• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Тамыз, 2016

Бейбіт әлем бастамасын бағалады

513 рет
көрсетілді

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 25 жыл толуы қарсаңында арнайы жолдау жариялады. Жолдаудың мәтіні БҰҰ-ның ресми сайтында орналастырылған. БҰҰ Бас хатшысы 2016 жылдың 29 тамызында бүкіл әлемде 2009 жылы Қазақстанның бастамасы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған қарарға сәйкес, Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні атап өтілетінін қаперге салады. Бұл күні Біріккен Ұлт­тар Ұйымын, оған мүше елдер­ді, үкіметаралық және үкіметтік емес ұйымдарды, академиялық меке­мелерді, жастар желісі мен бұқа­ралық ақпарат құрал­дарын ядролық сынақтарға қауіпсіз әлем құру жолындағы маңызды қадам ретінде тыйым салу қажеттігін атап көрсететін ақ­па­рат­тық және ағартушылық іс-қимылды белсенді ете түсуге үндейді. Өзінің жолдауында БҰҰ Бас хатшысы осы күні бүкіл әлем Семей сынақ полигонының – 450-ден астам ядролық сынақтар жасалған орынның жабылғаны­на ширек ғасыр толғанын атап өтетінін айтады. – 2010 жылы мен Семейде болған кезімде уланған жерлердің ізін, сондай-ақ, сынақ құрбандары мен одан зардап шеккендердің шешімді іс-қимылдарын көрдім. Мен олардың ядролық қарудан азат бейбіт әлемге ұмтылысын жақсы түсінемін. Барлық ядро­лық сынақтарға тыйым салу осы қасіретті мұраның тамырына балта шабатын болады, – деп мәлімдейді Пан Ги Мун. – Бұл қарусыздану сала­сындағы басқа да бастамаларға үлкен серпін беруге жағдай туғызып, осы бағыттағы көпжақ­ты ынтымақтастықты нығайта түсетініне сенімім мол. Сондай-ақ, Таяу Шығыста ядролық және басқа да жаппай қырып-жоятын қару түрлерінен азат әлем құру бастамасын қоса алғанда, өңірлер деңгейінде қабылданып жатқан қауіпсіздік саласындағы қарым-қатынасқа оң ықпалын тигізуі ықтимал, – деп жалғайды сөзін Бас ұйым басшысы. БҰҰ Бас хатшысы Бас Ассамб­лея осыдан 20 жыл бұрын қабыл­даған, бірақ, өкінішке қарай, әлі де күшіне енбей келе жатқан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты барлық елдер мен халықтардың жедел қол қойып, қабылдауы қажеттігі мәселесін кезекті мәрте көтереді. Сонда, дейді Пан Ги Мун, біз ядро­лық қарудан азат әлемге қарай ілгері қадам жасай алған болар едік.