• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
23 Тамыз, 2016

Пандалар «патшалығы»

979 рет
көрсетілді

табиғаттың талай тамашасын ұсынады Қазақстан журналистерінің Қытайдың оңтүстік провин­цияларына қызықты сапарлары Ченду қаласындағы пандалар қорығын тамашалаумен аяқталды. Табиғаттың өзі ойыншық сияқты етіп жаратқан қара ала аюлар бағында қазір 166 панда өмір сүріп жатыр. Талай толымды мақалаларға жүк боларлық осынау іссапардың өзі де сүйкімді аңдардың мекенінде әдемі әсермен аяқталғанына қуа­нышты едік. «Қытайды сынау» деп аталатын саяхатымызда Ченду қаласында бізді күтіп алған қала басшыларының бірі Чуй Пин Ро мырза панда деген өте жалқау аң екенін, табиғи қорықты аралауға ертелеп бару керектігін ескерткен.  Расында түске дейін белсенділеу пандалар күннің екінші жартысында «апанынан» шықпай жатып алады екен. Біздің бұл жерде де жолымыз болды. Кәдімгі тірі пандаларды өз көзімізбен көріп қана қоймай, жаңа туған қызылшақаларды да шыны бокстардан тамашаладық. Өйткені, сапарымыз тура пандалар балалап жатқан күндерге сәйкес келді. Жаңа туған пандалар тура жаңа туған тышқанның баласындай-ақ қызылшақа. Әдетте олар 120 грамдай болып дүние есігін ашады. Тіпті 51 грамм болып туғаны да бар. Қорық қыз­меткерлері оны аман алып қалу үшін көп еңбектенген көрінеді. Биыл Қытайдың мақтанышы болған пандалар бағында 17 бір­дей қонжық туған. Бұл жақсы көрсеткіш дейді қорық қызмет­керлері. Пан­далардың 80 пайы­зы­ның егіз таба алатын қабілеті бар. «Қанша жағдай жасалса да, қамақта өмір сүріп жатқан соң... мүмкін содан көбейгісі келмейтін болар?» деген ойды әріптестеріміз айтып та қалды. Ал енді жабайы табиғатта панда бір ғана қонжығын бауырына алады. Әлсізіне қарамайды. Әу баста жыртқыш болған пандалар бұл қорықта мүлде ет жеуді тоқтатқан. Еттің орнын басқа тамақтар толықтырады. Негізі жейтіні бамбук ағаштары. Бұл қорықтың тамашасы да сонда – ну орманды, қалың бамбукті бақ тіпті  пандаларсыз да әдемі. Ал енді бір жастағы пандалар тым сүйкімді. Ағашқа асылып ұйықтап отырғаны, ойнақ салып жүргендері де осы мекенге ағылып келіп жатқан туристердің көз қуанышы. Мәселен, тек өткен жылы пандаларды көруге 2 миллион 700 мың адам келген. Егер әр билеттің құны 50 юань екенін ескерсек, осынау қорық Сычуань провинциясының қоржынына айтарлықтай қаражат салып тұр. Мұнда шетелдіктер де, ханзу халқының өзі де ағылып келіп жатыр. Осы қорықты тамашалауға келген туристердің кезегі ұзын-сонар. Пандалар мекенінде 40 шақ­ты адам ғылыми-зерттеу жұмыс­тарымен айналысады. 400 адам қара ала аюды күтіп-баптайды. Қазіргі таңда әлемде 2 мыңдай панда бар деседі. Жалғыз өмір сүргенді қалайтын аңның Ченду қаласындағы айырмашылығы – бұл үлкен пандалардың өлкесі. Ал біз қорыққа барған кезде үлкен пандалардың көбісі теріс қарап ұйықтап жатты десек те болады. Үлкен пандалардың бойы 170 сантиметр шамасында болады. Ерекше аюлардың жабайы табиғаттағы орта жасы 25 болса, бұл қорықта 35-ке келген кәрі пан­да да бар. Оның  аты –  Сусу. Өте жалқау дейді. Пандалар еттен бас тартып, жыл бойы көктей­тін бамбукты 90 пайыз қорек ете­тіндіктен, күш-қуатын үнемдеу үшін өмірлерін ұйқымен өткізеді. Олар­ға алма да, сүт те беріледі. Қорық қызметкерлерінің айтуынша, бұл өлкеде пандалар 8 миллион жыл бұрын да болған. Оны осы бақтың мамандары ғылыми деректер, артефактілер арқылы дәйек­тейді. Сонау есте жоқ ескі замандарда пандалармен бірге өмір сүрген талай жан-жануар көбі қазір жер бетінен жойылған. Ал енді тұрқы кіші панда мен үлкен пандалар бір түрге жатпайды. Тіпті осы арада әлем ғалымдарының пандаларды жанат па, әлде аю ма деп таласып келе жатқанын еске түсірсек болады. Бұған негіз де жоқ емес. Пандалардың тырнақтары жанат­тың тырнақтары секілді, басқа да ұқсастықтары бар. Табиғат-екеш, табиғат өз де­генін жасайды. Мәселен, панда­лар­дың арасында да өз тұқымдас­та­р­ынан дені сау қонжық тумайды екен. Күніне 20 килодай бамбук бұ­тақтары мен жапырақтарын жей­тін пандалар өрмелегіш. Ағаш­тардың басында ұйықтайды, ойнайды. Қаласа, сол жерде шағы­лыса да алады. Жабайы табиғатта жыртқыш аңдардан қорғануға осы өрмелегіштігі де сеп. Өте иісшіл келеді екен. Осы жабайы табиғатта адамдардың оны кездестіруі өте сирек көрі­неді. Бірақ көздері нашар көреді. Бұл мекендегі пандалар жабайы табиғатта өмір сүруге икем­сіз бол­ғандықтан, оларды өз бетінше өмір сүруге бейімдеу үшін әрі адамдарға бірден бауыр басатындықтан қо­рық қызмет­керлері панда болып киініп жүруге мәжбүр. Және ғылыми қызметкерлер аюлардың тілін түсінуге де уақыттарын жұм­сап жүрген жайы бар. Бізді пандалар бағында бастап жүрген гид пандалардың басқа сыртқа сатылмайтындығын, тек Макао мен Гонконг хайуанаттар бағына сыйға тартылғанын айтты. Сычуань провинциясындағы аумағы 600 мың шаршы метрді алып жатқан қорық Қытай мемлекетінің қамқорлығында. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» Астана – Бейжің – Чженчжоу – Ухань – Ченду – Үрімжі – Алматы