Халық арманының асқаралы асуына даңғыл жол ашқан Ата Заң амалдары асқақ адалдықтың арайлы айдарына айналды. Елдің бақ тілегі мен ақ ниеті нұрлы арнаға тоғысты. Оған дәлел өте көп. Соның бірі ретінде, осы ақиқаттың арнасына бастау болған сонау 1995 жылғы 22 мамырдағы Елбасымыздың қаулысымен арнайы құрылған сараптық-консультативтiк кеңес, Ата Заңымыздың жобасын дайындау барысында азаматтардың 1100 ұсынысын ескеріп, соған орай осы заң жобасындағы 99 баптың 55-іне елеулі өзгерістер енгізген соң, ел Конституциясы бүкілхалықтық әрі жеке адамның мүддесін көздеуші нағыз Негізгі Заң ретінде қабылданды. Міне, Конституция жобасының жартысынан көбі халықтың ұсынысы бойынша жазылып және сол арқылы әрбір азамат өзінің көкейкесті мәселесін көтергенін көріп отырмыз. Осылайша қазақстандықтар өз құқының қорғалуы қамын о баста-ақ қамдай алды.
Бұл бәріміз жиі айтатын нағыз демократияның шынайы көрінісі, яғни, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық екендігінің дәлелі болды. Сөйтіп, 1995 жылдың 30 тамызында республикалық референдумда барша қазақстандықтар дауыс беріп, олардың 90 пайызға жуығы жаңа Конституцияны қабылдауды жақтады. Оған ешкімнің таласы болған да емес, болмайтындығы да сөзсіз. Себебі, көптің үнін үкілеген Ата Заң бар мазмұны мен мәні арқылы ел үшін нұрлы жолды бағыттап берді. Қазіргі елдің бағыты сол көп тілегінің жүзеге асуының бір көрінісі. Бұл сындарлы сара жолымызға түсуімізге, қазіргі тыныштық пен бірліктің, тұрақтылықтың қалыптасуына, елдің жан-жақты дамуына сеп болды.
Әрине, тәуелсіздік кезіндегі алғашқы және соңғы Ата Заңның жазылуында, оның қабылдану барысында айтыс-тартыс болмай қалған жоқ. Соның бірқатарын Елбасы өзінің «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында: «Мен экономикалық реформаларға керекті заңдарды қабылдайтын мәжілістердің көбіне қатыстым. Оларды көп адамдар түсінген де жоқ, қабылдағылары да келмеді. Маған Қазақстан Конституциясының ұлтымыз бен республика халықтарының мүдделерін қозғайтын әрбір бабы бойынша сөйлеп, қандай да болмасын бір бағытқа біржақты бұрылып кетпеуге күш салуға тура келді. Алғашқы Конституция сондай қызу талас үстінде қабылданды. Мені, әсіресе, жер, тіл, біздің мемлекетіміздің сипаты мәселелерінің қалай шешілетіндігі қатты толғандырды. Дегенмен де кеңестен кейінгі кезеңдегі парламенттік екі шақырылым бәріміз үшін де қоғамды демократияландырудың үлкен мектебі болды. Бәлкім, кемшіліктерден құралақан емес шығар. Алайда, Қазақстан мемлекеттігінің негізін салған шешімдер қабылданды. Бұл – саяси мәміле мектебі еді. Ең бастысы егемен мемлекеттің ең бірінші Конституциясы қабылданды. Ол – тәуелсіздігіміздің бастапқы кезеңіндегі, сөзсіз, саяси-құқықтық жетістігіміз еді», деп келтіреді.
Жалпы, біле білген жанға, осы жаңа Конституция жобасының бірнеше, анығырақ айтқанда, 18-ге жуық нұсқасы қаралды. Конституция жобасын талдау және сараптау үшін Президенттің қаулысымен құрылған, жоғарыда айтылған, сараптамалық консультативтік кеңеске сол кездегі: Ю.Басин – Әділет министрлігі, Қазақ мемлекеттік заң институтының профессоры, заң ғылымдарының докторы; В.Ким – ҚазМҰУ мемлекеттік құқық кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы; К.Колпаков – Қазақстан Республикасы Президентінің Жоғарғы Кеңестегі жеке өкілі, заң ғылымдарының докторы; А.Котов – Әділет министрлігі, Қазақ мемлекеттік заң институтының жеке құқық ғылыми зерттеу орталығы директорының орынбасары, заң ғылымдарының докторы; Б.Мұхамеджанов – Қазақстан Республикасы Президенті аппаратының Заң шығару органы және құқықтық сараптау бөлімінің меңгерушісі; Е.Нұрпейісов – Әділет министрлігі, Қазақ мемлекеттік заң институтының ректоры, заң ғылымдарының кандидаты; Ғ.Сапарғалиев – Мемлекет және құқық институтының директоры, Қазақстан Республикасы ҰҒА-ның корреспондент мүшесі; М.Сүлейменов – Әділет министрлігі, Қазақ мемлекеттік заң институтының жеке құқық ғылыми-зерттеу орталығының директоры, Қазақстан Республикасы ҰҒА-ның корреспондент мүшесі (ғылыми жетекші); Н.Шәйкенов – Әділет министрі, заң ғылымдарының докторы бекітілді. Тіпті келісім бойынша бұл құрамда шетелдік сарапшылар да болды.
Басты заңды құжатымыздың жазылу тарихы туралы сөз қозғағанда профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері Зинаида Федотовнаның еске алуларына тоқталмай өте алмайсыз. «Конституцияны дайындайтын жұмыс тобын Н.Ә.Назарбаев басқарды, мен оның орынбасары болдым, ал жас сарапшыларды белгілі ғалым, академик, заң ғылымдарының докторы Ғайрат Сапарғалиев басқарды. Сонымен жұмыс тобының құрамында Бауыржан Мұхамеджанов, Константин Колпаков, Юрий Ким және басқалар болды. Осылайша, 1993 жылдың қаңтарында алғашқы Конституцияны қабылдауға дайындық аяқталады. Бірақ оны бастан-аяқ оқып, әзірлеген Н.Назарбаев екенін Зинаида Федотовна жасырмайды. «Ол комиссия Төрағасы болғандықтан, бүкіл жобаны жатқа біледі. Өте қиын болды. Бұл өтпелі кезең болды. Осы кезде түбегейлі өзгерістерді енгізу қиын болды, өйткені қоғам да тынышсыз болды. Экономиканың, әлеуметтік саланың жағдайы қандай болғанын халқымыздың есінде қалып қойды. Сондықтан да қоғам кез келген саланың өзгеруіне сезімтал болып, мемлекет үшін алдыңғы қатарға бірден шығу мүмкін емес болды», дейді.
Сөйтіп, 1993 жылғы Конституция Мемлекеттің егемендік туралы декларация және «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның негізінде қабылданды. Барлық заңның негізгі қағидаттары осы екі дәуір құжатында қамтылды. Ол біздің тәуелсіздігіміздің қалыптасуына және елдің дамуы мен нығаюына негіз болды. Осылайша Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған соң тұңғыш Конституциясын 1993 жылы 28 қаңтарда қабылдады. Бұл қабылданған Конституцияда билік бөлінбеді. Президенттік билік жүйесі болса да онда Жоғарғы Кеңестің өкілеттігі жоғары болып қалды және оны шешу тетіктері болмады. Сондықтан сол кездің өзінде-ақ Конституцияны қайта жазу керектігі түсінікті болды. Осы мақсатта 1995 жылғы Конституция қабылданды. Ол жаңа өмірдің барлық жағдайларын жан-жақты есепке алды.
«Мен өз басым тікелей әлемдегі жиырма елдің конституциясын талдап, олардан конспекті жасап алдым. Нәтижесінде, жаңа Конституцияның қажеттігі туралы шешім қабылдамас бұрын бізде бес жылда жинақталған тәжірибе болды. Біз содан негізгі басымдықтарды, мақсаттарды ажыратып, оларға жетудің құралдарын үйрендік. Конституцияны қабылдау қарсаңында ондаған жылдар бойы азаматтарымыздың ой-санасында қордаланып қалған стереотиптерді жою үшін, мемлекет пен қоғамды түбегейлі реформалау барысында пайда болатын көптеген объективті және субъективті проблемаларды шешу үшін бірнеше жылға созылған табанды жұмыстар атқаруға тура келді. Иә, кейде біздің шешімдеріміз жартыкеш, ымырашыл сипатта да болды. Кез келген жаңа істе болатыны сияқты, қателіктер де жіберілетін. Осының бәрі сол кездерде анық өтпелі сипатта болған мемлекеттік институттар мен заңнамалық қызметтерден көрініс тауып отырды. Бірақ, сол бір қиын-қыстау жылдарды еске алғанда, елімізді күрделі әлеуметтік катаклизмдерге соқтырмай, аман сақтап, әлемдік қоғамдастықтың тең құқықты мүшесі ретіндегі осы заманғы мемлекет құру үшін не керектің бәрін істегеніме, мемлекетті құруға қызмет жасағаныма сенімдімін», деп жазады Елбасы кітабында. Сосын 1994 жылы өз қолымен Әділет министрлігіне жаңа Конституцияның жобасын тапсырған болатын. Нақ осы үлгі-жоба бүгінгі Ата Заңымыздың негізін қалағаны сөзсіз дейміз.
Сөйтіп, жоғарыда айтқанымыздай, 1995 жылғы 30 тамызда Конституция жөніндегі референдумда бірден-бір дұрыс жол таңдалғаны анық болды. Соның арқасында, міне, бүгінде Қазақстан әбден қалыптасқан, әлемнің абыройлы және лайықты мемлекеттері қатарына енді. Ал мұндай жолдан өту оңай болмағаны белгілі. Ең бастысы асығыстыққа салынып, қателік жіберіп алмау керек еді. Президенттің арқасында біз дұрыс таңдау жасай білдік.
Мемлекет басшысының осы басты құжатты жазуда, дайындауда оның жұмысына бастан-аяқ араласуында дейміз. Әр бап ел игілігіне қызмет етуі үшін тереңнен ойлады, алысты болжады. Мәселен, Президент Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына арналған «Конституция: бірлік, тұрақтылық, өркендеу» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда: «Бұл – біздің Негізгі Заңымыздың барлық ережелері мен қағидаттарының нақты іс жүзіне асуы. Жақсы жағына қарай өзгеруге бейім тұратын мемлекеттік және қоғамдық құрылыс қана тиімді болып саналады. Біздің Ата Заңымызда табысты даму үшін де, Ұлттың өзін-өзі жаңғыртуы үшін де қажетті барлық құқықтық тетіктер бар. Біз 2050 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламамыздың негізінде алдымызға Қазақстанды әлемдегі ең дамыған 30 елдің біріне айналдыру жөнінде жаһандық мақсат қойдық», деді.
Демек осы Конституциямызда тайға таңба басқандай етіп көрсетілген азаматтарымыздың тең құқылы болуы – еліміз бен жеріміздегі ұлттар мен ұлыстардың тату-тәтті тіршілік құруының нәтижесі дейміз. Өйткені Ата Заң олардың бүгінгідей бейбіт, алаңсыз ғұмыр кешуінің бірден-бір кепілі болып отыр. Сондықтан да Ата Заңымыздың былтыр өткен 20 жылдығын тойлау қарсаңында да еліміздің түкпір-түкпірінде көптеген айтулы шаралар өткізілді. Ірі кездесулер болды. Соның бірі ретінде айтар болсақ, мәселен Ұлттық академиялық кітапханада Ата Заңымызға 20 жыл толуына байланысты арнайы «Конституция» залы да ашылды.
Конституциямыздың құндылығы жайында айтқанда елдігіміз үшін ерен еңбек етіп келе жатқан, мемлекеттік іргелі ірі істерді жүзеге асырған, қазіргі Жоғарғы Соттың Төрағасы Қайрат Мәмидің: «Ата Заңымыздың алғашқы бабына сәйкес Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыра келе, өзінің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп жариялады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияның сенімді кепілі ретінде адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, құқықтық мемлекет құрудың бағытын берік ұстанды. Осы қағиданы басшылыққа алған сот корпусы қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеудің әлемдік, демократиялық стандарттарына сәйкес халық сенімін ақтау үшін қалтқысыз қызмет етіп келеді. Конституция – елдің барлық саласындағы: саясат, экономика, әлеуметтік саладағы жетістіктердің, қоғамдық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етудің берік құқықтық іргетасы болып табылады», деді. Бұл айтылғандармен өмір шындығы толық ұштасып отыр.
Ендеше қазіргі Конституция – еліміздің іргелі мемлекеттік-құқықтық актісі болып табылатындығында сөз жоқ. Ол адамның және азаматтың кең ауқымды әмбебап құқықтарына, еркін сайлау өткізуге, мемлекеттік биліктің біртұтастығы және биліктің үш тармаққа бөлінуі қағидатының жүзеге асырылуына, жергілікті басқару және өзін-өзі басқару жүйесінің қызмет істеуіне кепілдік береді. Конституциялық Кеңес Төрағасы Игорь Рогов айтқандай, қоғамдық өмірімізде Конституцияның жасампаздық қуаты күннен-күнге арта түсуде. Еліміздің Негізгі Заңының қуаты, әлеуеті өте зор. Сондықтан Конституциямыз барлық түйткілді мәселені шешудің заңды көзі болып табылады.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан»