• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Тамыз, 2016

Қасірет пен қасиет

1345 рет
көрсетілді

яки ядролық сынақ аймағының өткені мен бүгіні хақында Тәуелсіздікке дейін Иә, биылғы жылдың 29 тамызында еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың алғашқы Жарлықтарының бірімен Семей атом полигонының жабылғанына ширек ғасыр толатындығы әлемдік деңгейде аталып өтілгелі отыр. 29 тамызда Астанада ұйымдастырылатын халықаралық ауқымды шара «Ядролық қарусыз әлем құру» деп аталады. Өйткені, оның сол шақта дүниежүзілік маңызды оқиға болғаны шындық. Қазақ елі онда әлі егемендікке қол жеткізіп үлгермегенін ескерсек, бұл батыл қадамның мән-маңызы тіптен де айқындала түсетіндігі сөзсіз. Тегінде, қазақ сахарасында, сайын Сарыарқа төсінде алғашқы ядролық сынақ 1949 жылдың 29 тамызында жүзеге асырылғаны белгілі. Ал сол атом аждаһасының аз-кемі жоқ 42 жылдан соң сол айдың сол күнінде жабылуының да ырымы жаман емес. Яғни, халқымыздың жалпақ тілімен айтқанда, мың асқанға бір тосқан деген осы! Осы орайда Семей ядролық сынақ полигонындағы сынақ­тардың тоқтатылуының 20 жыл­дығына байланысты өткен салтанатты жиында Елбасымыздың 29 тамыз күнін Жаппай қырып-жою қаруларын жоюдың бүкіләлемдік күні деп жариялау туралы мәлімдемесі Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан қолдау тауып, бұл күннің Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні болып белгіленгенін ес­теріңізге сала кеткеніміз жөн болар. Солайша еліміз бен жері­мізде әділет салтанат құрған. Бі­рақ бұл айтқанға ғана оңай. За­манымыздың қайраткер ақыны Олжас Сүлейменов айтпақшы, елімізде бейбіт заманда қырық жылға созылған қырғын болып өткенін енді ешкім де жоққа шығара алмайды... ...Мен сол алапат қырғын болып өткен өңірдің қазағымын. Нақтылап айтсақ, 1949 жылдың 13 ақпанында ұлылар елі – Абай ауданында, қырық жыл бойы ядролық сынақтар өткізілген Дегелең тауының етегіндегі қасиетті де қасіретті Саржал ауылында өмірге келген екенмін. Демек, атың өшкір ажал аждаһа­сы­ның төл құрдасымын. Ол, әри­не, мақтанатын жағдай емес. Ал туған жер, өскен еліммен мақ­та­нуға әбден хақым бар. Шын­ды­ғында, Саржал – қасиетті мекен. Екі ғасырдан астам уақыт­қа созылған жоңғар шапқын­шы­лығына нүкте қойылған соң Мамай батыр мен Кеңгірбай би бастаған Тобықтылар ежелгі мекені Шыңғыстауға қайтып оралғанда іргелі елге айналып келе жатқан оның бір тайпасы Мәмбетейлерге осы шұрайлы өңір бұйырыпты деседі. Байлығымен де, сөзінің өтімділігімен де елге сыйлы болған осы өңірдің тумасы Доғал бидің Құнанбайдың Құнанбай болып ат жалын тартып мініп, қалыптасуына бірден-бір себепкер, демеуші болғаны кейінгі әңгіме. Осы өңірден Петербург университетін алтын медальға бітірген Халел Ғаббасов, алғашқы дәрігерлердің бірі Ахметжан Қозбағаров сынды Алаш қайрат­керлерінің шыққандығы да бертіндегі жайт. Біз солай дегенде өзімізбен өзіміз томаға тұйықталып, бас­қа өңірге көлеңке түсіруден аулақ­пыз. Айталық, ұлылар елімен шек­тесіп жататын Абыралы, Қар­қаралы, Егіндібұлақ, Май, Бесқарағай өңірлерінің көз тоймас көркі мен қатпарлы тарихын кім жоққа шығара алады?! Міне, Сталин бастап, Берия қостаған қорқаулардың сол ажал аждаһасын кіл қазақ жами­ғаты мекендеген Сарыарқа төсіне әкеліп орнықтыруы бекерден бекер дейсіз бе?! Бұл оты­зыншы жылдардағы қаскөй­лікпен жасалған ашар­шылық пен алпысыншы жыл­дар­дағы жымысқылықпен жүзе­ге асы­рылған тың игеру саясаты секілді осы екі аралықтағы хал­қымыздың басына төнген ке­зекті бір қатер болатын. Бұл туралы еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бергі жерде айтудай айтылып, жазылып та келеді. Десе де соны атом полигонының жабылуының 25 жылдығы қарсаңында қайталап айтсақ артық болмас деп қолға қалам алғанбыз. Жоғарыда өзімнің қасиетті де қасіретті елде туып-өскенімді айттым. Демек, менің сол өңір туралы сөз қозғауға толық хақым бар. Өйткені туған жерімнің қасиетін жасымнан біліп қана қоймай, қолдан жасалған қасіретін де көзбен көріп өскенім рас. Көз­бен көрдім демекші, әлгіндей яд­ролық сынақтар 1953 жылға дейін жер бетінде ашық өткізілді. Яғни, жергілікті тұрғындар үшін ешқандай сақтық шаралары жасалмады. «Сынақ жүргізіліп, аспанда алып саңырауқұлақ пайда болғанда оған қарауға болмайды!» Міне, әскерилер тарапынан барлық сақтық шарасы осымен шектелетін. Рас, сынақ болғалы жатқанда жергілікті тұрғындардың кәрі-жасының бәрінің үйде қалуына тыйым салынып, далаға шығарылатын. Бала емеспіз бе, сарала киінген офицер аспанға қарама десе де, ойымыз бен бойымызды қызығушылық билеп, үлкендердің көзін ала бере аспандағы өрттей алаулаған алып «саңырауқұлақты» тамашалайтынбыз. Сонда әлгіндей құбыжықтан тұла бойың дір етіп сескенгенмен, білмекке деген балалық құштарлық қашанда алдыңғы қатарға шығып кете беретін. Күні кеше ғана дүркіреп өткен алапат соғыстың әсері аузынан емшек сүті әлі кеппеген бізді ерекше бір сезімге бөлеп, өзімізді от жалынның арасында жүрген хас батырдай сезінетінімізді қай­терсің! Онда балаң көңіл қызыл им­перияның бейбітшілікті өтірік қал­қан қылып, кезекті соғысқа, кімді кімнің жеңетіні белгісіз қырғын соғысқа толассыз дайындалып жатқанын қайдан білсін! Әкем сол шақта сиыр фер­масының меңгерушісі еді. Со­ның алдында аудандағы екі бір­дей көлемі жағынан үлкен ауыл­дық кеңестің төрағасы болып қызмет атқарған болатын. «Ста­лин» қайтыс болғанда жиынды бас­қарып тұрған әкемнің көзіне жас алғаны бейнебір кино тас­пасына жазылғандай есімде қа­лып қойыпты. Жасы сексеннің ор­тасынан асып, бертінде өмір­ден озған әкем кеңестік идеоло­гия­мен санасы уланғаны сонша­лық, мұртты көсемге деген сол адал­дығынан айнымай өтті. Бол­маса ұлтқа, тіл мен дін, ділге деген сүйіспеншілігі бір басына жетерлік кісі еді. Отызыншы жылдардың басындағы нәубет, отыз жетінші жылғы зұлмат, оның соңын ала халқымыздың басына қасірет болып үйірілген атом апатына байланысты Сталинді күстәналап, әкемді соған қанша сендіргім келгенімен, менің бұл әрекетімнен ештеңе шықпаған. Егер әке мен бала болып бір нәр­сеге келісе алмасақ, ол тек осы мәселе ғана болатын. Қалай дегенде де, өз заманына еңбегі сіңген, мұның сыртында өмірге төрт ұл, төрт қыз әкеліп, адам қата­ры­на қосып кеткен алтын құр­сақ анамыз бен асыл әкемізге өк­пе артуға болмас. Сол кезде біз бұрынғы төрт кол­хоздан құралған ірі шаруа­шы­лықтың Жайма деген қыстағында отырамыз. Сынақ жасалатын күні әр қыстаққа атқа мінген бір-бір офицер желе шоқырақтап жетіп келеді. Қадым заманда қазанаттың арқасында, білектің күшімен, найзаның ұшымен әлемді билеп-төстеген Аттылы – Еділдің, Темірші – Шыңғыс ханның бүгінгі ұрпақтары болып табылатын аталарымыз, яғни ауыл ақсақалдары әлгілердің атқа отырыстарына қарап, мырс-мырс күлетін. Солай дегенмен, бұлардың енді келіп ежелгі түркі жұртына әкеліп жайғастырған отты қаруына сеніп, әлемге айбат шеге бастағандары тектен-тек емес-тін. Соның жолында бүтіндей бір халықты құр­бан­дыққа шалып жіберу қызыл империя үшін түкке тұрмайтын елеусіз шаруа еді. Сол кезде оны пайымдап жат­қан қазақ жоққа тән. Үлкендер жағы еліміздің қорғаныс қабілеті мызғымас қамалға айналып келеді деп мәз болса, балғын балалар, яғни біз кезекті сынақтардан соң әскерилерден артылып өзімізге бұйырған парашютке тербеліп өсіп келе жатқанымызға дән риза едік. Бұдан кейін өсіп ержеткенде әскери қызмет етуге деген талпынысымыз одан әрі арта түскен. Алайда, жазғы бір оқиға, басқаны қайдам, менің жүрегіме орныға бастаған бұл арманның күлпаршасын шығарған. Онда әкем басқаратын ферма жұрт­шылығы жаз жайлауға шығып, Дегелең тауының етегіне жақын­дап барып қоныстанған болатын. Ал әскерилер болса, өздерінің мем­лекет ішіндегі мемлекет болып табылатын полигон маңы­на жақындап кеткендерді мей­лінше жақтырмайтын. Бір күні ойын қызығымен ауылдан ұзап шығып кеткен бір топ баланы әскерилердің шағын ұшағы тырқыратып кеп қусын! Ол пәлеңіз соншама жер бауырлап төбемізден олай бір, бұлай бір ұшып өткен сайын бізде зәре жоқ. Бейнебір кинодағыдай. Мысыққа – ойын, тышқанға өлім деген осы! Туабітті мінезбен, аса бір қайсарлықпен көзіме жас алмай өсіп келе жатқан менің сол жолы кәдімгідей-ақ жүрегім шайлығып қалған. Содан кейін әскери болсам, офицер болсам деген арманымды өз қолыммен өзім тұншықтырған едім. Мектепте оқып жүргенде жазғы демалыста оқушылар бригадасына жазылып, бір жағы шаруашылыққа мал азығын дайындасуға қолұшын беріп, екіншіден, аздап болса да қаражат табуға тырысып жататынбыз. Сонда осы Дегелең тауына дейін жақындап баратынбыз. Бірақ, өкінішке қарай, әскерилер шөп қорыған ит құсап, біздің тау­лы өңірдің әсем табиғатын еркін та­машалауымызға жол бермей­тін. Солайша өз елімізде еркін жү­руі­мізге мүмкіндігіміз болмағаны шындық. Бізді қойшы, жетпісінші жыл­дардың ортасында сексен жыл­дығына байланысты елге келген атақты балалар жазушысы Сапарғали Бегалиннің өзіне Дегелең тауының етегіндегі атақонысына барып шығуға рұқсат етілмеген. Сонда Дегелеңге дүрбімен көз салған Сапекең өңі бұзылып: «Мыналар не істеген, жер түгілі тау екеш таудың сұрқы қашып, мүжіліп бітіпті ғой... Менің Дегелеңім өлген екен», деп күбірлеп, кемсеңдеп жылап жіберіпті деседі. Осы орайда енді ресми деректерге үңілсек дейміз. Сөз басында мұнда ашық аспан астындағы сынақ 1949 жылдың тамыз айы­ның аяғында жасалғанын айтсақ, ал Семей жерінде сутегі бомбасы 1953 жылдың 12 тамызында сынақтан өткізілді. 1963 жылға дейін ол да ашық ауада, жер бетінде жасалып келді. Осы уақыт ішінде сол жерде бар жиынтығы 30 мегатонна болатын ядролық қару сынақтан өткізілген екен. Ал бұл Хиросимаға тасталған бомба секілді 2,5 мың бомбаға тең. Немесе басқаша айтсақ, Чер­нобыльдағы апат кезінде сырт­қа шашылған, тараған ядро­лық зарядтың күш мөлшері 100 хиросималық бомбаға тең болғанын айтсақ, Семей қасіре­тінің мөлшерін өзіңіз есептей беріңіз. Қазір әлемде ядролық қару­дың арсеналында 50 мың заряд бомба бар деп жазыпты тоқ­саныншы жылдары басы идея мен сиқырлы сандарға толы аса көрнекті публицист ағамыз Камал Смайылов. Олардың жалпы қуат күші 12 мың мегатонна болады. Ал сонша мегатонналық ядролық қару Хиросимада жарылған атом бомбасындай 1 мил­лион бомбаға тең. Бір мегатонна бомба жарылғанда оның мың километрлік айналасындағы адамдар мен хайуанаттар радиациядан түгелдей зардап шегеді. Жер бетіндегі өркениетті, тіршілікті құртып жіберу үшін 100 мегатонна термоядролық бомбалар жарылса жетіп жатады екен. Бұл қазіргі әлемдегі бар термоядролық қарудың 1 пайызынан да аз. Ал осыдан кейін атом поли­гонының іргесіндегі халықтың қы­рық жылға созылған қыр­ғын­нан кейінгі жай-күйі айтпаса да түсінікті емес пе! Полигон жабылғанға дейінгі он жылда ғана бір Саржал ауылынан жиырмадан астам азамат асылып қалған. Ал қылтамақ, анемия, аллергия, жүйке, қан тамырлары мен тері ауруларынан зардап шегіп, өмірден ерте озғандар мұның сыртында. Айталық, Мұрат есімді бізбен қатарлас бозбала мектепті бітіріп жатқан шақта ақ қан ауруына шалдығып қайтыс болып кетті. Ядролық сынақ зардабынан өмірден ұрпақсыз өткен сыныптасымыз да жоқ емес. Мектеп демекші, оны бір сыныпта отыз түлек болып бі­тір­сек, қазірде соның оннан астамы арамызда жоқ. Яғни, бұл – әрбір үшінші түлек жоқ деген сөз. Солардың алды жасы қы­рыққа жетпей жатып өмірден озды. Қанат деген сыныптас досым алпыс жылдығын тойлап жатып «бұл жасқа жетемін деп ойлаған жоқпын» деп тәубешілік білдіргенде жүрегім дір ете қалған. Досымның онысы жай айтыла салған сөз емес екен. Іле-шала қайтыс болды. Кешегі сұрапыл соғыстан кейінгі демографиялық дүмпумен өмірге келген бізге әлемдік билікке ұм­тылған қызыл империяның дай­ындап қойған сыйы, міне, осы болды. Тәуелсіздіктен кейін Полигон жабылған соң кешегі атом астанасының қиюы қашып, ондағы тұрғын үйлер қаңырап бос қала бастаған. Соған орай есік, терезелері қолды болған. Сіз нанасыз ба, сол тұста бейне жау шапқандай атажұртына ауа көшкен әскерилер құбырларды істен шығарып, унитазды цементтеп іске жарағысыз етіп кеткен. Бір сөзбен айтқанда, атом астанасының сондағы қалпы соғыстан кейінгі сұрапылды көзге елестететін. Оны айтасыз, Курчатовпен көршілес, шағын да жинақы Шаған деген әскери қалашық аз уақыт ішінде үйіндіге айналып үлгерген. Шіркін-ай, осындай қалашықты алыстан келіп жатқан ағайынға ұсына алмай қалдық қой деп артынан құр бармақ шайнағанбыз. Абырой болғанда, Елбасымыз Курчатовтың келешек тағдырына ара түсіп, өзінің келесі бір Жар­лығымен бұрынғы атом поли­гонының негізінде мұнда Ұлттық ядролық орталық ашқан. Ал одан сәл кейініректе мұнда ядролық технопарк қатарға қо­сылған. Солайша мұның алғашқысы ғы­лымның атом сала­сындағы соңғы жаңалықтарын зерттеу­мен айналысса, соңғысы оны өнді­ріске енгізумен айналысып жатты. Атом полигоны жабылғанға дейін мұндағы тұрғындардың саны 50 мыңға жақындап қалса, 1993 жылы 8 мыңға дейін құл­дырап кеткен еді. Қазірде Курчатовтағы халық саны 10 мыңның үстінде. Атыңнан айналайын егемендіктің арқасында бұрынғы тас қамалдың есігі маңайдағы жергілікті тұр­ғын­дарға айқара ашылған. Оның сыртында алыстан келген ағай­ынға қайта жөндеуден өткізілген көп қабатты екі тұрғын үй пайда­лануға берілген. Осындай шара­лардың нәтижесінде Курчатовта қазақ мектебі ашылып, мешіт іске қосылған. Ал бұл күні кеше өңіміз түгілі түсімізге кірмеген жайт еді. Өскемен мен Семейден Астанаға қарай тартылған темір жолдың Курчатов арқылы өтуі де оңды шаруа болды. Бүгінде тәуелсіз Қазақстанды, қасиетті Семей жерін, Курчатовты әлем жұртшылығы жақсы мағы­нада танып-біле бастады десек, артық айтқандық емес. Өйт­кені, біздің еліміз қазірде бейбіт­шілік сүйгіш бастамаларымен әлемді сүйсіндірумен келеді. Соның бір айғағындай, ана бір жылы Бі­рік­кен Ұлттар Ұйымы­ның Бас хатшысы Пан Ги Мун елі­мізге, оның ішінде Семей мен Кур­ча­товқа арнайы сапармен келіп кетті. Игі бастама демекші, Семей қаласы мен Қайнар ауылында ядролық сынақ құрбандарына арналған ескерткіш ашылған. Оның соңғысының есімі елге белгілі жеке кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Марат Құрманбаевтың бастамасымен, ерік-жігерімен ашылғанын айта кеткеніміз жөн. Енді Семейдегі Ертіс өзеніндегі аралда, жоғарыда айтылған ескерткіш жанынан полигон мұражайы ашылмақ. Соның бәрі ядролық сынақ зардаптарының адамзат баласына қаншалықты қасірет әкелетіндігін естен шығармау үшін қажетті шаруа деп білеміз. Ал Курчатовқа келсек, он­да­ғы­лардың ерке Ертіс жағасындағы бұл қаланы Дубна, Обнинск, Оксфорд секілді әлемдік ғылым орталығына айналдыруға ерекше талпынып отырғанын айта кетуге тиіспіз. Мұнда атом электр стансасын салу да күн тәртібінде тұр. Рас, соған орай жұртшылық пікірі екіге жарылуда. Аузы күйген үріп ішеді демекші, атом апатының қасіретін басынан кешкендердің бір бөлігі бұл қалай болар екен деп алаңдап отырса, екінші бөлігі торғайдан қорыққан егін екпес дегендей, ғылым жаңалығы мен игілігінен тыс қалмауымыз керек деседі. Қалай болғанда да бұл – қалың жұртшылық ақылдасып барып шешілуі тиіс мәселе. Өйткені, халқымыз кеңесіп пішкен тон келте болмас дейді емес пе! Ал сөз соңында туған жер, өскен ел – Саржалдың бүгінгі тыныс-тіршілігіне де тоқтала кетсек дейміз. Бұл ауыл Семей атом полигонының нақ эпицентрі, төтенше сынақ аймағы болып табылады. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов сонау өткен ғасырдың басында «әлхамдилла, аз емеспіз, 5 миллион қазақ бармыз» деп айтқан шақта мұндағы халық саны 3 мыңның үстінде екен. Бұл көрсеткіш тоқсаныншы жылдардың басында 1800-ге дейін түсіп кеткен болатын. Ал қазір 2 мыңның үстінде, Абай еліндегі іргелі ауылдардың бірінен саналады. Соған орай тірек ауылы деген мәртебесі және бар. Бұрнағы жылы мұнда жаңадан мектеп пен мәдениет үйінің салынуы, шағын футбол алаңының жасалуы, әр үйге су құбырының тартылуы, айтатыны жоқ, оңды шаруа болды. Осындай игі шаралардың арқасында сыртқа ауа көшушілер легі тыйылып, мұндағы халық саны арта түсіп келеді. Соған орай мал басы да көбейе бастаған. Соңғы оншақты жылдан бері Саржал қымызды ауылға айналып үлгерді. Бұл елдің қымызының даңқы республика көлеміне белгілі десек, артық айтқандық емес. Сол ет пен қымыздың арқа­сында саржалдықтар шетелдік көліктерге ие болып, тіпті «Джип» машиналарын мініп алған. Бұл ет пен қымыздың материалдық жағынан тиімділігін білдірсе, оның адам денсаулығына пайдалы екендігі екінші мәселе. Сынақ зардаптарын жоюдағы қымыз жарықтықтың маңызын енді ғана біліп жатқандаймыз. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Қазақстанның құрметті журналисі, Семей қаласы мен Абай ауданының құрметті азаматы