• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
19 Тамыз, 2016

Етік тіккеннің есебі түгел

664 рет
көрсетілді

Бейбіт Хадисұлы аудан орталығы Аққу­лыда тұрады. Аяқ киімдер тігетін кәсібін ша­ғын ғана цех-бөлмесінен бастады. Көз – қорқақ, қол – батыр. Қазір «Рымхан Күнтуған» атты жеке кәсіпкерлік шаруасы біртіндеп жолға түсіп келеді. Енді кәдімгі кроссовка­лар шығармақшы. Биыл 40 жұп аяқ киім тігіпті. Қажетті бұйымдарды Ресейден әкеледі. Крос­совкалар ұзақ мерзімге шыдайды, экологиялық таза материалдан жасалған. Бағасы – 10 мың теңге. Кәсібін кеңейте түсу үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 700 мың теңге көлемінде несие алуға өтініш беріпті. Жамбыл облысының былғары зауытымен шикізат алу бойынша келісімшарт жасамақшы. Баян-Өлгей аймағында туып-өскен Бейбіт 1992 жылы екі ел арасындағы еңбек шартымен алғашқылардың бірі болып елге жетті. Бесқарағайда қой баға жүріп, мал терісін илеп, іске асыруды ойлайды. Алдымен «унты» аяқ киімін тігіп көреді. Кәсібі жандана бастаған соң, заманға сай талпыныс жасап, Қытай, Омбы, Семей барды. Елімізде қабылданған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы қабылданған кезде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры бөлімшесінде оқыды. Арнайы грант ұтып алды, сертификат берілді. Семейден етік тігуге қажетті бұйымдар, тері илеуге қажетті өнімдер, Ом­бы­дан аяқ киім табандарын алдырды. Қытайдан іс мәшіңкелерін, арнайы қалыптар, жіптер жет­кізді. Иә, Бейбіттің шағын ғана аяқ киім тігу цехы ауылдың бір өндіріс орны іспетті. Өйт­кені, бұл жерде кәсіпкер өнім жасап шығаруда, ауылдықтар сұранысын өтеуде. – Жылқы терісінен тігілген аяқ киімнің ерекшелігі кеуіп қалмайды. Табан жылы жүреді, денсаулыққа пайдалы. Бағасы 5-7 мың­ның айналасында. Ұлттық өрнекті аяқ киім­дер тігу де ойымда бар. Отандық өнім, отандық зат, бәрінен бұрын «Ауылда жасалған» деген белгімен аяқ киімі шығару бір бақыт, – дейді кәсіпкер жігіт. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» Павлодар облысы, Лебяжі ауданы