Кез келген өңір инвестициялық қаражат есебінен өсіп-өркендеп дами алады. Сондықтан да бұл мәселеге Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов айрықша мән беруде. Оның қазіргі нәтижелері де көңілге қонады. Соның бірі Орал өңірі мен Иран Ислам Республикасы арасында сауда-экономикалық, инвестициялық және көлік-логистикалық салада жасалған ынтымақтастық жөніндегі келісім болып табылады.
Аталған келісімге өткен шілде айының аяғында Тегеранда қол қойылған болатын. Өз кезегінде ирандық өкіл-инвестор Таваколь Ибраими Орал өңірінде болған сапарында мұнда екі кезеңнен тұратын жылыжай құрылыстарын жүргізу үшін Иран тарапы инвестиция құюға әзір екендіктерін мәлімдеді. Жұмыста голландиялық технологияны қолдану белгіленген. Оның ерекшеліктері жөнінде нидерландтық Андриес Копперт айтып берді.
Яғни, оның мәлімдеуінше, жобаның алғашқы кезеңінде құрылыс аумағы қырық гектарды құрамақ. Болашақта жылыжайдан жиналатын өнім мөлшері өңір тұрғындарының сұранысын қамтып қана қоймай, оны көршілес Ресей еліне экспортқа шығаруға болады деген болжам жасалып отыр. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың құрамында болғандықтан, мұндай жағымды жайт Ресеймен сауда-экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі тереңдете түсуге септігін тигізеді деп күтілуде. Айтылар ойды бұдан да гөрі ашыңқырап айтқанда, Қазақстанның аталмыш экономикалық кеңістікте орналасуы ирандық инвесторлардың қызығушылығын одан әрі күшейте түскендей көрінеді.
Тіпті, қазіргі күні ірі де күрделі жылыжай жобасының орны белгіленіп те қойыпты. Айталық, «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өңірдегі индустриялық аймақты құруға бел шеше кірісіп, оның орнын белгілеген болатын. Бұл орын Теректі ауданындағы Пойма теміржол бекетіне таяу орналасқан. Ирандықтар мен голландиялықтар бірлесіп қолға алатын жылыжай құрылысы дәл осы арада бой көтермек. Өз кезегінде «Орал» ӘКК аталған шетелдік компаниямен бірлесіп жұмыс жүргізбек. Осы орайда мердігер ретінде белгіленген «KGS» компаниясы құны 176 миллион АҚШ долларын құрайтын құрылысты алдағы бір айдың ішінде бастап кетуге бел буып отырғаны үлкен сенім туғызады.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі атқарушы орган жетекшілеріне инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар мен мүмкіндіктер туғызуды басты міндет етіп қойғаны мәлім. Жоғарыда көрсетілген жайттар Орал өңірінде бұл істің қалыпты деңгейде екенін көрсетеді. Сонымен, Иран инвестициясы Орал өңіріне игілік әкеле ала ма? Бұл сауалдың жауабына уақыттың өзі төреші болмақ.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ