеттерді шешуге бағдар­лануы, шынайы экономика секторына батыл түрде енгізіліп, оны дайындаушыларға пайда әкелуі тиіс. Сондықтан, біз ғылым мен шынайы экономика секторының байланысы негізінде жоғарғы технологиялы өндіріс құру мәселелерін қараймыз, – деді К.Мәсімов. Кеңесте ғылыми ұйымдар мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік конструкторлық әзірлеулері нәтиже­лерінің тиімділігін арттыру және оны экономиканың нақты секторы­на қолдану үшін «Билік-универ­ситет-бизнес» үштағаны ұстаны­мында шоғырланған ұлттық инно­вациялық жүйе қажеттігі айтылды. Бұл тетік ғылыми жобалар мен бағдарламаларды дайындауда және жүзеге асыруда салалық министр­ліктердің, атқарушы органдардың, өңірлік техникалық университеттер мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың тығыз байланысы негізінде орны­ғады. Айтылған жобаларға Білім және ғылым вице-министрі Б.Асы­лова, Инвестиция және даму вице-министрі Т.Тоқтабаев өз пікірін білдірді. Жиынның екінші бөлігі – мем­лекеттік-жекеменшік әріптес­тікті дамыту жөніндегі кеңеске қатысушылар жаһандық дағдарыс жағдайында аталған әріптестіктің мемлекеттік міндеттемелерді орындау тиімділігін бюджет шығыстары мен экономикадағы мемлекеттік сектордың үлесін ұлғайтпай-ақ қамтамасыз етуге мүмкіндік бере­тінін атап өтті. Әріптестік қағи­дасын дамыту мәселесі туралы «Бәй­терек» АҚ басқарушы директоры А.Қуатова, халықаралық сарапшы, өңірлік ЕҚҚДБ бас экономисі А.Прей­манис, концессиялық жоба­лар­дың өкілі, Global Construction Technologies ЖШС директоры Г.Уатаев әңгімеледі. Премьер-Министр кеңесті қо­ры­­тындылай келе, мемлекеттік-же­кеменшік әріптестікті дамыту­ды қамтамасыз ету негізгі міндет еке­нін, оған Үкімет тарапынан займ бойынша мемлекеттік ке­піл­­­дік, инфрақұрылымдық құн­ды қағаздарға мемлекет кепіл­дігі, заттай гранттар ұсыну, мем­лекет тік-жеке әріптестік жобаларын қар­жыландыру, мемлекеттің тұты­нуына кепілдеме беру сынды бар­лық қолдау көрсетілетінін айтты. Алдағы уақытта мемлекеттік-же­ке әріптестікті қолдану аясы кеңейіп, келісімдердің жаңа түрін пайда­лану мүмкіндігі туады. Одан өзге жергілікті атқарушы орган­дардың дербестігі артып, облыс­қа осы саладағы жергілікті және кон­цес­сиялық жобаларды әзірлеу, сарап­тау және жүзеге асыру өкілеттігі бері­леді. Бүгінде Ұлттық экономика министр­лігі Мемлекеттік-жеке меншік әріп­тестік орталығымен бірге эконо­миканың әр саласындағы жоба­лардың типтік конкурстық құжат­тамалары мен келісімдерін әзірлеуде. Үкімет басшысы сапарының соң­ында өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің дамуына назар аударды. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қонысбай Төлеубеков облыстағы агроөнеркәсіптік кешен­нің дамуы жайлы баяндады. Елі­мізде «Агробизнес-2020» бағдар­ламасында егіс алқаптарын әрта­раптандыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінгені белгілі. Яғни, өсімдік шаруашылығында түрлі бағыттарды дамыту – өнімдердің түрін кеңейтуді қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірдің экожүйесін қалпына келтіреді. Бұдан өзге, өсімдік шаруашылығы негізінде мал шаруашылығын дамыту тұйық циклдің қалдықсыз өндіріс үлгісін құрады. Облыстағы заманауи шаруашылықтың осындай үлгісінің көрінісі – «Астана-Бизнес» агрохолдингінің құрамына енетін «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС. Мұнда дәнді және майлы дақылдар өсіріліп, сүт және ет өндіріледі, сондай-ақ, отандық шаруаларды жоғары сапалы тұқыммен қамтамасыз етеді. Бұдан өзге, шаруашылық тритикале (күздік бидай-қарабидай гиб­риді) және күздік рапс сияқты жаңа дақылдар өсіреді. Гибридтік қара­би­дайдың өнімділігі шаруашылық алқаптарында гектарынан 60 центнер жиналады. Өңірде одан жоғары нәтиже бұрын-соңды болған жоқ. Сондай-ақ, серіктестікте ірі қара тұқымын жақсарту бойынша асыл тұқымды мал шаруашылығы жолға қойылған. Тәжірибелік-селек­ция­лық алқапты аралау барысында «Астана-Бизнес» ЖШС директоры Фарид Абитаев кәсіпорын қызметінің нәтижелерін таныстырса, тәжірибелік шаруашылық ғылымы бөлімінің жетекшісі Сергей Шербань күнбағыс және майлы дақылдардың басқа да сұрыптарының селекциясы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы айтты. Ал 600 басқа арналған тауарлы сүт фермасында сауын сиырларды машина арқылы сауудың заманауи қондырғысы қолданылады. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы