Сонау көктемнен басталған шаруаның тынымсыз еңбегі ақталатын сәтке таяды. Белі бүгіліп, кетпені күнмен шағылысып еңбек еткен диқан қауымы егінге орақ салды. Нәпақасын жерден айырып, елдің игілігі үшін жұмыс істеп жатқан жандардың барақатты кезі бұл. Ризық-несібелерін шашпай-төкпей жинап алып, қамбаға құйып, жұрттың пайдасына асырса, одан асқан бақыт жоқ.
Өткен аптада аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев Сырдария ауданына жұмыс сапарымен барды. Алдымен «Ақжарма» шаруа қожалығында болған облыс әкімі егінге орақ салу рәсіміне қатысып, сырдариялық диқандардың қуанышына ортақтасты. Диқандар еңбегінің жемісін көретін айтулы шарада Социалистік Еңбек Ері Сәлима Жұмабекова бата беріп, егінге орақ салу рәсімінің лентасын қиды.
Биыл «Ақжарма» шаруа қожалығы бойынша 2300 гектар жерге күріш, 151 гектар жерге аралас бидай және 189 гектарға жоңышқа егілген. Шаруашылық басшысы Марат Бисенов егіннің бітік шыққанына қарап, диқандардың еңбегі еселеніп қайтады деп сенім артуда. Биылдың өзінде 151 гектар жерге егілген бидайдың әр гектарынан 20 центнерден өнім алды. Шаруашылықтың өндірістік қуатын арттыру мақсатында 2012-2016 жылдар аралығында 574 миллион 25 мың теңге қаражатқа техникалар алынған. Материалдық-техникалық базасы жақсарған шаруашылық бүгінде егін жинау науқанына 100 пайыз дайын. Егіншілікпен қатар шаруашылықта мал өсіру жұмыстары да қолға алынған. Бүгінде 260 бас асыл тұқымды ірі қара күтімге алынып, тәулігіне 400 литр сүт өндірілуде. Осы жылы шаруашылық мал бордақылау алаңында 9235 тонна ет өндірілді.
Іргелі шаруашылықтың қуанышына ортақтасқан Қырымбек Елеуұлы мұнан соң «Дала күні-2016» облыстық семинар-кеңестің пленаралық мәжілісіне қатысты. Аймақтың барлық аудандарынан ауыл шаруашылығы саласының мамандары егістіктің басында өткен семинар-кеңеске жиналып, тәжірибе алмасты. Жиында өңір басшысы барша шаруаларды егін жинау науқанының басталуымен құттықтады.
– Биыл облыс бойынша барлығы 168,5 мың гектар жерге дән егілді. Бүгінгі таңда бидай, жоңышқа жиналып болды. Аталған дақылдардан өткен жылға қарағанда мол өнім алдық. Биыл күріштен де гектарынан 55 центнерден өнім аламыз деп жоспарлаудамыз. Күздік бидайдың әр гектарынан – 15,7 центнерден, көктемгі бидайдың әр гектарынан – 14,9 центнерден, ал жоңышқаның әр гектарынан – 14,7 центнерден өнім жиналды. Мұның барлығы ала жаздайғы шаруалардың еңбегінің жемісі, – деді облыс әкімі.
Басқосуда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жаханов ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы бойынша өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ, Сырдария, Шиелі, Қазалы ауданының әкімдері егін жинау науқанына дайындық барысы туралы баяндады.
Айта кетейік, биыл аймақта күріш егу көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,4 мың гектарға кемігенімен, басқа дақылдарды егу көлемі артып отыр. Ағымдағы жылы 79,6 мың гектар жерге егілген күріштің 60,5 мың гектары жақсы, ал 16,7 мың гектары орташа деп бағаланды. Қазіргі таңда барлық күріш алқаптары өнімді жинауға дайын. Жиында «Агрохолдинг Байқоңыр» ЖШС директоры Самұрат Көпешов қайта құрылған Жалағаш элеваторын кеңейту және қалпына келтіру жұмыстарының аяқталуға жақын екенін жеткізді. Аталған нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, астық тазалайтын агрегаттар мен машиналар және жаңарту құрал-жабдықтарын сатып алу мақсатында 232 миллион 912 мың теңге қаражат беріліп, игерілді. Сонымен қатар, облыстағы 27 шаруашылықпен жалпы құны 1 миллиард 300 миллион 215 мың теңгені құрайтын 22076 тонна күріш салысын сату және сатып алу келісімшарттары жасалды. Бүгіннің өзінде астық тапсыруға бірқатар аудандардан ұсыныс келіп отыр.
Семинар соңында облыс әкімі егін жинау науқанымен қатар, келесі жылғы егін егудің дайындық жұмыстарын назардан тыс қалдырмау керек екенін жеткізді. Сондай-ақ, жиында аймақ басшысы егін жинау жұмыстарын қыркүйек айының соңына дейін, ал 2017 жылдың ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру сызбасын 1 қарашаға дейін аяқтауды тапсырды.
Семинар-кеңестен кейін «Ақжарма және К» шаруа қожалығының күріш ақтау зауытын аралаған Қырымбек Елеуұлы оның жұмысына жоғары баға берді. Дәл осы күні Ақжарма ауылдық округінде күрішші, қоғам қайраткері Болат Нұрсейітовтің атына алаң ашылып, ауылда мерекелік шара ұйымдастырылды. Күрішшілер бригадасын басқарған ол 15 жыл қатарынан мол өнім жинап, аймақтың ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлес қосқан еді.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы