Кеше Конгресс-холда «Білімді ел – Мәңгі ел» тақырыбымен Астана қаласы білім қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі болып өтті. Оған Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, Парламенттің және қалалық мәслихаттың депутаттары, шығармашылық және ғылым салаларының өкілдері қатысты. Сонымен бірге, тамыз конференциясына басқарма басшылары, білім беру саласының ардагерлері, жалпы білім беру мекемелерінің бірінші басшылары мен мұғалімдер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері шақырылды.
Кеңес барысында өткен оқу жылының қорытындысы шығарылып, астаналық білім мекемелерінің 2016-2017 оқу жылына дайындығы және орта білім беру сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Отырысқа қатысушылар балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтуды арттыруға, мектепке дейінгі білім беру қызметтерін көрсетуге жекеменшік инвесторларды тартуға баса назар аударды.
Жиынға қатысушылар мен қонақтар үшін тақырыптық көрме ұйымдастырылды. Шара Астана қаласының білім беру ұйымдарының инновациялық технологиялар мен бағдарламаларды енгізу бойынша жұмыс тәжірибесін жинақтап қорытуға мүмкіндік берді. Көрме материалдары білім технологияларына, мектепке дейінгі білімге, жоғары сынып оқушыларын кәсіптік бағдарлауға, елордалық дарынды балалардың халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми конкурстардағы жетістіктеріне, сондай-ақ, білім беру мекемелерінің үздік ғылыми жобаларын таныстыруға арналған 11 тақырыптық кластермен өрнектелді.
Елордалық білім саласы қызметкерлерінің алдында қала әкімі Әсет Исекешев баяндама жасады. Қазіргі кезде Астана қаласы білім беру ұйымдарында 14 мыңға тарта педагог-кадрлар жұмыс істейді. Жоғары педагогикалық білімі бар ұстаздар үлесі 88 пайызды құрайды. Жаңа оқу жылында қаладағы 94 мектепте (оның 83-і мемлекеттік, 11-і мемлекеттік емес) 129 мың оқушы білім алады. Оның ішінде 20 мыңнан астам бүлдіршін биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Жаңа оқу жылында елордадағы Қарталы көшесінде 600 орындық №26 мектеп, Сауран – Ақмешіт – Хусейн бен Талал көшелері аумағында 1200 орындық жаңа мектеп ашылмақ. Жыл соңына дейін Көктал кентінде 375 орындық коррекциялық мектеп-интернат, әрқайсысы 525 орындық №17 және №22 мектептерге жапсарлас салынған қосымша ғимараттар пайдалануға беріледі.
Қала әкімінің айтуынша, жыл аяғына дейін 30 жекеменшік мектеп жасына дейінгі балалар мекемелері пайдалануға беріледі. Болжам бойынша, 2019 жылы Астанада 3 және 6 жас аралығындағы бүлдіршіндер саны 65 мыңнан асады. Елордалық бүлдіршіндерді мектеп жасына дейінгі мекемелермен 100 пайыз қамту үшін қосымша 26 мың орын керек. Бұл келелі міндетті шешу үшін осы кезеңде 200-ден астам жаңа нысандар ашу керек. «2016 жылдың 1 шілдесінен мектеп жасына дейінгі жекеменшік мекемелердегі мемлекеттік білім беру тапсырысының құны 1 балаға 15 900 теңгеден 23 000 теңгеге дейін арттырылды. Сонымен бірге, ата-аналар төлейтін төлем 23 000 теңгеден 20 800 теңгеге дейін арзандатылды. Бұл ата-аналарға түсетін салмақты жеңілдетіп, оларға мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларды таңдауға мүмкіндік береді», деді Әсет Исекешев.
Қала әкімі өз сөзінде мектептерде ата-аналардан әртүрлі себептермен қаржы жинау тәртібіне тосқауыл қойылатындығын атап көрсетті. Әсет Исекешевтің айтуынша, білім саласындағы әлеуметтік жеңілдіктер жалғасын табады. Алдағы оқу жылында 65 мыңнан астам бала тегін тамақтандырумен қамтамасыз етіледі. Қаладағы барлық білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін асханалар мен буфеттердің өнімдері қатаң бақылауға алынатын болады.
Елордалық мұғалімдердің дәстүрлі тамыз кеңесінде Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев сөз сөйлеп, еліміздің білім беру саласының алдында тұрған келелі міндеттерді тілге тиек етті. Жиын қорытындысында ерекше көзге түскен ұстаздарға «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» және Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгілері, Құрмет грамоталары және алғыс хаттар салтанатты жағдайда тапсырылды.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Сұлтан СЕЙІТОВ