Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында Елбасының «Нұр Отан» партиясының ХІІІ съезінде берген тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Соның бірі халықтың еңбекпен өз бетінше шұғылданатын, жұмыссыз және әлеуметтік жағдайы төмен топтарының жағдайын жақсарту мәселесі болды.
Аталған мәселе бойынша баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова осы мақсатты жүзеге асыру үшін арнайы бағдарламаның әзірленгендігін айта келіп, оның бағыттары туралы баяндап берді. Ол бағдарламаға негізінен алғанда ауыл халқы тартылмақ. Соның ішінде жастар жағдайына бірінші кезекте мән берілетін болады. Бағдарлама «Еңбекпен қамту-2020» деп аталады.
Бағдарламаны жүзеге асыру негізінен алғанда үш бағыт бойынша орайластырылған.
Бірінші, жоғарыдағы топтарға жататын азаматтарды өздерінің тұрғылықты орны бойынша жұмысқа тарту көзделеді. Бірінші кезекте оларды қайта даярлықтан өткізіп, жаңа мамандық беру, олардың жеке істерін ұйымдастыруға қолдау көрсету мәселелері қарастырылады.
Екінші, тұрғылықты орны бойынша мұндай мүмкіндік болмаған жағдайда оларды өз еріктері бойынша экономикасы алға басқан басқа өңірлерге көшіру мәселесі көзделеді. Оған келісім болмаған жағдайда ұтқыр топтарды ұйымдастыру арқылы басқа жерлерге барып-келіп жұмыс істеу мәселесі қарастырылады. Осы ретте елімізде жүзеге асырылу үстіндегі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен осы шаруаны орайлас жүргізу ескерілген. Яғни, жаңадан іске қосылған жобаларға, еліміздегі ашылу үстіндегі фабрикалар мен зауыттарға, басқа да кәсіпорындарға жұмыссыздар мен әлеуметтік аз қамтылған топтарды тарту ісі ойластырылуда.
Бағдарламаның үшінші бағыты – ауылдағы кәсіпкерлікті жандандыру, осы арқылы тұрғылықты жерден жаңа кәсіп көздерін ашу болып табылады. Бұған мүмкіндік болмаған жағдайда көрші аудандардан жұмыс көздері қарастырылып, азаматтар вахталық әдіс бойынша жұмысқа тартылады.
Халықтың аталған бағдарламаға қатысатын топтарын айқындау негізінен жергілікті әкімдіктерге, соның ішінде, аудан әкімдеріне жүктелмек. Ондай топтарға жататын азаматтарды айқындаудың бір тәртібі белгіленетін болады. Мәселен, табыстары күнкөріс деңгейінен төмен адамдарға, әсіресе, жастарға ерекше назар аударылмақ. Олар бағдарламаға қатысуға келісім берген жағдайда өзара әлеуметтік келісім-шарты жасалынады. Бұл келісім-шарт бағдарламаға қатысушыға бірқатар әлеуметтік жеңілдік алу мүмкіндігін ұсынады.
Гүлшара Әбдіқалықова сондай мүмкіндіктің бірі ретінде шағын несие берілетіндігін айтып өтті. Ол несие көлемі 3 миллион теңгеден аспайтын мөлшерде ең әрі кеткенде 5 жыл мерзімге беріледі. Оған азамат жаңа барған жерінен тұрғын үй сатып ала алады. Сондай-ақ іс бастау, кәсіпкерлікті жандандыру мақсатында да бөлінетін қаржы көздері де болады.
Бағдарлама биылғы жылы пилоттық негізде жүзеге асырыла бастамақ. Мұнан кейінгі кезең 2012-2015 жылдарды қамтиды. Үшінші кезең 2015-2020 жылдардың аралығы. Бағдарламаны жүзеге асырудағы негізгі оператор Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі болып табылады. Бағдарлама қажетті қаржымен қамтамасыз етіледі.
Осы мәселеге байланысты өз сөзінде Кәрім Мәсімов аталған министрлікке бағдарлама қабылданғаннан кейін барлық ілеспе нормативтік-құқықтық құжаттарды қысқа мерзімнің ішінде әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, Байланыс және ақпарат министрлігіне аталған мәселені халыққа түсіндіру мақсатындағы жұмыстарды жүргізуді жүктеді.
Сондай-ақ, осы отырыста Елбасының «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының кезекті съезінде берген тапсырмасына сәйкес еліміздің тұрғын үй рыногын одан әрі жетілдіру, азаматтарды қолжетімді неғұрлым арзанырақ тұрғын үймен қамту жөнінде мәселе де қаралды. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық
шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин халықты қолжетімді тұрғын үймен қамту мақсатында жаңа бағдарлама әзірленіп отырғандығын айтты. Осы бағдарлама бойынша мынадай мәселелер ескерілген.
Бірінші. Ендігі кезекте тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің әлеуетін пайдалана отырып, кредиттік тұрғын үйлер салу ісі қолға алынатын болады. Осы мақсатта Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі аталған бағдарламаға қатысу мүмкіндігі бар азаматтарды анықтап, оларға тиісті несие бөлу жөнінде келісім-шарттар жасайтын болады. Осындай келісім-шарты бар азаматтардың тізімін жергілікті атқарушы органдарға жібереді. Ал жергілікті атқарушы органдар республикалық бюджеттен бөлінетін кредиттік қаржыны пайдалана отырып, тұрғын үйлер салу ісін ұйымдастырады. Ол үйлер негізінен алғанда бағасы жылжымайтын мүлік рыногындағыдан арзанырақ болып келуі тиіс. Алдын-ала мәліметтер бойынша үшінші сыныпқа жатқызылатын мұндай үйлердің бағасы арзанырақ болады. Жергілікті атқарушы органдар осындай үйді салып болғаннан кейін банк салымшылармен сатып алу-сату шарттарын жасасады. Өз кезегінде салымшы қабылдау-тапсыру актісі бойынша пәтерді қабылдап алғаннан кейін, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жергілікті атқарушы органға салынған тұрғын үй үшін тиісті қаржыны аударады. Жергілікті атқарушы орган осы арқылы республикалық бюджеттен өнген кредитті өтейді.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің деректері бойынша, қазіргі күні осындай пәтерлерді ықтимал сатып алушылардың саны шамамен алғанда 17 мың адамды құрап отыр. Ал аталған бағдарлама бойынша 4 мың пәтер салынатындығын есепке алатын болсақ, мұндай үйлерге сұраныстың болатындығы айқын.
2011-2012 жылдар ішінде осы кесте бойынша тұрғын үй құрылысын жандандыруға 40 миллиард теңге қажет етілмек. Осыған шамамен алғанда 300 мың шаршы метрді құрайтын кредиттік тұрғын үйлер салынады.
Тұрғын үй құрылысын жандандырудың тағы бір бағыты – екінші деңгейдегі банктерді қорландыру, осы арқылы аталған банктерді тұрғын үй құрылысын жандандыру бағдарламасына тарту.
Аталған мәселеге «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қатысатындығы белгілі болды. Қор өз есебінен банктерге тұрғын үй құрылысының жалпы құнының 50 пайыз мөлшерінде кредиттік қаржы ұсынатын болады. Қалған 50 пайызды банктер өз есебінен қарастыруы тиіс. Бұл қаржылар аталған құрылымдарға халықтың ипотекаға алатын несие қаржысының есебінен өтелетін болады. Осы жүйені тиімді жағдайда іске қосу үшін тұрғын үй құрылысы басталғаннан кейін көп өтпей-ақ аталған бағдарламаға қатысуға тілек білдірген азаматтарға ипотека беріле бастайды. Мұндай үйлердің сату бағасына шектеу қойылады. Яғни, халыққа неғұрлым арзанырақ түсуі ескеріледі. Мәселен, толық инфрақұрылыммен салынған үшінші сыныпты үйдің әр шаршы метрінің бағасы 150 мың теңгеден, екінші сыныпты үйдің шаршы метрінің бағасы 170 мың теңгеден аспау мәселесі қарастырылып отыр. Халыққа берілетін ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі «Самұрық-Қазына» қоры мен банктердің шығындары мен мүддесін ескере отырып, 11 пайыздан аспайтындай болу жөнінде әңгіме қозғалды.
Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов осы бағдарламаның жүзеге асыру тетіктерін әлі де пысықтай түсудің қажет екенін айтып, оған бір апта уақыт бөлді. Осы уақыт аралығында барлық мәселе шешімін табуға тиіс.
Сондай-ақ, осы отырыста Елбасының тапсырмаларынан туындайтын басқа да мәселелер қарастырылды.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.