Ғылым мен білімге жұмсалған қаражат болашаққа құйылған инвестиция деген айнымас қағида бар. Елімізде инновациялық жобаларды, технологиялық стартаптарды қолдау үшін 110 миллион доллар бөлінетіні туралы жаңалық осы өзекті қағиданы еске түсірді. Себебі, қомақты қаражат таяу болашақта экономикалық жағынан өзін-өзі ақтайтын жемісті жобаларды табуға, қолдауға және жүзеге асыруға бағытталмақ.
Бүгінгі таңда елімізде экономиканы инновациялық тұрғыда дамытуға мемлекет тарапынан көңіл бөлініп жатқаны белгілі. Осы орайда, биыл Дүниежүзілік банкпен бірлескен «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасы іске қосылатыны туралы игі жаңалық тарады. Бұл туралы Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Білім және ғылым министрлігінің өкілдері хабарлады.
Білім және ғылым министрінің орынбасары Бибігүл Асылова атап өткендей, қаржы көлемі қомақты жобаның мақсаты жоғары сапалы, өзекті зерттеулерді жүргізуге, технологияларды коммерцияландыруға қолдау көрсету болып табылады. Инновациялық жобаларды, технологиялық стартаптарды іріктеп алу, оларды қолдаудың нарық тәсілін пайдалану, ең тиімді деген жобалардың бизнесте қолданысқа енуі сынды кезеңдердің барлығында оларға тиісінше қолдау жасалып, жүзеге асырылу барысы бақылауға алынады.
– Жобаның бірінші кезеңі 2016 жылы басталады. Бұл кезеңде ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұсынған аға ғылыми қызметкерлер мен кіші ғылыми қызметкерлер арасында гранттық қаржыландыру бойынша конкурс жоспарланды. Осы конкурс аясында берілген жобаларды іс жүзіне асыруға үш жыл уақыт беріледі, – дейді Бибігүл Асылова.
Конкурсқа қатысуға ниетті ғалымдар, жас таланттар, кәсіпкерлер биылғы жылдың соңғы күніне дейін құжаттарын тапсыруы тиіс. Жалпы, 2016-2020 жылдарды қамтитын жобаға бас-аяғы 110 миллион АҚШ доллары жұмсалады деп жоспарланған.
Жалпы, грант арқылы қаржыландыру үшін ғалымдар мен жеке сектор өкілдерінің арасында үш конкурс өткізіледі. Аға ғылыми қызметкерлер мен кіші ғылыми қызметкерлерге және ғылыми қызметкерлерге арналған инновациялық консорциумдар аясында жасалған жобаларға арналған гранттар қарастырылып отыр. Аға ғылыми қызметкерлерге арналған ең көлемді грант – 230 миллион теңгені, ал кіші ғылыми қызметкерлерге қарастырылған грант 180 миллион теңгені құрайды.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ел экономикасының инновациялық әлеуетін арттыру қажеттігін өз жолдауларында айтқаны белгілі. Бұл орайда, смарт-технологиялар, болашақтың энергетикасы, жобалау және инжиниринг салаларында біліктілікті арттыруға ерекше назар аударылуы тиіс. Білім және ғылым министрі орынбасарының айтуынша, «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасы Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында көрсетілген міндеттерге, атап айтқанда, 64-қадамды жүзеге асыруға сәйкес келеді. Яғни, өндіріске инновациялар енгізу және ғылыми гранттар мен бағдарламаларды индустриялық-инновациялық дамудың қажеттілігіне бағыттауды қосымша қаржыландыру туралы бөліміне сай келеді.
Брифингте бүгінгі таңда елімізде ашық бәсекелестік жүйесі қалыптасып келе жатқаны туралы айтылды. Қазір әрбір ғалымның, зерттеу топтарының, ғылыми-зерттеу институттарының, университеттер мен компаниялардың түрлі грант ұсынатын конкурстарға қатысуға мүмкіндіктері бар. «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасын солардың ішіндегі бірегейі деуге толық негіз бар. Конкурсқа қатысқысы келетіндердің құлшынысын арттырып, ашық бәсекелестіктің одан әрі дамуына бұл жобаның серпін берері сөзсіз.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»