25 ЖЫЛДЫҢ 25 СӘТІ
Президенттің баспасөз қызметі мен «Егемен Қазақстанның» бірлескен жобасы
Конституционализм іліміне сүйенсек, әлемде Конституцияның екі түрі болады. Біріншісі – құжат түрінде бекітілген Конституция, екіншісі – жазылған нұсқасы жоқ Конституция. Мәселен, Англияның қағаз бетіне түсіріп қабылдаған Конституциясы жоқ. Бұл елде қабылданған төрт мыңға жуық заңдар сот шешімдерімен бірігіп, Конституцияның рөлін атқарады. Араб елдері негізінен шариғат заңын басшылыққа алады. Алысқа бармай-ақ өзіміздің тарихымызда қағазға түсіп қатталмаған, алайда Ұлы Дала дәстүріне негізделген басты қағидаларымыз болғанын жақсы білеміз. Осы мақалада тәуелсіз Қазақстан дамуындағы Ата Заңның әлеуетін саралап, отандық сот жүйесінің даму үрдісі туралы ойларымызбен бөлісуді жөн көріп отырмыз. Азаттық алу бағытындағы алғашқы құжат – Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы. Ол 1990 жылғы 25 қазанда қабылданды. Декларация мемлекеттік билік органдарының құрылымы мен құзыретін айқындап берді. Осы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізде қордаланған мәселелер жеткілікті болатын. Қол жеткізген жетістіктерімізге сүйінушілермен қатар, күйінушілер де жоқ емес еді. Олардың қатарында «Қазақстан көп ұзамай әлеуметтік катаклизмге ұшырайды», «Қазақ халқы этносаралық дау-жанжалдардың ошағына айналады» деп болжаған «сәуегейлер» де болды. Иә, рас, елімізде мұндай сценарийлердің өрбуі әбден мүмкін еді. Бұған негіз болатын бірнеше ықтимал факторлардың болғанын жоққа шығара алмаймыз. Себебі, тоқсаныншы жылдар басындағы өтпелі кезеңде кеңестік әкімшіл-әміршіл жүйенің құрсауынан шыққан одақтас мемлекеттерде саяси қақтығыстар мен әлеуметтік күйзелістер бірінен соң бірі орын алып жатты. Таулы Қарабақ, Оңтүстік Осетия, Приднестровье, Молдова Республикасы, Гагаузия мен Абхазия территориялық фактор бойынша қақтығыс ошағына айналды. Міне, дәл осындай этносаралық жанжалдың Қазақстанда болуы әбден мүмкін еді. Себебі, Кеңестер Одағы тұсында «ұлттар лабораториясы» атанған Қазақстан тәуелсіздік алғанда елдегі мемлекетқұраушы негізгі ұлт – қазақтар республикадағы халықтың небәрі 42 пайызын құрайтын. Халқымыздың тәуелсіздікке өз атамекенінде азшылық құраммен жетуін тарихтың талай күрделі сынағынан өткенімен түсіндіруге болады. Алайда, бұл жағдай сол бір қиын-қыстау тұста тәуелсіз мемлекет болуға ұмтылған еліміз үшін әліптің артын бағып, аса сақ қимылдауымызды және ешқандай кикілжіңге бой алдырмай, ішкі және сыртқы саясатты тең ұстауды талап етті. Ел басына күн туған осындай сындарлы кезеңде сүрінбейтін жол тауып, елді жарқын болашаққа жетелеу – көшбасшылардың ғана қолынан келетін іс. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әлемде, соның ішінде, көршілес елдерде болып жатқан ахуалды саралай келе, елімізді бейбіт дамытудың түрлі амалдарын қарастырды. Сонау тағдыршешті жылдары Мемлекет басшысының алдында қадау-қадау міндеттер тұрды. Олар: биліктің негізгі институттарын құру, іргелі реформалар жүргізу үшін кәсіби аппарат қалыптастыру, мемлекеттің саяси рәміздерін қабылдау, әлем елдерімен дипломатиялық байланыс орнату, жоспарлы өндірістен нарықтық экономикаға көшу, ұлттық валютаны айналымға енгізу, елде жұмыс орындарын ашу, құлдыраған өнеркәсіп саласын қалпына келтіру, қоғамдағы ішкі тұрақтылықты сақтап, заңсыздықпен күрес, инвестициялық ахуалды жақсарту және т.б. Міне, осындай ауқымды мемлекеттік мәселелерді ойдағыдай шешу үшін, әрине, елімізге ең бірінші кезекте Конституцияны қабылдау қажет еді. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылдың 28 қаңтарында ХІІ шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданды. Конституция кіріспеден, 4 бөлімнен, 21 тарау мен 131 баптан құралды. Онда мемлекеттің тәуелсіздігі, билік тармақтарын бөлу, қазақ тілін мемлекеттік тіл деп тану, сот органдарының құрылымы секілді бірқатар нормалар қамтылды. Алайда, бұл Конституция арада екі жыл өтпей жатып, күшін жойды. Мұның себебін Елбасы былайша түсіндірді: «Егемен Қазақстанда біршама қысқа мерзімнің ішінде екі Негізгі Заң тарих қойнауына кетті. Оның біріншісі бізге кеңестік кезеңнен еншімізге тисе, ал 1993 жылы қабылданған екіншісі, жасырары не, кешегі мен келешекті мәмілелестіруге тырысқан әрекет қана еді. Оның ғұмырының қысқа болары да бесенеден белгілі еді. Экономика мен саясаттағы, адамдардың санасындағы түбегейлі өзгерістердің жеделдегені сонша, жаңа Конституция қабылдау қажеттігі айдан анық болды». Сөйтіп, 1995 жылдың 30 тамызында республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңы: «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз» деген кемел болашаққа сенім ұялататын кіріспе сөзден басталды. Жаңа Конституция 9 тарау, 98 баптан құралды. Референдумға қатысқан ел азаматтарының 90 пайызға жуығы, яғни қатысуға құқығы бар жеті миллионнан астам азамат Ата Заңымызды қабылдауға бірауыздан дауыс берді. Конституция – елдің барлық саласындағы: саясат, экономика, әлеуметтік саладағы жетістіктердің, қоғамдық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етудің берік құқықтық іргетасы болып табылады. Президент мемлекеттік басқару жүйесінің іргелі органы ретінде сот жүйесінің дамуына айрықша мән беріп келеді. Бұған дәлел жаңа Конституция қабылданған тұста Мемлекет басшысы: «Менің құқықтық мемлекетте азаматтарды Президент те емес, аймақтың басшысы – әкім де емес, министр де емес, сот қорғауы керек екеніне күмәнім жоқ. Барлық сот және құқық қорғау жүйесі өзінің басты мұраты – азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге және қорғауға міндетті», деген сөзімен отандық судьялар қауымдастығының мәртебесін арттырып қана қоймай, оған зор жауапкершілік жүктеді. Осы жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты соттардың мемлекеттік билікті жүзеге асыруының тікелей нысаны деп танылып, сот органдарының заң шығарушы және атқарушы құрылымдардан тәуелсіздігі айқындалды. Төрелік соттардың функциялары жалпы юрисдикциядағы соттарға беріліп, оларды тарату арқылы сот жүйесінің бірлігі бекітілді. Жергілікті соттар судьяларын ел Президентінің тағайындауы және Жоғарғы Сот судьяларын Парламент Сенаты тарапынан сайлау тәртібі енгізілді. Судьяларды іріктеу және олардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі орган ретінде Жоғары Сот Кеңесі мен Біліктілік әділет алқасы құрылды. Судьялардың мәртебесі мен адамның құқықтары мен бостандығын қорғау жүйесіндегі рөлін нығайта отырып, оларға тиіспеушілік кепілдігі күшейтілді. Конституциямыздың 3-бабының 4-тармағына сәйкес, республикадағы мемлекеттік билік біртұтас және ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс-қимыл жасау қағидатына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс деп белгіленді. Сот билігінің заң шығарушы және атқарушы билікпен бір деңгейде тұруы – демократиялық мемлекеттің белгісі. Сот билігін басқа мемлекеттік билік құрылымдарынан бөлу, мемлекеттің құқықтық сипатын, соның ішінде бостандық пен әділдік идеясын жүзеге асыруға басымдық беретіндігін білдіреді. Алғаш рет судьялар сот билігін іске асырушы болып жарияланды. «Сот жүйесінің тәуелсіздігін күшейту туралы» 2000 жылғы 1 қыркүйектегі Президент Жарлығы атқарушы және сот билігі тармақтарына сәйкес оның құзыретін бөлу, соттарды шындығында атқарушы органның аясынан шығару мәселесін шешкен үлкен саяси және тарихи маңызы бар оқиға болды. Жарлық бойынша соттардың қызметін қамтамасыз ету жөніндегі функциялар Әділет министрлігінің қарамағынан алынып, Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі комитетіне (қазіргі атауы – Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті) берілді. 2000 жылғы 25 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық Заң қабылданды. Сот құрылысының негізгі элементтері мен республика соттарының жұмыс тәртібін айқындаған осы заңның қабылдануы сот жүйесіндегі қайта құру реформасының логикалық тұрғыдан аяқталуын білдірді. Нәтижесінде, сот билігі мемлекеттік билікті іске асырудың барлық қажетті тетіктерін иемденді. Бұл оны азаматтардың құқықтары мен бостандығын тиімді қорғауға, мемлекеттің үдемелі және қауіпсіз даму мүддесін қамтамасыз ете отырып, қоғамды әлеуметтік жанжалдардан сақтауға қабілетті тұрақтандырушы күшке айналдырды. Мемлекеттік-құқықтық саладағы басымдықтарға сәйкес сот ісін жүргізуді одан әрі жаңғырту және оңайлату, сот төрелігі мен сот әкімшілігі мәселелерінің ара-жігін ажырату, мамандандырылған соттар құру, судьялар корпусының кәсіби деңгейін арттыру бойынша бірқатар шаралар қабылданды. Президенттің 2002 жылғы 9 ақпандағы Жарлығымен кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты дауларды қарауға уәкілетті мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар құрылды. Бұл соттардың ойдағыдай жұмыс істеуі нарықтық институттарды дамытуға, республиканың инвестициялық ахуалын жақсартуға оң әсер етті. Соттардың одан әрі мамандануы Мемлекет басшысының 2004 жылғы 9 қыркүйектегі ауданаралық мамандандырылған әкімшілік соттарды құру туралы Жарлығы арқылы іске асты. Бұл құжатқа сәйкес соттарға мемлекеттік билік органдарының әкімшілік өкілеттіктерінен туындайтын істерді қарау құзыреті берілді. Осы арқылы азаматтардың жария-құқықтық саладағы құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетігі күшейтілді. Президенттің 2007 жылғы 23 тамыздағы Жарлығымен Астана және Алматы қалаларында кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар құрылды. Кейіннен Мемлекет басшысының 2012 жылғы 4 ақпандағы Жарлығы бойынша мұндай соттар барлық облыс орталықтары мен республиканың кейбір ірі қалаларында құрылды. 2007 жылдың басында енгізілген алқабилердің қатысуымен қылмыстық сот ісін жүргізу институты Қазақстанның сот жүйесі дамуына түбегейлі өзгеріс әкелді. Жұртшылық өкілдерінің сот әділдігін іске асыруға тікелей қатысуы қоғамдық бақылау мүмкіндігін ұлғайтып, азаматтардың сот шешімдеріне деген сенімін арттыруға шынайы ықпал етті. Барлық өңірлерде соттылығына ерекше ауыр қылмыстық істер жататын, алқабилер қатысатын мамандандырылған ауданаралық соттар, сондай-ақ қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық әскери соттар құрылды. Қазақстан Республикасының 2002-2010 жылдар кезеңіне арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасына сәйкес сот жүйесінің кадрларын даярлау, судьялардың білімі мен кәсіби деңгейін арттыру міндеттері белгіленді. Осы мақсатта 2002 жылы Жоғарғы Сот жанынан Судьялардың және сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институты құрылды. 2004 жылғы қаңтардан бастап аталған институт Жоғарғы сот жанындағы Сот академиясы болып қайта құрылды. Оның міндетіне республиканың барлық судьялар корпусының біліктілігін арттыру және мамандандырылған магистратура арқылы сот жүйесі үшін кадрлар резервін қалыптастыру кірді. Президенттің 2005 жылғы 31 мамырдағы Жарлығына сәйкес Сот академиясы Сот төрелігі институты болып қайта құрылып, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының құзырына берілді. 2006 жылғы 18 қаңтарда соттылықтың ара-жігін ажырату туралы заңның күшіне енуі сот жүйесіндегі маңызды жетістіктердің бірі болды. Аталған заң Президенттің сот рәсімдерін оңайлату, сот сатыларын қысқарту, істерді қарау кезінде қағазбастылықтан арылу, жергілікті соттардың рөлін күшейту туралы нұсқауларына сәйкес қабылданды. 2006 жылы заңнамалық деңгейде судьялардың кәсіби біліктілігіне қойылатын талаптар күшейтілді. Судьялардың сот әділдігін іске асыру кезінде заңдылықты және судья әдебін сақтау жауапкершілігін арттыру жөніндегі шаралар кешені қабылданды. Жұмыс істеп жүрген судьялардың кәсіби деңгейін анықтау үшін Жоғарғы Сот жанынан Сот жюриі құрылды. 2007 жылғы қаңтарда «Қазақстан Республикасындағы сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға түзетулер енгізілді. Соған сәйкес республикалық және облыстық тәртіптік-біліктілік судьялар алқасының өкілеттіктері кеңейтілді. Егер, бұрын судьяларға қатысты тәртіптік іс жүргізуді қозғау құқығы Жоғарғы Сот пен облыстық соттардың төрағаларында болса, ендігі жерде бұл өкілеттіктер судьялардың тәртіптік-біліктілік алқасына жүктелді. Кейіннен 2012 жылы тәртіптік-біліктілік алқаларының функциялары барлық деңгейдегі соттардың өкілдігін ескере отырып, қалыптастыратын алқалық орган ретінде Сот жюриіне берілді. Бұл жүйе жергілікті соттар судьяларына құқыққа сыйымсыз ықпал етуді болдырмауға, олардың қызметін бағалауда бірыңғай тәсілді қамтамасыз етуге мүмкіндік жасады. Сот жүйесін жетілдіру бойынша одан кейінгі шаралар 2007 жылғы мамырда Конституцияға түзетулер енгізумен байланысты болды. Қабылданған жаңашылдықтардың арқасында сот жүйесі азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету ісінде барынша сенімді құқықтық кепілдіктер алды. Атап айтқанда, қамауға алуға соттың рұқсат беруі (санкция) жүйесі енгізілді. Бұл шешім қазақстандық қылмыстық-процестік құқықты халықаралық құқықтық актілерде белгіленген стандарттармен үйлестіруге мүмкіндік берді. Әділет біліктілік алқасының судьялар лауазымына үміткерлерді іріктеу жөніндегі ісін Жоғары Сот Кеңесіне бере отырып, оны тарату соттардың тәуелсіздігі қағидаттарын іске асырудың пәрменді тетіктерінің біріне айналды. Бұл конституциялық түзету соттарды атқарушы биліктен түпкілікті оқшаулауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, білікті судьялар кадрларын іріктеуге жауапты, сондай-ақ барлық деңгейдегі сот судьяларын тағайындауға ұсыным беруге уәкілетті орган ретінде Жоғары Сот Кеңесінің рөлі күшейтілді. Құқық үстемдігін одан әрі нығайту, елде демократиялық институттар қызметін дамыту, сот тәуелсіздігін күшейту тиімді сот жүйесін дамытудың негізгі тетігі болып табылады. Осы ретте 2008 жылғы қарашада «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» Заңның қабылдануы судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету, кадрларды сапалы іріктеу бойынша осы органның өкілеттіктерін кеңейтті. 2010 жылғы 1 қаңтарда «Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Азаматтық процестік кодекстерге сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қолданысқа енгізілді. Бұл заңның қабылдануы сот құрылысын оңтайландыруға септігін тигізді. Аталған заңға сәйкес Қазақстанның сот жүйесі бірінші сатыдағы соттардан (аудандық және оған теңестірілген соттар), апелляциялық және кассациялық сатылардан (облыстық және оған теңестірілген соттар) және қадағалау сатысынан (Жоғарғы Сот) тұрады деп белгіленді. 2009 жылғы 18 қарашада өткен судьялардың V съезінде сот дауларын шешудің балама тәсілдерін, соның ішінде татуластыру рәсімдері мен медиацияны енгізудің маңызы атап өтілді. 2011 жылғы тамыздан бастап Жоғарғы Сот әзірлеген «Медиация туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне медиация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қолданысқа енгізілді. 2013 жылғы 20 қарашада өткен судьялардың VI съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Барлық құқық қорғау органдары ішінен ең жоғары тұрғаны Жоғарғы Сот болып табылады. Жоғарғы Соттың абыройы – Қазақстанның абыройы, жалпы биліктің абыройы», – деген еді. Бұл сөз судьялар корпусына берілген жоғары баға болумен қатар, баршамызға зор жауапкершілік жүктейді. Осы съезде Президент сот қоғамдастығы алдына бес міндет қойды. Солардың қатарында заңнамалық нормаларды дәйекті түрде жетілдіру, сот құрылысын жақсарту, даулар мен жанжалдарды балама тәсілдермен шешу, азаматтардың кең ауқымды бөлігіне сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз ету, Қазақстанның судьялар корпусының кәсібилігін арттыру мәселелері бар. Осы съезде берген Президенттің тапсырмалары Жоғарғы Сот тарапынан толығымен орындалды. Атап айтқанда, соттар жаңа Қылмыстық, Қылмыстық процестік, Қылмыстық атқару кодекстері және айтарлықтай жаңартылған Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекс жағдайында сәтті жұмыс істеуде. Соттардың жаңа құзыреті, сот ісін жүргізудің жеңілдетілген тәртібі, сот бақылауы мен сот талқылауы барысындағы судьялар құзыретінің кеңейтілуі қылмыстық сот әділдігінің сапасын арттыруға жол ашты. Азаматтық сот ісін жүргізу процесі жаңғыртылды. Азаматтық істерді қарау тәртібі заманауи технологияларды кеңінен қолдануға бағыттала отырып, тараптар үшін неғұрлым ыңғайлы әрі жедел бола түсті. Медиация туралы отандық заңнама халықаралық стандарттарға сәйкестендірілді. Даулар мен шиеленістерді шешудің түрлі баламалы жолдары тәжірибеге кеңінен енгізілуде. Бүгінде сот жүйесі құқық үстемдігін қамтамасыз ету мәселелерінде жоғары тиімділікті көрсетіп отыр. Отандық сот жүйесінің көрсеткіштері неғұрлым маңызды халықаралық рейтингтер бойынша жақсара түсуде. Атап айтқанда, 2015 жылы Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде «Соттардың тәуелсіздігі» индексі бойынша Қазақстанның көрсеткіші 14 позицияға (86-дан 72-ге дейін) жақсарды. World Justice Project халықаралық үкіметтік емес ұйымы әзірлеген құқық үстемдігінің әлемдік рейтингісіндегі сот жүйесінің көрсеткіштері алты тармаққа (71-ден 65-ке) жақсарды. Ал Дүниежүзілік банктің рейтингісінде соттардың жұмысы «Келісімшарттардың орындалуын қамтамасыз ету» индикаторы бойынша бағаланады. Осы индикатор бойынша өткен жылы Қазақстан өз көрсеткішін 5 позицияға жақсартып, 189 елдің ішінде 9-шы орынға шықты. Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасы жүргізген тәуелсіз әлеуметтік зерттеу нәтижелері қазақстандық сот корпусының біліктілігі мен дәрежесін растады. Сұрау салынғандардың 71,3 пайызы судьялар жұмысына қанағаттанушылық білдірген. Бұл – құқық үстемдігін қамтамасыз ету кепілдігінің маңызды көрсеткіштерінің бірі. Әрине, атқарылатын жұмыс әлі де көп, дегенмен бүгінде елімізде заңдардың орындалуын қамтамасыз ететін және әлемдегі барлық стандарттарға сәйкес келетін қуатты сот билігі қалыптасты деп айтуға толық негіз бар. Ең бастысы, қоғамда заңдардың орындалатындығына, адамның өз мүддесін қорғай алатындығына деген сенім бар. Бұл – мемлекетке деген сенім және сот қызметінің ең басты көрсеткіші. Соттар жаңа қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнамалар жағдайында жұмыс істеуде. Жаңа институттар іс жүзінде кеңінен қолданылуда. Мәселен, биыл әрбір оныншы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жеделдетілген тәртіпте аяқталды. 1423 іс бойынша жеңілдетілген сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Кінәні мойындау туралы келісім бойынша сот тәжірибесі қалыптасуда. Келісімдік іс жүргізу тәртібінде қарастыру үшін 2,5 мыңнан астам қылмыстық іс түсті. «Жазалау» практикасы айтарлықтай өзгеріп, ақтау үкімдерінің саны үш есе артты. Бас бостандығынан айырылуға сотталғандардың үлес салмағы 13,1 пайызға азайды. Жазаның баламалы түріне сотталғандардың үлес салмағы төрт есе, айыппұлға және қоғамдық жұмысқа сотталғандардың саны бірнеше есе артты. Дауды реттеудің баламалы тәсілдерін қолдана отырып шешілген азаматтық істердің саны 23,8 пайызға көбейді. Олардың жартысынан астамы бітімгершілік келісім жасау арқылы аяқталса, 41,6 пайызы медиатордың қатысуымен қаралды. 2015 жылдың сәуір айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бес институттық реформаға негізделген Ұлт Жоспарын жариялады. Аталған бағдарламалық құжаттың кіріспесінде: «100 нақты қадам» – бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары» екендігі атап көрсетілді. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды. Мемлекетімізді, экономикамыз бен қоғамды дамыту үшін түбегейлі жаңа құқықтық орта құруға мүмкіндік беретін 59 заң қабылданып, күшіне енді. Ұлт Жоспарының екінші реформасында Қазақстанның тәуелсіз сот және құқық қорғау органдарының заңдарды мүлтіксіз орындауына баса мән беруі қажеттігі айтылған. Бұлайша басымдық берілетін жөні де бар. Себебі, заң үстемдігін қамтамасыз ету – құқықтық мемлекеттің бірден-бір белгісі. Бес институттық реформаның табысты орындалуы да заң үстемдігін қамтамасыз етуге тікелей байланысты. Бүгінде Жоғарғы Сот Ұлт Жоспары бойынша өзіне жүктелген екінші реформаның барлық 11 қадамын заңнамалық тұрғыдан іске асырды. Сот жүйесінде көзделген жаңашылдықтардың қолданысқа енуі отандық сот жүйесін неғұрлым жаңғырта түсті. 2015 жылғы 31 қазанда жаңа редакциядағы Азаматтық процестік кодекске Мемлекет басшысының жариялы түрде қол қоюы аталған құжаттың ел өміріндегі маңыздылығын айқын көрсетті. Президент жаңа кодекс республиканың құқықтық кеңістігін түбегейлі жақсартатындығын айрықша атап өтті. Азаматтық процестік кодекс сот әділдігінің тиімділігін арттыру және сот даулары бойынша бітімгершілік институтын дамытудың бірқатар мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, жаңартылған заң қоғамның сот жүйесіне деген сенімін арттыруға ықпал етуде. «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, Қылмыстық процестік кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске тиісті өзгерістер енгізілді. «Жоғары Сот Кеңесі туралы» жаңа Заң қабылданды. Бұл заңдардың құқықтық саланы дамытудағы әлеуеті зор екенін атап өткен жөн. Сот жүйесін реформалаудағы басты мәселенің бірі – жоғары білікті судьялар корпусын қалыптастыру. Судьяларға қойылатын біліктілік талаптарын арттыру судьялар корпусына кәсіби деңгейі жоғары заңгерлерді тартуға мүмкіндік береді. Психологиялық тестілеу және судьялыққа кандидаттарды полиграф аппараты арқылы тексеру судьялар қатарына кездейсоқ адамдардың келуінің алдын алады. Міндетті тәжірибе мен сынақ мерзімінің енгізілуі жас судьяларға алдағы жұмысқа неғұрлым дайын болуға мүмкіндік береді. Судьяларды іріктеу мен тағайындау процесі қоғам үшін неғұрлым айқын әрі ашық бола түсуде. Осыған орай Жоғары Сот Кеңесі дербес аппараты бар, жеткілікті құрам мен құзыретке ие автономды мемлекеттік мекеме ретінде қайта құрылды. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына қарасты Сот төрелігі институтын Жоғарғы Соттың басқаруына беру мәселесі шешілді. Бұл болашақ судьялардың тек теориямен шектеліп қалмай, сот тәжірибесін неғұрлым терең меңгеруіне мүмкіндік береді. Бес сатылы сот жүйесінен үш деңгейлі жүйеге көшу – сот реформасының маңызды аспектісі болып табылады. Осы ретте істердің басым бөлігін қарайтын бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың рөлі айтарлықтай күшейе түсті. Сот ісін жүргізудің үш буынды жүйесі халықаралық стандарттарға толығымен сәйкес келеді. Бұл модель сот шешімдерінің заңды күшіне жедел енуіне ықпал етеді, процесті қасақана созу мүмкіндігін азайтады. Азаматтардың жеке өмірін құпия ұстау құқығына берілетін кепілдікті ескере отырып, сот жүйесі барынша ашық болмақ. Сот залдары аудио-бейнетіркеу құрылғыларымен жарақтандырылуда және осы ретте жазбаны тоқтату немесе редакциялау мүмкіндігіне жол берілмейді. Сот жүйесі реформасының шеңберінде бірқатар институттық шешімдер іске асты. Біріншіден, Жоғарғы Сот жанындағы Сот жюриі түбегейлі негізде қайта құрылды. Бұл құрылым судьялардың әрекеттеріне және судьялар корпусы өкілдерінің Әдеп кодексінің нормаларын бұзу жағдайларына қатысты азаматтардың шағымдарын қарастыратын болады. Жаңа Әдеп кодексінің жобасы әзірленіп, ол сот қауымдастығы тарапынан кең көлемді талқылаудан өтті. Әзірленген жоба бойынша Еуропалық Кеңестің Венециялық комиссиясы сарапшылары тарапынан қорытынды пікір алынды. Қолданыстағы регламентке сәйкес Судьялардың әдеп кодексі ағымдағы жылғы қазан айында судьялардың жетінші съезінде қабылданады деп күтілуде. Екіншіден, Жоғарғы Соттың жанынан дауларды, соның ішінде ірі инвесторлардың қатысуымен болатын істерді қарайтын мамандандырылған алқа құрылды. Оның шеңберінде шетелдік инвесторлардың құқықтық даулары қаралып, олардың сапалы әрі әділ шешім табуына кепілдік беріледі. Жаңа алқа мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының қаржы соты инвестицияларды тарту мәселесі бойынша сот практикасын жақсартуға ықпал етпек. Бұл шетелдік кәсіпкерлер үшін еліміздің тартымдылығын арттыра түспек. Үшіншіден, қылмыстық процесс шеңберінде сотта, соның ішінде, сотқа дейінгі сатыда айыпталушы және қорғаушы арасындағы теңгерім қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл мақсатқа адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын шектейтін барлық тергеу әрекеттерін санкциялау бойынша тергеу судьяларының құзыретін одан әрі кеңейтудің заңнамалық тетіктері қабылданды. Төртіншіден, сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтатын шараларды қабылдау өте маңызды. Құрметті зейнеткерлікке шыққан судьяларды зейнетақымен қамтамасыз етудің барлық мәселелерін ретке келтірген заң қабылданды. Биылдан бастап отставкадағы зейнеткер судьяларға ай сайын өмір бойғы қамту төлемақысы төленетін болды. Аталған шаралардың барлығы судьялардың тұрақтылығына және олардың сот әділдігін тек шынайы жүзеге асыруға жағдай туғызады. Осы ретте сот жүйесі қоғамдағы тұрақтылықтың, қоғам мен мемлекет мүддесін берік сақтаудың, қазақстандықтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың сенімді кепілі болып қала бермек. Қайрат МӘМИ, Жоғарғы Соттың Төрағасы