Өрімдей жастардың әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын атқаруға аттанып бара жатқандағы әсерін суреттейтін:
«Тартты эшелон шойын жолмен белестерді тілгілеп,
Қапырықты басты дағы, бір серпілтті түнгі леп.
Гитара үні шығып жатты жыламсырап, зарығып,
Әрбір жанның кеудесінде шоқтай жанды нар үміт»,
деп келетін жыр жолдары еске түсіп отыр. Туған үйінен алыстап, балдәурен балалықпен қош айтысып, ересек өмірге сапар шеккен жандардың сезімін Әділбек Ыбырайымұлы осылай жеткізген еді. Асылбек Нұрбалаұлы Мамажанов та сол
1979 жылдың көктемінде эшелонға отырып, әскери борышын өтеуге аттанған болатын.
Сапарға шығар алдында балаң жігіт үйіндегілерге:
– Көке, жақсы болды, әскери борышымды Алматыда өтеймін. Астананы бір көру арманым еді, – деп қуанышын жасыра алмай «жақсы болдыны» қайталай берді.
– Дұрыс болған екен. Жарықтық, үлкен атаң (Әбен атасын айтады, – автор) жоқшылыққа қарамай қажылыққа барған, елге елеулі, халқына сыйлы кісі болғанын көзіміз көрді. Марқұм әкең болса бүкіл Қарсақбай, Үштау, Жезқазған өңіріне танымал еді ғой. Сен де борышыңды абыроймен атқарып, аман-есен кел, – деп жеңгесі қуанышын білдіріп жатыр. Асылбек бұйырған дәмнен ауыз тиіп, көп ұзамай аттанып кетті.
Арада аз күн өткенде әскери казармаға орналасқаны туралы, Ант беру рәсіміне дайындалып жатқаны жайында айтылған хаттары келе бастады. Асылбек Алматының көз тоймас көркін, Алатаудың асқақтығы мен тылсым табиғатын суреттеп, тамсанудан жалықпайтын.
Соңғы хатын 1979 жылдың 29 желтоқсанында алдық. Нағыз сарбаз болғанын жазыпты. Біз де қуанып, құттықтап, хат жолдадық. Қуанышымыз ұзаққа бармайтынын қайдан білейік?!
...1980 жылдың 9 қаңтары күні таңғы сағат жетілерде телефон безілдеп қоя берді. Ойымда дәнеңе жоқ, жұмыста бірдеңе болып қалды ма деп, тұтқаны көтердім.
– Бегежановтардың үйі ме? Ол кісіні телефонға шақыруға бола ма? – деген ер адамның қатқылдау даусы естілді.
– Иә, мен тыңдап тұрмын.
– Бұл Жезқазған қаласының әскери комиссариатының басшысы Холло. Бізге келіңіз, қазір машина барады, – деп тұтқаны қоя салды.
– Кім екен ертелетіп телефон соққан?.. Әйтеуір, амандық па? – зайыбым әбігерленіп қалды.
– Военкаматтан, «сборға» шақырып жатқан шығар, – дедім де, киіне бастадым. «Сборға» машина жібермеуші еді, не болды екен, ойым сан-саққа жүгірді.
Жіберген машиналары тез келді. Көліктен шыққан капитан:
– Бәрін военком өзі түсіндіреді, отырыңыз, – дегеннен басқа ештеңе айтпады.
Әскери комиссарды бұрыннан танитынмын. Кабинетіне кірген бетімде орындықты нұсқады:
– Отырыңыз. 1978 жылдың сәуіріндегі Халық демократиялық партиясының бастауымен болған төңкерістен кейін Ауғанстанда азамат соғысы басталғанын білесіз ғой. КСРО мен Ауғанстан Демократиялық Республикасының арасындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа сәйкес, Кеңес Одағы Ауған еліне көмек ретінде қарулы күштер енгізгені туралы хабардар шығарсыз.
Мен үнсіз басымды изедім. Бір жамандықты сезгендей ішім алай-дүлей.
– Сол 40-армияның құрамында сіздің ініңіз Мамажанов Асылбек Нұрбалаұлы да барған болатын. Азаматсыз ғой, берік болыңыз, Асылбек Ауған жерінде интернационалдық борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапты. Бұл – бәрімізге ортақ қайғы, сізге көңіл айтамыз, – деп тоқтады.
Үстіме мұздай су құйып жібергендей күй кешіп, отырып қалдым.
– Марқұмның денесін бүгін ұшақпен жеткізеді. Енді анасы мен апасына естіртудің қамына кірісейік, – деген әскери комиссар басқа шаруашылық жағын айтып кетті.
Асылбекті сол күні жеткізді. Өзімен бірге әскери борышын атқарған жерлесі Виктор Тарадайдың мәйіті екі-үш күннен кейін 202-жүк есебінде келді. Екеуінің жерлеу шығындарын жергілікті басқару органдары көтерді, марқұмдардың жақындарына үй берілді.
Үкімет ескерусіз қалдырған жоқ. 1989 жылы Жезқазған қалалық атқару комитеті екі азаматты есте сақтап, рухтарына құрмет көрсету мақсатында жыл сайын А.Мамажанов пен В.Тарадай атында бокстан республикалық турнир өткізу туралы шешім қабылданды. 90-жылдардағы өтпелі кезеңде бәсеңсіп қалғаны болмаса, бұл турнир республикалық дәрежеде үлкен беделге ие болып, облыс, республика, тіпті, дүние жүзіне әйгілі боксшылар шықты. Атап айтқанда, Қазақстан чемпионы, спорт шебері М.Бөлтіріков, КСРО біріншілігінің күміс жүлдегері К.Бәйдешев, Азия ойындарының чемпионы А.Адамбаев сынды атақты спортшылар кезінде осы турнирде бақ сынаған. Олимпиада чемпионы Василий Жировтың да үлкен спорттағы жеңісті жолы осы турнирден басталған, ол 1990 жылы бұл жарыста жеңіске жетіп, спорт шеберлігін қорғады. Еңбек сіңірген жаттықтырушы, Ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы болған С.Әбдінәлиев бас төреші ретінде қатысты. Аты аңызға айналған былғары қолғап шебері, Ұлттық құраманың бапкері Әбдісалан Нұрмахановтың да бас төреші болғанын сөз ретіне қарай айта кеткім келеді.
Боздақтардың есімін ел осы туринр арқылы ел есінде жаңғыртуға жергілікті азаматтардың, оның ішінде Жезқазған қаласының билік басындағы өкілдері, әр уақыттарда Жезқазған қаласының, облысының спорт комитетін басқарған Рүстем Сейітов пен Мұхамедия Әбсаттаровтың сіңірген еңбегі ерекше.
Алайда, соңғы жылдары түрлі сылтаулармен турнирдің дәрежесі төмендеп, маңызы кете бастағандай. Бұрын Қазақстанның барлық облыстарының, Алматы қаласының спортшылары қатысса, былтырғы жарысқа қатысушылар саны аз болды. Павлодар, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарының, Алматы, Астана, Қарағанды және Балқаш қалаларының ғана боксшылары бақ сынады. Жоғарыда айтқан азаматтар Рүстем Сейітов пен Мұхамедия Әбсаттаровтың атсалысуының арқасында турнирді халықаралық дәрежеге көтеру үшін жұмыстар істеліп, былтырғы жарысқа Өзбекстанның былғары қолғап шеберлері келгені ғана көңілге медеу.
Ауған соғысы құрбандарының атындағы турнир биыл 25-ші мәрте өткізілуге тиіс. Алайда, ширек ғасыр мерейтойлық мәртебесі бар жарыстың деңгейін арттыруға тағы да қаржы қолбайлау болатын сияқты. Бұл мәселені шешуде Жезқазған қаласы әкімдігіне, облыстық, республикалық спорт комитеттеріне үміт артып отырмыз. Республикалық турнирдің беделін түсірмей, халықаралық дәрежеге көтеруге қала басшысы Б.Ахметов атсалысады деп сенеміз.
Алдағы уақытта екі боздақтың атындағы турнирдің дәрежесі өссе, Жезқазған қаласында білім алған №8 гимназияға Асылбек Мамажановтың есімі берілсе, бұл жастарға патриоттық тәрбие беруге негіз болар еді. Себебі, ерлікті ұмытпау да елдіктің бір нышаны деп білеміз.
Мәжит БЕГЕЖАНОВ
Қарағанды облысы