Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті VI сайланымының екінші сессиясы өз жұмысын бастайды. Парламент өзінің негізгі міндеті – заң шығарудан басқа елдегі демократия үдерісінің қай деңгейде екендігін көрсететін айнасы іспеттес. Оның жұмысының барынша ашық, барынша мөлдір, жарияланымды болуын сайлаушылардың талап етуге де қақы бар. Өйткені шығарылатын заңдар – ел өмірінің жақсылыққа өзгеруіне ықпал ететін басты құжаттар. Сондықтан әрбір азамат олардың экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан ел мүддесін жақтауын тілейді.
Әсіресе жаңадан сайланған Мәжіліс депутаттарына деген үміт зор. Ұсынылған заң жобасын алғашқы болып мақұлдап, барынша жетілдіруге тиісті палата осы болғандықтан ел назары көбінесе соған ауып, бар үмітін соған артады.
Еске сала кететін болсақ, алтыншы шақырылымның сайлауы үстіміздегі жылдың 20 наурызында өтті. Онда Парламентке өту табалдырығын (7 пайыздық дауыс үлесі) сайлауға түскен алты партияның үшеуі еңсеріп, Мәжіліс құрамына кірді. Соның ішінде «Нұр Отан» партиясы – 82,2%; Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы – 7,18%; Қазақстан Коммунистік Халық партиясы (ҚКХП) – 7,14% дауыс үлесін жинап, партиялық тізім бойынша «Нұр Отаннан» – 84, «Ақ жолдан» – 7 және ҚКХП-дан 7 адам депутаттыққа өтті. Ал 9 депутат Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланды.
Алтыншы сайланған Мәжіліс құрамына алдыңғы шақырылымның 43 депутаты енді. Барлық депутаттар саны 107 болғандықтан депутаттық корпус 60%-ға жаңарды. Мәжілістің жаңа құрамында ерлер 78 (73%), әйелдер – 29 (27%) адам. Депутаттардың орташа жасы – 55, соның ішінде 40 жасқа дейінгілер – 7, 40-тан 60-қа жасқа дейінгілер – 77 және 60 жастан асқандар – 23 депутат.
Шақырылымның алғашқы үш айында Мәжіліс Төрағасы қызметін Бақтықожа Ізмұхамбетов атқарған, ал алғашқы сессия өз жұмысын аяқтар алдында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен Төраға болып белгілі мемлекет қайраткері Нұрлан Нығматулин сайланды. Ол бұған дейін де бесінші сайланған Парламент Мәжілісінің Төрағасы қызметін 2012-2014 жылдары атқарған болатын. Одан әрі екі жыл атқарған Президент Әкімшілігінің Басшысы қызметінен қайта оралып, алтыншы шақырылымның Төрағасы болып сайланғанда, көптеген депутаттар оның сол кездегі іскерлігін, батыл шешімдерін ауызға алған еді. Біз, БАҚ өкілдері де Нұрлан Зайроллаұлының демократиялық құндылықтарды қатты бағалайтынын, Парламент жұмысының ашық әрі мөлдір болуын жақтайтынына куә болғанбыз. Жаңа сессияның жұмысы алдындағы ойларымен бөлісуді сұраған «Власть» Интернет журналының тілшісі И.Севостьяноваға берген жауабында ол: «Қоғам алдында тұрған және оларды парламент шешуге тиісті барлық мәселелер бойынша кең ауқымдағы әріптестік орнатуды мен бірінші кезектегі міндет деп білемін. Бүгін Мәжілісті елдегі барлық қоғамдық және саяси күштердің, соның ішінде Парламент қатарына өтпеген саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, кәсіподақтардың қоғамдағы барлық маңызды мәселелер бойынша пікір алмасуға мүмкіндік жасай алатын тиімді диалог алаңына айналдыру керек. Көп партиялы парламенттің форматы түрлі талқылаулары, пікірсайыстары, дебаттар мен келіссөздері болатын белсенді саяси диалогтарды қолдау екенін түсіну керек», деді. Егер Мәжіліс осындай сапаға көтеріле алса, ол шын мәніндегі демократиялық парламенттердің озық үлгісінің бірі болары сөзсіз.
Мәжілістің баспасөз қызметінің хабарлауына қарағанда, алдағы уақытша комитеттердегі талқылауларға, жұмыс топтарының отырыстарына дейін БАҚ өкілдері жіберіліп, тіпті салыстырмалы кестелермен де танысуға рұқсат берілетін болады.
Алдағы жоспарлар туралы сұраған жоғарыда айтылған тілшінің сұрағына спикер: «Алдағы жоспар дегеніміз барынша қарапайым деуге болады. Ол – депутат корпусындағы барлық әріптестерімізбен бірге Мемлекет басшысы алдымызға қойған міндеттерді тиімділікпен орындау үшін барлық күшімізді салып жұмыс істеу. Ол үшін Президенттің Парламент сессиясының жұмысын ашқанында, Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында және басқа сөздерінде заң шығару мәселелеріне қатысты айтылған барлық тапсырмаларын сараптадық. Сараптау барысында не орындалып, не орындалмай жатқанын анықтадық.
Сонымен қатар заң шығару мәселелерін тиімді жүргізуге қолбайлау болып жүрген мәселелер де анықталды. Ол үшін жазғы кезеңді белсенді пайдаланып, сайлаушылармен кездесулер өткіздік, Үкіметтен, жергілікті әкімдерден, саяси партиялардан, ірі ҮЕҰ-дан консультациялар алдық. Осы консультациялардың қорытындысы бойынша бірлескен жұмыстарымыздың басымдықтары айқындалды. Сөйтіп күзгі сессияға біз жіті дайындалып келіп отырмыз, қаралатын заң жобаларының портфелі дайын», деп жауап берген Нұрлан Зайроллаұлы.
Ал алтыншы сессияда қаралатындардың қатарында терроризм мен экстремизмге қарсы әрекеттер жасауды, миграцияны реттеуді, халықтың денсаулығын сақтау мен әлеуметтік-еңбек қатынастарын қарастыруды және т.б. көздейтін заң жобалары бар. Сондай-ақ экология мен көлік мәселелеріне қатысты депутаттардың өз бастамашылдығымен әзірленген заң жобалары да сессияның күн тәртібіне енгізілмек.
Тілшіге берген сұхбатында Нұрлан Нығматулин Франциядағы, Бельгиядағы, Түркия мен Ресейдегі және өзіміздің елдегі түрлі радикалдық діни теріс ағымдардың террористік белсенділігіне өкініш білдіре отырып, оларды құрықтау мақсатымен заңнаманы жаңғырту қажеттігі туып тұрғанын да атап өткен. «Соңғы кездегі оқиғалар терроризм үшін ешқандай шекара жоқ екенін және олардың ұлттар мен діндерге ешқандай қатыссыз жалпы адамзат өркениетіне қатер екенін көрсетті», деді ол. Сондықтан да олардың әрекеттеріне қатаң тыйым салынуы заңды екендігі сөзсіз ғой.
Сөйтіп жаңа сессия бүгін өзінің алғашқы жұмыс күнін бастайды. Іске сәт дейміз.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»