Данияр Маратұлы ЕЛЕУСІНОВ
Боксшы. Еңбек сіңірген спорт шебері.
Астана қаласы
1991 жылы 13 наурызда Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданы, Қайыңды ауылында туған.
– Олимпиялық ойындардың чемпионы (Рио-де-Жанейро, 2016), 69 кг;
– Әлем чемпионы (Алматы, 2013), 69 кг;
– Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (Доха, 2015), 69 кг;
– Азия ойындарының чемпионы (Гуанчжоу, 2010), 69 кг;
– Азия ойындарының чемпионы (Инчхон, 2014), 69 кг;
– Азия чемпионы (Амман, 2013), 69 кг;
– Азия чемпионы (Бангкок, 2015), 69 кг.
Жаттықтырушысы: Марат Тәліпұлы Елеусінов.
Сол күні Риодағы бұл жекпе-жекті бәріміз көрдік. Себебі осының алдында жартылай финалдық шайқасын франциялық Сулейман Сиссокомен өткізген Даниярдың қабағы жарылғаны қатты алаңдатып еді. Екінші раундта дәрігерлердің шешімімен тоқтатылған сол жекпе-жектің біздің капитанның пайдасына шешілгені қандай жақсы болды.
Сондықтан осындай қиындықпен финалдық айқасқа шыққан 69 килоға дейінгі тарланымыздың ұрысын тапжылмай отырып күткен едік. Ал Данияр Елеусінов біздің бәріміздің сол үмітімізді ақтады. Ол өзімен алтын медаль үшін таласқа түскен өзбек боксшысы Шахрам Гиясовты еш күмәнсіз жеңді. Сондықтан төрешілер оған жеңісті бір ауыздан берді. Есеп – 3:0 (29:28, 29:28, 29:28). Осы шайқаста Даниярдың үш раунд бойы алдында алып қалған жарақатына соққы тигізбей, рингте аса сауатты өнер көрсеткені мамандар мен жанкүйерлерді ерекше тәнті етті.
Бұл Рио олимпиадасындағы Қазақстанның жалпы үшінші, ал бокстан қоржынға түскен алғашқы да соңғы алтын медалі болды. Сонымен бірге Данияр біздің боксшылардың 2004 жылы Афинада ірге қалаған 69 килоға дейінгі салмақта алтын медальды жеңіп алу дәстүрін одан әрі жалғастырды. Ол сондай-ақ 1996 жылы Қазақстан құрамасы Олимпиялық ойындарға алғаш рет дербес команда ретінде қатысқан кезден бастап боксшыларымыздың кемінде бір алтын медаль алу үрдісін де жалғап берді. Қазақстан боксшылары қатарынан бесінші Олимпиадада ең жоғары наградаға қол жеткізді. Бұл алтын медаль бізге сонысымен де қымбат!
Талғат РАЙЫМБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ниджат Әли оғлы РАХИМОВ
Ауыр атлет. Халықаралық дәрежедегі
спорт шебері
Атырау қаласы
1993 жылы 13 тамызда Әзербайжан астанасы
Баку қаласында туған.
2014 жылғы тамыздан бері Қазақстан Республикасының азаматы.
– Олимпиялық ойындардың чемпионы (Рио-де-Жанейро, 2016), 77 кг;
– Әлем чемпионы (Хьюстон, 2015), 77 кг.
Жаттықтырушысы: Виктор Алексеевич Ни.
Екі жылдан бері Қазақстан азаматтығын алып, біздің еліміздің намысын қорғап жүрген түбі атыраулық ұлты әзербайжан ауыр атлет Ниджат Рахимов Рио-де-Жанейрода шын мәнінде де айды аспаннан бір-ақ шығарғандай болды. Сайыста 77 килоға дейінгі салмақта сынға түскен ол Қазақстан құрамасы қоржынына алғашқы алтын медальды салып, бүкіл елдің еңсесін көтеріп жіберді. Мұны спортшының өзі сол сәтте қызу қанды би қимылымен айшықтап көрсетіп берді.
Ниджаттың алтын тұғырда тұрған сәтіндегі жан толқытар сәттер естен кетпейді. Қазақстан гимнін қосыла айтып тұрған оның көздері сол кезде боталап қоя берген еді.
Ал содан кейінгі ең бір есте қаларлық сөзі оның енді Қазақстаннан кетпейтіні туралы мәлімдемесі болды. «Әзербайжанға кетпеймін, онда тек қонақ болып қана баратын шығармын», деді қазақ еліне келіп, бағы жанғанын жақсы сезінген атлет. Ол біздің елімізге келген сапарын мұның алдында, 2015 жылдың қараша айында АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен Әлем чемпионатында топ жарып шығуымен бастаған болатын. Енді, міне, Олимп шыңын да бағындырып үлгерді.
Риода журналистердің бірі атыраулық атлетке: «Егер отаныңа қайта шақырса, барасың ба?» деген сұрақ қойды. Ал Ниджат сол тұста біз күткендей жауап қайтарды. «Жоқ, мен Қазақстанда қаламын. Елге енді тек қонақ ретінде баратын шығармын, Қазақстанға әбден үйреніп қалдым», деді ол қарапайым ғана.
Бұл жауап бізге айрықша ұнады.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
Дмитрий Игоревич БАЛАНДИН
Суда жүзуші. Спорт шебері
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті.
1995 жылы 4 сәуірде Алматы қаласында туған.
– Олимпиялық ойындардың чемпионы (Рио-де-Жанейро, 2016), 200 м. брасс;
– Азия ойындарының үш дүркін чемпионы (Инчхон, 2014), 50 м., 100 м., 200 м. брасс;
– Универсиада чемпионы (Кванджун, 2015), 100 м. брасс; Универсиаданың қола жүлдегері (Кванджун, 2015), 50 м. брасс.
Жаттықтырушысы: Алексей Николаевич Казаков.
Суда жүзуші Дмитрий Баландин су спорты тарихында Қазақстанның Олимпиялық ойындардағы ең алғашқы чемпионы атанған спортшы болды. Рас, 1956 жылы Австралияның Мельбурн қаласында өткен Олимпиадада Геннадий Николаев есімді қазақстандық жүзгіш 4х200 метрлік эстафетасында қола медальға қол жеткізген еді. Бірақ Алматыда туып-өскен спортшы сол жолы аламанға Мәскеу қаласының атынан барған болып шықты.
Ал биылғы 11 тамыз күні алматылық студент Дмитрий Баландин Риодағы Ойындардың финалына шыққан кезде қандай қуандық десеңізші! Айта кетейік, бұған дейін брасс әдісімен 100 метрге жүзген Дмитрий Баландин финалдық кезеңге дейін шығып, шешуші сында небәрі сегізінші орын алған болатын. Алайда саңлағымыздан тап осындай ерлікті күте қойған жоқпыз. Ол болса соның бәрінен жоғары деңгейден көрініп, 200 метрге брасс әдісімен жүзуде сенсация жасап, Ойындардың чемпионы атанды. Ол, сында 2:07,46 минут уақыт көрсеткішімен топ жарды.
«Алматының алтын баласы» бұл табысқа жету жолында 2014 жылы алдымен Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындарында үш алтын медаль, 2015 жылы сол елдің Кванджун шаһарында ойналған Универсиадада бір алтын, 1 қола медальға қол жеткізген болатын.
Бразилия жеріндегі бәсірелі бәсекеде Баландиннен кейінгі екінші орынды америкалық Джош Перно алса (2:07,53), үздік үштікті 2:07,70 уақытымен Ресей өкілі Антон Чупков тиянақтады.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»