• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
31 Тамыз, 2016

Алматыда Баландин мен Шәкімова марапатталды

276 рет
көрсетілді

Олимпиаданың алтын медалін иеленген «қазақ Фельпсі» жүзгіш Дмитрий Баландин мен қыз-келіншектер арасында бокстан Олимпиаданың қола жүлдесін жеңіп алған Дариға Шәкімоваға лайықты сый-сияпат көрсетілді.  Дариғаның биылғы Олимпиада кезінде шеберлігі үшін Вэл Баркер Кубогын иеленген америкалық боксшы, екі мәрте Олимпиада чемпионы Кларесса Шилдске қаймықпай қарсы тұрғанын еске алған жиналған қауым қайсар қызға ерекше құрмет көрсетіп, қол соқты. Үкіметттің арнай шешімі бойынша Олимпиадада бірінші орын алған спортшы қаржылық сыйақыдан тыс (250 мың АҚШ доллары) 3 бөлмелі, үшінші орын алған спортшы (50 мың АҚШ доллар) бір бөлмелі пәтердің кілтін қолына алуы тиіс. Бүгін Алматыда сол шешімге сай талаптар жүзеге асты. Салтанат үстінде сөз сөйлеген қала әкімі Бауыржан Байбек: – Құрметті спортшылар, сіздер Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына тұспа-тұс келген келген Рио Олимпиадасында ел намысын қорғап, еліміздің көк Туын көкке көтердіңіздер,– деді. – Алматы­лықтар және барша қазақстандық жанкүйерлер дүбірлі күндері сіздерге әр сәт қолдау көрсетті. Әуежайда зор қуанышпен қарсы алды. Күні кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барлық жүлдегерді Астанада қабылдап, мемлекеттік наградалармен марапаттады. Сіздерді тәрбиелеген ата-аналарыңызға, сіздерді үлкен спортқа дайындаған жаттықтыру­шыларыңызға үлкен рахмет! Диманың анасы осында қатысып отыр, ал Дариғаның анасы – Петропавлда. Елбасы айтқандай, бақыттың үш кілті (кәсіптің кілті, үйдің кілті, көліктің кілті) болса, бүгін сіздер сол үш кілтке де ие болып отырсыздар. Алда жаңа биіктерге жете берулеріңізге тілектеспін! Жүзгіш Дима мен боксшы Дариғаның бапкерлері де қала әкімдігінде өткен салтанатттан құр қол қайтпады. Бауыржан Байбек оларға 3 млн және 2 млн теңге көлемінде сыйақы табыстады. Қала әкімдігінің алдында қызыл лента байланған жол талғамайтын қос көліктің кілті – Дмитрий Баландин («Тойота Ланд Крузер-200») мен Дариға Шәкімоваға («Тойота Ланд Крузер Прадо-150») жиналған қауымның ду қол шапалағының астында берілді. Өз кезегінде сөз алған Дариға Шәкімова мен Дмитрий Баландин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, қолдау көрсеткен барша қазақстандық жанкүйерге және бүгінгі көрсетілген сый-сияпат үшін шын жүректен алғыс айтты. Талғат СҮЙІНБАЙ АЛМАТЫ