• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
26 Тамыз, 2016

Қорғансыз қазақ қырғыны

582 рет
көрсетілді

туралы теңселте тебірентер туынды  Бексұлтан Нұржекеевтің «Әй, дүние-ай!» романын «Жұлдыз» журналынан оқығанбыз. Журнал­дың жаңа сандарын асыға кү­те­тінбіз. Әсерінен арыла алмастан, әрі де сәрі күй кешетінбіз. Бірте-бірте байыптай бастайтын­быз. Бұл дүниеңіз былтыр «Жалын» баспасынан жеке кітап болып шықты. Әрине, шығарма шіркініңізді кітаптан оқудың жөні бөлек, жосы­ғы ерек екені аян-дүр. Қорғансыз қазақ қырғыны туралы теңселте тебірентер туынды. Дедік. Мақаламыздың ма­қам тақырыбын. Мемлекеттік сый­лыққа ұсынылған «Әй, дүние-ай!» романы хақындағы аз ғана айтпақ ой-пікіріміздің бісмілләсін. Мұнымызды түсінерсіздер. Шәкәрімше шертсеңіз, «бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек». Тіпті мұқабасын сипалап, ауда­рып-төңкеру барысында мазмұ­нындағы тақырыптарға көз қиық­тасаңыз, «Дейін», «Кейін», «Түйін» деп тақ-тақ, нақ-нақ бедерлене бәдіз­деліпті. Тақпақтау үшін емес, кітапқа деген ықылас суыған қазір­гі­дей қиын-қилы заманыңызда оқыр­маныңыздың ой-санасын осылай оймыштағысы келетіндей кейіп­ті танисыз. Бүкіл романның жазу стилі де жаңаша. Бүгінгіше. Жалық­тырардай жалқы сөйлем жоқ. Әрбір сөйлемінде қат-қабат ойлар, тұспалдар тұнып жатады. Жүз жыл бұрынғы қор­ғансыз қазақ қырғынын, қай­ран да қайран қазағыңыздың жа­зықсыздан-жазықсыз төгілген қанын, халқыңыздың, ұлтыңыздың қайғы-қасіретін бүгінгі биік су­реткер­лікпен бейнелеп, қала­мынан қан сорғалатқандай күйде күй шертеді-ай. Алайда, азапқа ғана жара­тылған­дай көріне бастаған қазақтың күйіне күйі­нішпен аһ ұрып, жаныңыз шыр­қырап, жү­регіңіз қалтырай баста­ған­да, шынайы шеберіңіз кенет сізді сер­­­пілтіп, не әннің сиқырына, не жақ­­сы адамның жан жылуына, мейір­­бан­­дығына, немесе керемет кейіп­­кер­­лері­нің мөлдіреген махаббаты­на, сү­йіс­пеншілік сезіміне бөлеп ала қояды. «Әй, дүние-ай!» романының «Дейін» дейтін бірінші тарауы «Он алтыға толған қызды қазақтың піскен жеміске балайтынын Шәйі білетін» деген сөйлеммен басталады. Жоғарыда аңғартқанымыздай, осы сөйлемнің өзінде қаншама мән-мәніс жатыр. Стиль сиқыры сыйып тұр. Өткен ғасырыңыздың он алтыншы жылы он алтыға толған Шәйі қызыңыздың алабұртқан албырт шағын Бексұлтаныңыз да алабұрта, бүгінгіше бейнелейді. Сол Шәйідейін шырын жаратылыстың, сұлу болмыстың, көркем мінездің Қарқара жәрмеңкесіндегі хал-күйі. Сопыйаның әні. Тазабектейін таза, адал, батыл да жігерлі жігіт екеуінің сезімдері. Жүзіктейін жа­ны нәзік, түйсікшіл жеңгесінің Шәйіні еркелетуі былай беріледі: «Жаным Жібегім! – деді еркелете елжіреп. – Қазақ ұлдың тағдырына онша қам жей бермейді, өйткені ол өз тағдырын өз елінің ішінде өткізеді, ал қыздың тағдырын ақ сақалды атасынан тартып асық ойнаған баласына дейін уайымдайды, өйткені оның бақыты сырт ел, жат босағаға байланысты». Жеңгесі «Жібегім» деп қастерлейтін қыз Шәйіге ғашық болған, шын сүйген Тазабекте «үш жыл бойы бауыр басып қалған» Дәнекердейін қылықты келіншек бар екен. Бекең осылайша ширықтыра шилықтырар шебер ғой. Қысқасы, романыңыз осылайша оқырманын бірден баурап ала жөнеледі. Әлбетте, он алтыншы жылдың қасіреті туралы қазақтың өзі де онша білмейді. Бексұлтаныңыз да «Он алтыншы жыл» атты ма­қаласында: «1916 жылы жүздеп, мыңдап қырылған қазақты әлем түгіл өз қазағы да естіп-білмеген, ал 2016 жылы бір адамның қас­тандықпен өлгенін бүкіл әлем біледі. Заман өзгерді, әлем өзгерді. Қазақ та әлемдік ой-санадан қалыс­пауы қажет», – деп тағы да таңғалдырады. Жаңа романы арқылы 1916 жылғы қырғынның қайғылы да көркем дүниелік полотносын сомдап соғады. Он алтыншы жылғы ұлт-азаттық көтеріліс туралы туынды жаратпақ тіпті де оңай емес. Қиынның қиыны. Күрделінің күрделісі. Күрмеулінің күрмеулісі. Он алтыншы жылыңыз қанша аз жазылды, жеткіліксіз бейнеленді, ұлт санасында ақтаңдақтар басым дегенімізбен, кемеңгер суреткер Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманы» бар. Өзгеше өрнектегі өршіліңіз Асқар Сүлейменовтің «Бесатары» бар. Әсіресе, «Қилы замандайын» қазақ прозасының «Хантәңірі» тұрғанда, Нұржекеевіңізге на­ғыз нарға лайық, аса ауыр жүк­тің түс­кенін түйсінген абзал. Ше­бер прозашыңыз, шынайы шы­ғар­магеріңіз Бексұлтан Нұрже­кеев Әуе­зовтейін мұхитыңыздың те­рең­дерінен тұспалдар термелеп әуреленбейді. «Қилы заманның» қалқасында қалып қоймайды. Жәмең­ке, Әубәкір, Ұзақтардан бір-бір ауыз сөз сездіреді де, өз маржанын мәністеуде дарын даралығын танытады. Шәйі мен Тазабектің тағдырлары, іс-әре­кеттері, азап-мехнаттары, қай­таланбас махаббаттары, қайтпас-қайсар қажыр-қайраттары, бірте-бірте биіктеу, бірсін-бірсін өсу, өрлеулері арқылы осы екеуінің де, өзге көптеген кейіпкерлерінің де өшпес бейнелерін жасайды. Харак­терлерін аса иланымды ашады. Өмірбек пен Тілеулі ақсақалдар, қадірменді Қалиша апа образдары, қарапайым халықтың өзге де өкіл­дері өзгеше өрнектерін табады. Шәйі мен Тазабек бүгінгі оқыр­ман­ның көркем әдебиеттегі нағыз сүйік­ті кейіпкерлеріне айналады. Бара-бара автор секілді сіз де Шәйіні – Шәйкен, Тазабекті – Тәйкен деп ерке­леткіңіз келеді. Олар небір-не­бір нәубеттерді, қырғындар мен қан­төгістерді, әділетсіздіктерді бас­тан кешеді. Жауыздықтарға тап болады. Ең қымбат – етжақындарынан, дос-жарандарынан айырылады. Берг дейтін жауыздың өзі қан­шама қазақты қырады. Тәтті ұйқы­да жатқан ауылдың елу адамын атып, шауып өлтіреді. Келесіде әскерін екі топқа бөліп, ауылды қоршап, қазақтарды шетінен қылышпен шауып, баудай түсіреді. «Сол қолма-қол шайқаста сексенін өлтіріп, он екісін жараладық», – дейді Берг мақтанып. Қарқараға қарай беттеген Бергтің жендеттері тағы да талай адамды атып, он үйді өр­тейді. Осындай-осындайдың бәрін естіген орыс қызы Сопыйа: «Жазықсыз, қарусыз халықты қырып салғанына мақтанған мыналар орыстың жауынгері деген атақтан садаға кетсін!» дейді. Сөйт­кен Сопыйа қаншама қыр­ғын­ды көріп, қазақтарға қашып кетеді. Қожақ оған ғашық. Бірақ, кейін­нен Қожақ та, Сопыйа да сол сойқандардан мерт болады. Романдағы мағлұматтардың, яғни қорғансыз қазақ қырғыны туралы деректер мен дәйектердің бәрі де архивтерден алынған ғой. Бауыржан Момышұлы меңзеген мәселедағы. Сондай-сондай сойқандарды көзімен көріп кектенген Тазабектің Шәйісін орыстар тағы қорлайды, қалмақ зорлайды. Шәйі ғана емес, сүйікті жеңгесі Жүзік те, қайын­сіңлісі Жәмеш те... Зорланады. Қа­зақ бұрынғыша қырылып жатыр. Шыдау да, төзу де мүлде мүмкін еместей. Алайда, «Әй, дүние-айдың» кейіпкерлері шыдайды, төзеді. Таза­бек те тым-тым текті төр­ден, тау­дай биіктен табыла біледі. «Қайтуші ек? Төземіз», – дейді романдағы тау тұрпатты, да­ладай дархан тұлға Қапез әнші Тазабек тоқырағандай күйге түс­кенде. – Әрбір адам сияқ­ты халықта да тағдыр деген болады. Қазақтың тағдыры осындай. Орыстар бізді сыйламайды, тіпті көбі адамға санамайды. Неге? Өйткені, олар бізді менсінбейді. Қазақ жерінде тұрғанмен, қазақпен олардың ешқандай рухани, мәдени байланысы жоқ. Тарихымызды, салт-дәс­түрімізді, әдет-ғұрпымызды білмейді». Жалпы, бұл туындыда Шәйі мен Тазабектен басқа да таңғажайып кейіп­керлер көп-ақ. Солардың біре­гейі – осы ойшыл, терең білімді, өре-өрісі өте биік, әнді де талғап салып, таңдап айтатын талант иесі Қапез. Тазабекті де һәм тереңдете түсетін осы Қапезіңіз. «Біз бірікпедік, бір-бірімізге бағынбадық, өзіміз секілді бір бауырымызға бағынғанды қор санадық. Ақырында жұртқа жем болдық», – дейді әйдік ән­ші­ңіз. Ыстанбұлда білім алған оқы­мыстыңыз. Романда Қапезіңіз өнерді өрістетіп, әнін салып, Қара­тайдай шәкірттерін де баулып жүр. Елдік, мемлекеттік, ұлттық тұр­ғы­дағы текті тұжырымдарын да сәулесі бар саналарға сіңіре біле­тіндей. «Дейін» тарауының соңында Шәйі де, Тазабек те тау тұлғалана түседі. «Шәйкен, еркек әйелді не үшін қорғайды?» – дейді Тәйкен. «Өйткені, ол оған ұрпақ сыйлайды», – дейді Шәйкен. «Ал ұр­пақ үшін неге жанын қияды?» «Өйт­кені, ол өзі үшін ғана емес, халқы үшін де қымбат. Ұрпағы қалмаған халық қаншама данышпан болса да, түптің түбінде құрып бітпей ме?» «Иә, сөйтеді. Құдай құрып біт­кеннен сақтасын!» «Кейін» тарауын автор төң­керістің табиғатын халықтың, қара­пайым қазақтың көзқарасымен тәптіштеп бастайды. Жаңа өкімет билігін, бәлшебектердің, орыс­тардың әрекеттерін сырттай ғана бақылап-байқайтындай сыңаймен-ақ терең сезіндіреді. Тазабек пен Шәйі, басқа да кейіпкерлер білім алуға ұмтылады. Құлшынады. Әт­тең-ай, әттең! Тағы да тексіздік. Арыз­қойлық. Алауыздық. Ақы­рында Тазабек мерт болады. Шәйі бар болғаны жиырма беске жетпей, жесір қалады. Бұл тарауда Қапезбен қатар орыс Кобозев бейнесі жан-жақты ашылады. Орыс пен қазақ бауырластығы, тамырластығы жарасымды бедер­ленеді. Кобозевтің, өзге де мейір­бан орыстардың адалдығы, шын­шылдығы, сайып келгенде, адам­дықтың, адамгершіліктің ұлт таң­да­май­тыны әдемі әдіптеледі. Қыр­ғыз Табайдың әрекеттері де үйлесімді, ұнасымды. Кобозев Таза­бекке өкіл аға болады. Алайда, қазақ ән өнері­нің болашағындай көрінген жас әнші Қаратайдың қазасы, Қапез дос санаған Бәкеннің опасыздығы, сатқындығы тағы да қайғыға батырады. Талайларды. «Жер бетінде жақсы адам көп бол­са, жақсыны аңсап неміз бар, кез келгенімен көңіл жарас­тырып кетпейміз бе? Орыстың бәрі Кобозевтей болса, он алтыншы жылы қазақты орыс қасқыр шап­қан қойдай қырар ма еді? Бәрі адамның ала-құлалығынан. Тазабекті дәл Кобозевтей бірде-бір қазақ жақсы көрген жоқ шығар. Екеуінің соншалық бауырлардан бетер сыйласуында не сыр бар екенін бір Құдай білмесе, басқа ешкім білмейді. Өлгеннен кейін де өзгермей сыйлау туған бауырдың да қолынан келе бермейді», – дейді автор әрі өз атынан, әрі Шәйінің ойын аңғарта ағынан жарылып. Ашаршылықтың зар-запыраны жас талант Қаратай тағдыры мен Қапездің мұңға батырар әні арқылы үстемелене суреттеледі. Шәйі бәрін де бастан кешіреді. Соғысты да. Қаншама қайғы шегеді. Ашар­шылықтың азабын, соғыста құрбан болған перзенттерін, басқа да жақын­дарын еске түсіреді. Бір тү­нін қиған қимас басқармасы да отыз жетінші жылы қамалады. Шіркін Шәйіңіз не көрмеді десеңізші! «Әй, дүние-ай!» деп, романның атын қайталайсыз. Қайта-қайта. Немересі Нұрбек 1986 жылғы желтоқсанда өткен пленумды айтып, өз пікірін білдіреді. Шайлығып қалған Шәйіңіз: «Қой, балам! Біреу естісе, басың бәлеге қалар. Одан да шәйіңді іш», – дейді. Жиырма екінші желтоқсанда қара мәшине Шәйінің шөбересі Кәусеннің боп-боз, ақ шөлмектей боп, шалқалап жатқан жансыз денесін әкеледі. 1991 жыл. Шәйі де 91 жаста. Он алтыншы жылы он алтыдағы шырын Шәйіңіз ғой. Шалажансар күйде. Ауруханада. «Темірөзек кем­пір­дің қайта тірілгеніне дәрігер қауымы да қатты қуанды, әрі қатты таң­ғалды. Көзіне жас ала қуанған Нұр­бек әжесін әбден қуантқысы келді. – Әже, бүгіннен бастап біз тәуел­сіз мемлекет болдық! – А-а? – Тәуелсіз жеке ел болдық. Бүгін Қа­зақстанның тұңғыш Президенті Назарбаев тәуелсіздігімізді жария­лады. – Уһ! – деді кейуана кәдімгі сау кісіше күрсініп. Тозығы жеткен радионың үніндей қырыл-сырылды бәрі естіді: – Құд-дай бар екен ғой! Үстінен ауыр жүк түскен адамша Шәйі жайбарақат көзін жұмды... Тоқсан бір жыл бойы бір кеудеде бір-бірімен арпалысып келген қуаныш пен қайғы сол кеудеде бір сәтте бірге тынышталды». Мемлекеттік сыйлыққа әбден-ақ лайық «Әй, дүние-ай!» романы осылай аяқталады. «Ең үлкен ерлік – ой ерлігі» депті дү­ниежүзілік деңгейдегі даныш­панның бірі. Аталмыш шығармада жақсы адамдар, бауырмалдық, сүйіс­пеншілік, туған жер, қазақ­тың тауы мен даласы, бүкіл бай­тағыңызға деген перзенттік махаб­бат, ұлт бірлігі, ұлтаралық татулық, тәуелсіздік турасындағы орасан ойлар, пәлсапалық пайымдар тұнып тұрыпты. Автордың қалам қуатына, дарын даралығына тәнтісіз. От-жалынға оранған он алтыншы жыл туралы романды тау тұрпатты туындылар қатарына қосылған қазақы олжа дедік. Солай санадық. Біз. Мархабат БАЙҒҰТ ШЫМКЕНТ