• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Тамыз, 2016

Күрделі түйіннің күрмеуін тарқатқан

264 рет
көрсетілді

Пан Ги МУН, БҰҰ Бас хатшысы: – Ядролық қарудан азат әлем құру – БҰҰ-ны біріктіретін басты мақсат және жалпы адамзат баласының арманы. Бұрынғы Семей ядролық полигоны болған жерде тұрып, мен барлық ядролық қаруы бар елдерді Қазақстаннан үлгі алуға шақырамын. Бұл жолда рухани күш-қуат алу үшін олар осы елдің тәжірибесіне жүгіне алады. Мен Сізге Семей полигонын жабу және ел аумағынан барлық ядролық инфрақұрылымды шығару туралы шешіміңіз үшін үлкен құрметімді білдіргім келеді. Егер де, Қазақстан Президентінің алысты болжай алатын сындарлы саясаты болмаса, бұл өңірдің адамдары әлі де осынау алапат сынақтың залал-зардабын тартып жүрер еді. Біз Қазақстанның ядролық қарудан бас тарту жөніндегі салиқалы және батыл шешімін жоғары бағалаймыз. Осынау тарихи оқиғаға орай, БҰҰ 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялады. Степан МЕСИЧ, Хорватияның экс-президенті: – Мен әрдайым Қазақстанның халықаралық аренадағы қызметін қалт жібермей қарап, қадағалап отырамын. Солардың ішінде әсіресе, Қазақстанның жаппай қырып-жою қаруын таратудың алдын алу, сол арқылы ядролық қауіпті сейілту бағытындағы бастамалары айрықша маңызға ие. Бұл ретте, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қауіпсіз әлем құру жолындағы идеясы көңілге жылылық ұялатады. Бұл – Кеңес Одағы кезінде өзінің территориясында сансыз ядролық сынақтарды, қаншама қиындықты басынан өткерген ел. Сол себепті, ол жаппай қырып-жою қаруы жоқ және одан үзілді-кесілді бас тартқан мемлекет. Ендеше, Қазақстан – әлемді ядролық қарудан азат ету туралы заңды бастаманы көтеруге қай жағынан да құқығы бар ел. Ангела КЕЙН, БҰҰ-ның Қарусыздану мәселелері жөніндегі бұрынғы Жоғары өкілі, Қарусыздану және таратпау жөніндегі Вена орталығының аға ғылыми қызметкері: – Қазақстанның қарусыздану мәселесіндегі белсенді рөлі, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл бағыттағы бастамалары БҰҰ-ның ядролық сынақ­тарды ғаламдық тұрғыда жою және оларды таратпау төңірегіндегі қызметін нығайтуға ықпал етті. Ал ядро­лық қарусыздану саласындағы бұдан кейінгі оң өз­геріс­тер әлемдік қоғамдастықтың барлық күш-жі­герін біріктіру арқылы ғана мүмкін болады. Мұндай ауқым­ды жұмыстарды жүйелі түрде жүргізе берудің қажет­тілігі мен өзектілігі 2020 жылы өтетін Ядролық қаруды таратпау жөнін­дегі шартқа арналған шолу конференциясы қарсаңында тіпті артып келеді. Ефим ПИВОВАР, Ресей Мемлекеттік гуманитарлық университетінің президенті, Ғалымдар кеңесінің төрағасы: – Қазақстан Президенті Семей полигонын жабу туралы шешімі арқылы өте күрделі де қиын мәселеге нүкте қойды. Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи масштабтағы тұлға екені баршаға аян. Ол сөзі­мен ғана емес, ісімен де өз халқына, барлық адам­зат­қа осы шешімімен өлшеусіз үлес қосты. Бүгінде бұл оқиғаға 25 жыл өтті. Бұл кезең Қазақ­стан Президентінің тұлға, ұлттық ауқымдағы саясаткер болып қалыптасуымен, кейін барлық пост­кеңестік кеңістікте көшбасшы атануымен тығыз байланысты болды. Оның барлық идеясы біртіндеп орындалып келеді. Қазақстан Президентінің басты идеяларының бірі – оның 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қоюы. Бұл қандай дата? Ол кезде Қазақстан өз Тәуелсіздігін жарияламаған да еді. Осының өзі көп жәйтті аңғартса керек. Сондықтан, Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей полигонын жабу туралы шешімінен кейін Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі қалыптасу кезеңі басталды деуге болады. Йошихико ЯМАМОТО, «Дайго Фукурю-мару» бейбітшілік қорының президенті: – Қазақстан мен Жапония – ядролық қарудың зардабын шеккен, залалын көрген елдер. Сондықтан, олар әлемдік қауымдастықты ядролық қарудан бас тартуға шақыру ұстанымынан айнымауы тиіс. Қазақстан туралы сөз қозғағанда, оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осы мәселедегі ерен еңбегін айрықша атап өтуіміз керек. Себебі, ғаламдық қауіпсіздікті нығайтуда және Ядролық қарудан азат әлемді қалыптастыруда Қазақстан өлшеусіз үлес қосты. Бұл ретте, Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығы үлкен рөл атқарғаны сөзсіз. Йорико КАВАГУЧИ, Солтүстік Азиядағы Ядролық қаруды таратпау жөніндегі комиссияның тең төрағасы, Жапонияның экс-сыртқы істер министрі: – Мен 2011 жылы Семей полигонында болып, ядролық сынақтар өткізілген аумақты өз көзіммен көрдім. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның және оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевың ядролық қарусыздану жөніндегі саясатына, сонымен қатар, ядролық қаруды таратпау режімін нығайту жолындағы бастамаларына жоғары баға берер едім. Алдағы уақытта әлемдік қоғамдастық Қазақстанның осы бағытта көтерген бастамаларына қолдау білдіріп, игі істерді жалғастырып, дүние жүзін атом қаруынан азат етуге үлес қосса деген ниеттемін. Ван СЯНЬЦЗЮЙ, ҚХР Мемлекеттік кеңесі жанындағы Даму мәселелері жөніндегі зерттеу орталығының профессоры: – Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыздануға қатысты маңызды бастамасының БҰҰ тарапынан кең қолдауға ие болуы және аталған халықаралық ұйымның ресми құжаты мәртебесін иеленуі көтеріліп жүрген мәселенің өзектілігін айғақтай түседі. Қазақстанның ғаламдық бейбітшілікті қамтамасыз етуге қосқан қомақты үлесі – ядролық қарудан бас тарту және Семей ядролық полигонын жабу. Бұл ретте, Қытай қауымдастығы Қазақстан Көшбасшысының бастамаларын қолдайды. Қазақстан бұл бағытқа өзінің күш-жігерін жұмсап, ядролық қаруды таратпауға, Жер шарында бейбітшіліктің орнауын қамтамасыз етуге үлес қосып келеді.