Соңғы кездердегі күнделікті тұтынатын тауарларға деген бағаның шарықтап өсуі көпшілікті алаңдатуда. Депутаттық сауалдарда осы проблемаларды шешудің жолын қарастыру жөніндегі ұсыныстар Үкімет басшысының атына жолданып келеді. Алайда, жағдай түзеле қоймай отыр. Осыған орай кеше Мәжіліс депутаты Петр Дмитриенко баспасөз мәслихатын өткізіп, бағаны ауыздықтау тұрғысындағы пайымымен бөлісті.
Депутат өз сөзінде әкімшіліктік шараларды қолдану арқылы жағдайды түзеуге болады, деген ұстаныммен келіспейтіндігін көлденең тартты. Әкім-қаралар сауда орындарында бағаны өсірмеу туралы шаралар қарастырғанмен, оның нәтижесі көрінбейді. Мәселен, бидай бағасы тоннасына 26-дан 40 мың теңгеге дейін көтеріліп кеткен. Бұл өз кезегінде наубайханалар өнімі бағасына әсер етпей қоймайды. Мәселен, Петропавл нан пісіру комбинатына өз өніміне бағаны 48 теңгеден асырмауды міндеттеу оның 5 фирмалық дүкенін жабуына алып келген. Соның салдарынан аудандарға нан жеткізілу тоқтап қалған.
Мұндай жағдай өзгелерді де алаңдата бастапты. Депутат пайымынша, жағдайдың бұлай қалыптасуына көтерме және бөлшек сауда жасаушылар ықпал етуде. Сондықтан, заңдық тұрғыдан оларға табысты белгілі бір деңгейден асырмауды міндеттейтін норма қарастыру қажет. Бағаны белгілі бір деңгейге дейін көтеруге рұқсат беру арқылы ауылдағы жеке сатушыдан бастап, көтерме және бөлшек сауда жасаушылардың әрқайсысы өзіне тиесілі 25 пайыз үлесіне ие болады, деп санайды депутат. Сонда ауылдағы картоп 40 теңгеден тізбек бойынша 125 теңгеге дейін ғана өсер еді.
Солтүстік Қазақстан облысының ауылдық округтерінде сиыр еті 480 теңге тұрса, көтерме сауда жасаушылар оны жаппай сатып алудың арқасында ет бағасы 3000 теңгеге дейін шарықтап кеткен. Ал өз өнімдерін тиісті бағасына өткізе алмаған, оның үстіне жемшөптің қымбаттағанына байланысты шаруалар мал басын азайтуды жөн көрген. Бұл үдерісті тіпті тоқтату мүмкін болмауда, дейді депутат қынжылып. Етке квота беруді Экономикалық даму және сауда министрлігінен Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру қажет, деп санайтындығымен бөліскен депутат мұндай жағдай ет комбинаттарының өндірісіне кері әсер етіп отырғандығын да жасырмады. Шикізат жетпегендіктен немесе оны 3 есе бағасына сатып алғандықтан, өңдеуші кәсіпорындар әр түрлі қоспаларды пайдаланады. Ондай ет өнімдерін ит те жеуден қашқақтайтын көрінеді. Қоспасы бар сүтті де мысық онша іше қоймайды. Түрік технологиясы бойынша пісірілген күлшенің тез жанатынын оның құрамында мұнай синтезінен дайындалған неміс майының болуымен байланыстыру керек екен.
Бағаның шарықтауына әсер етуші тағы бір фактор – энергетикаға тарифтің өсуі. Осы ретте депутаттар өздері энергетика саласындағы тарифті әлемдік деңгейге біртіндеп жеткізу мақсатында жылына бір рет тарифті көтеруге заңдық тұрғыдан рұқсат бергендігін айта кету керек. Оны Петр Гавриловичтің өзі де мойындап отыр. Энергетика тарифінің 9 пайызға артуы өзге де тауарлардың бағасына әсер етпей қоймады. Сондықтан аталған заңдық құжатқа қайта оралу керек, деп санайды ол. Ет бағасы 1,5-2 мың теңге тұрса, дүкендерде 600-800 теңгеден сатылып жатқан колбаса өнімдерінің бағасы осыншалықты арзан болмауы тиіс. Сондықтан өнім құрамы әр түрлі қоспалармен толтырылып тасталған деуге негіз бар. Елбасының халыққа арнаған биылғы Жолдауында халықтың денсаулығын жақсартып, өмір сүру ұзақтығын қамтамасыз ету міндеті қойылған, алайда, сапасыз, қоспасы көп азық-түлікті тұтынудан, керісінше, денсаулық нашарламаса, жақсармайды.
Қорыта келгенде, депутат аталған проблемаларды сауда және энергетика заңнамаларына өзгерістер енгізу арқылы шешуге болатындығымен бөлісті. Сонымен қатар, ет өндіруге квота бөлу мәселесімен Ауыл шаруашылығы министрлігі айналысуы тиіс. Қалай болған күнде де депутат бұл мәселелердің барлығын Үкімет атқаруы керек, деп есептейтіндігін ескерте кетті.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.