қазақ қыздары арасынан Олимпиаданың тұғырына көтерілген тұңғыш боксшы атанды. Жағымды жаңалық жеткен бойда біз Петропавл спорт сарайында бокстан аға бапкер болып істейтін алғашқы ұстазы Сабыржан Сақтағановқа жолықтық.
– Облыс орталығынан шеткерілеу орналасқан Заречный шағын ауданындағы №13 мектепте оқитын Лия Шайдуллина деген оқушы мен жетекшілік ететін кикбоксинг үйірмесіне қатысып жүрді. Бірде ол жанына бір қызды ертіп әкелді. «Мектепте ұл балалармен жиі шекісіп қала береді. Оның бұл қылығынан мұғалімдер де шаршады. Сіз мүмкін кикбоксингтің қыр-сырына үйретерсіз», деп қиыла өтінді. Бұл 2003 жыл болатын. Обалы не керек, жарты жылдың ішінде дене-бітімі таралып, сымдай тартылып шыға келді. Келесі жылы облыстық чемпионатта қарсылас шыдатпады. 16 жасында Қазақстан біріншілігіне қатысып, екінші орын алды.
– Ал боксқа қашан ауысты?
– Менің үйірмемде жаттығатын он қыз бала бұл кезде қомақты табыстарға қол жеткізе бастаған. Ұмытпасам, 2005 жылы болу керек, барлық қыздар жаттықтырушы Серік Бектұрғановтың қарамағына ауысты. Бұл бірден-бір дұрыс шешім еді. Өйткені, бұл кезеңде еліміз бойынша қыздар боксы жанданып, жеке жаттығулардың қажеттігі туған. Десек те, Дариғаның орны да, жолы да бөлек. Бұл үшін оның 64, 69, 75 кило салмақ дәрежелері бойынша еліміздің 7 дүркін чемпионы болғанын айтсақ та жеткілікті. Азия төрінде 2 мәрте, Ә.Молдағұлованы, М.Мәметованы, Х.Доспанованы еске алуға, С.Қонақбаевтың жүлдесіне арналған халықаралық турнирлерде жасындай жарқылдады. Айтпақшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2015 жылдың ең үздік боксшысы атанғанын айта кеткен жөн.
– Кіл мықтылар жиналған Азия чемпионатында Олимпиада жолдамасын ұтып алу оңай болмаған шығар?
– Қай боксшының болсын көкейінде үлкен жеңіске деген үміт болары анық. Дариға Қытайдың Уланчаб қаласына өз күшіне сеніп барды. Бапкерлердің тапсырмаларын ойдағыдай орындап, 75 кило салмақ дәрежесінде қоржынға жалғыз «алтынды» салды. Финалда қытайлық Ли Кюаньды 3:0 есебімен жеңіп, екінші рет «сары құрлықтың» чемпионы тәжін киді. Сөйтіп, Олимпиада лицензиясын жеңіп алды.
– Енді мұхиттың арғы жағында дүбірлеткен жазғы Олимпиялық ойындарға тоқталсақ. Дариғаның өнеріне қандай баға берер едіңіз?
Алғашқы кездесуінде екі мәрте әлем чемпионы, канадалық Ариан Фортинмен жұдырықтасуы нағыз бабында екенін көрсетті. Аса тартысты бәсекеде 2:1 есебімен ұтты. Ширек финалда марокколық Хадиджа Мардиді 3:0 есебімен жеңіп, барлық раундтарда мерейі үстем болды. Жартылай финалда Лондон Олимпиадасының, әлемнің екі дүркін жеңімпазы АҚШ боксшысы Кларесса Шилдспен қолғап түйістірді. Жан алып, жан беріскен бұл ойынға мен жеңіске пара-пар жеңіліс болды деген баға берер едім. Сондықтан дүние дидарына танылған Дариғаның қазақ қыздары арасында тұңғыш рет Олимп шыңына көтеріліп, қола медаль ұтып алуы біздің спорт тарихындағы жарқын белес екені талассыз.
Әңгімелескен
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы